8.07.2021, 15:03
Қараулар: 73
БІРІНШІ КЕЗЕҢ БЕЛСЕНДІ ӨТТІ

БІРІНШІ КЕЗЕҢ БЕЛСЕНДІ ӨТТІ

Қазақстанда жалпыұлттық халық санағы 2009 жылы 25 ақпан мен 6 наурыз аралығында өткен еді. Араға 10 жыл салып, 2019 жыл қайта санақ жүргізілу керек болатын. Алайда пандемияға байланысты санақ жүргізу процесі әуелі 2020, кейін 2021 жылға ауыстырылды.

Ұлттық санақ жүргізудің алғашқы кезеңі биыл 1 маусым мен 30 маусым аралығында өткізілді. Бұл маңызды науқанға екі нұсқаушы және үш интервьюрер тартылып, барлығы 22 елдімекенді аралап, қажетті мәліметтерді жинады.

Ұлттық санақ жүргізудің екінші кезеңі 1 қыркүйек пен 30 қазан айында басталмақ. Бұл кезеңнің ерекшелігі санақ басталған күннен қазанның 15-іне дейін «Sanaq.Gov.Kz» сайты арқылы тұрғындар өздері тіркеліп, сауалдарға онлайн жауап бере алады. Ал, бірінші қазаннан бастап айдың соңына дейін бекітілген 18 санақшы онлайн санақтан өтпегендерді тіркеп, мәлімет жинауды жүзеге асырады.

–Тұрғындар тарапынан ұлттық халық санағы не үшін қажет деген сұрақтың туындайтыны анық. Халық санағы – статистикалық мәліметтерге сүйене отырып, елдегі халық санын өскенін, этникалық құрамын дәл білу арқылы, халықтың тұрмысы мен әл-ауқатын зерттеу үшін, бұрынғы есептермен салыстыра отырып, алдағы кезеңдерге талдау жасауға мүмкіндік бермек, – дейді аудандық статистика басқармасының басшысы Тілеген Кадимов.

Тағы бір айта кетерлігі, санақ жүргізу барысында тұрғындар тарапынан қандай ма бір түсінбеушіліктер орын алмаса да, санақтың басы-қасында жүрген мамандар жолдың ұзақтығы өз алдына, көлік мәселесі біраз қиындықтар тудырғанын жасырмады.

Арайлым МАРАТҚЫЗЫ