24.06.2021, 9:24
Қараулар: 131
ШОҢАЙ САПАРЫ

ШОҢАЙ САПАРЫ

Аудандық мәслихат хатшысы Лариса Қайырғалиева, аудандық мәслихат депутаты, «Ауыл» партиясының мүшесі Арбек Аманғалиев, Сайқын ауылдық округінің әкімі Нұргүл Омарова және редакция өкілі Шоңай жұртымен жүздесіп, пікір алмасты.

Аудандық мәслихат хатшысы Лариса Тельманқызы «Nur Otan» партиясының бесжылдық бағдарламасы негізінде ауданда атқарылып жатырған істерге тоқталып, былтыр Шоңайға су құбыры тартылып, әр шаңыраққа  жеткізіліп бергендігін айтты.

–Су мұнарасының ашылу салтанатында бірқатар ауылдастарыңыз «Бізге газ келді, міне, су да жетті. Енді байланыс реттелсе, жақсы болар еді» деп өтінішін айтқан еді. Айта кету керек, ол кезде де байланыс бар еді, алайда оның қуаттылығы әлеуметтік желілерден суреттер мен бейнетүсірілімдерді жүктеуге әлі жетпейтін. Енді сымсыз байланысты күшейте түсетін құрылғылар орнатылмақшы деген сүйінші хабарды жеткізгелі келдік, – деді мәслихат хатшысы.

  • Роутер деп аталатын бұл құрылғы арқылы сіздер қолдарыңыздағы ұялы телефон не планшет, ноутбуктің көмегімен ғаламтор кеңістігін еркін аралай аласыз десем қателеспейміз. Әр ай сайын сізге 150 Гбайт трафик қарастырылған. Сонымен қатар қосымша 15 Гбайт трафигі бар «Актив» байланысының нөмірі беріледі. Сізден сұралатыны ай сайынғы төлемді үзбей төлеп тұру әрі келісімшарт талаптарын орындау. Бүгін сұраныс түсірген 14 үйге бұл құрылғы орнатылмақ, – деді Арбек Аманғалиев.

Округ әкімі Нұргүл Омарова аудандағы санитарлық-эпидемиологиялық ахуалға тоқталып, аурудың өршіп тұрғандығын жеткізді. Сонымен қатар оны ауыздықтау үшін екпе алуға кеңес берді.

–Ауылдың жайына келер болсақ, алдағы айда елді мекендегі қордаланған күл-қоқысты шығару және қоқыс полигонын реттеу мәселелеріне қаржы қаралды. Алайда, әркімнің өз ауласынан шыққан қалдықтарды жинап, тиісті орынға жеткізу тұрғындардың міндеті екенін естеріңе саламыз. Оған қаралған әкімшілік жауапкершілік барын ұмытпаңыздар,– деді ауыл әкімі.

Жүздесу барысында ауыл тұрғыны Мұса Ералиев:

–Биыл шөп бітік шықты. Алайда ол жол үсті мен жол жиегінде өссе, қыста қар ұстайды. Сол себептен осы кезден жолды шөптен тазарту керек. Бұл жайды да ескерсеңіздер, – деді.

Ауыл әкімі  жолды түзеу, яғни қыру жұмыстарын «Орда» коммуналдық шаруашылығы жүзеге асыратынын айтып, бұл өтініштің тиісті органдарға жеткізілетінін уәде етті.

Осы жиын барысында мерзімдік басылымдарға жазылу жайы да айтылып, оқырмандар ниеттерін білдіріп, жазылуға уәделерін берді.

Сапар барысында Шоңай ауылының тұрғыны, еңбек, тыл ардагері Қатима Төлееваның шаңырағына бас сұғып, қарияның көңілін аулап, оны 85 жасымен құттықтадық. Көмекке зәру әжей тұрғын үйіне газ өткізіп беруді өтінді. Ауыл әкімі Нұргүл Омарова құжаттарды рәсімдеуге, ал ауыл азаматы Рауан Қажығалиев қолдан келгенше жәрдемдесетінін жеткізді.

Сонымен қатар аудандық мәслихат хатшысы Лариса Қайырғалиева қоғамдық қабылдау өткізді.

Раушан ЖАНАТҚЫЗЫ