16.04.2021, 10:39
Қараулар: 148
«КЕҢЕС ЗАМАНЫНАН ҚАЛҒАН ЖЕЛІМЕН ЛЕКЕРЛЕП ОТЫРМЫЗ»

«КЕҢЕС ЗАМАНЫНАН ҚАЛҒАН ЖЕЛІМЕН ЛЕКЕРЛЕП ОТЫРМЫЗ»

Бір ауыл тұрғындары тиісті шебер жоқтығын айтып жатса, енді біреулері ауылдарында бір-екі күн, тіпті аптаға жуық жарықсыз отырғандарын айтып жатады. Ал мәселенің себебі неде? Электр энергиясымен жабдықтайтын мекеме жұмысының осалдығы ма, әлде басқалай себеп бар ма? «Елу жылда ел жаңа» десек те, жаңармай отырған электр желісінің мәселесі тек ауданда емес, облыс бойынша ушығып тұрғаны белгілі. Жарық жайы бүгінде Жайық елінің жырына айналды. «Облыстың энергетика саласын қалай сауықтырамыз?» деп облыс әкімі Ғ.Есқалиевтің қатысуымен жиналыста өтті. Сол жиында  «Батыс Қазақстан электр желілерін тарату» компаниясының басшысы Алхат Абзалилов желілерді жаңартуға облыстың да қаржысы жетпейді деп қалды. Сөзбе сөз айтсақ,  облыстың электр желісін жаңғыртуға 18 млрд теңге керек екен, жұмыс 2021-25 жылдарға жоспарланды.

– Желілерді жаңарту жұмыстарында аудандар басты назарда болады. Ең алдымен кернеуі 0,4–10 кВттық электр желілерін, кешенді трансформатор подстансаларын, арнаулы техника паркін жаңалаймыз. Кезінде электр бағандарының арақашықтығы 80-100 метр болып белгіленген екен. Ол уақытта қатты аяздың арқасында сымға мұз қату деңгейі төмен болғанға ұқсайды. Қазір климат өзгерді, қыста жылы күндер көбейгесін мұз қатып, сымдар жиі үзіле береді. Оны болдырмау үшін бағандардың арасын 50 метрге дейін қысқарту қажет, – деді А.Абзалилов.

Сол жиында Ресейден алынатын қуатқа тәуелділікті жою үшін Казталов – Жәнібек — Сайқын жоғары кернеулі электр желісінің құрылысын жүргізу жоспарланды деп айтылды.

Осы мәселе бойынша «Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясы» АҚ-ның Бөкейорда торабының басшысы Самат Оңаевқа жолықтық.

  • Әрине, қойып отырған сұрағыңыздың орынды. Дегенмен мекеме жұмысының кемшіндігі немесе қызметкерлерінің ісі осалдығынан деп айта алмаймын. Біздің қатарымыз күнде жаңара бермеді. Аудан көлемінде атқарылып жатырған істің көбі уақытпен сыналған қызметкерлердің арқасы десем болады. Қазіргі кезде аудан бойынша 53 қызметкер еңбек етуде. Төрт монтер лауазымына вакансия жарияланған. Тіпті жұмыспен қамту орталығына сұраныс жібердік. Ешкім келгісі келмейді. Кадр жетіспеушілігі бірқатар  мәселенің себепшісі десем болады. Әсіресе маман жетіспеушілігі Т.Масин және Бисен ауылдық округтерінде туындап отыр, – дейді Самат Оңаев.

– Аудан бойынша жұмыс және табыс көзін іздейтін азаматымыздың саны баршылық, дегенмен сіз қызметкер жетіспейді дейсіз. Сол азаматтарға неге сіздің мекемеге жұмысқа кіріспеске? Қайта даярлау курстарынан өтіп, сізге жұмысқа кіріссе бола ма? Әлде  талап жоғары ма?

  • Бұл да тәжірибемізде болды. Аудандық жұмыспен қамту орталығына сұраныс беріп, монтер мамандығы бойынша ауыл азаматтарын қысқа курстарға жіберіп оқыттық. Жұмысқа қабылданғаннан өзінің табандылығымен, еңбекқорлығымен көзге түсіп, тұрақтап қалғандар бар. Бір айға емес, он шақты күн жұмыс жасап, «менің қолым емес екен» деп қоштасып кеткендер де баршылық. Қазірде сұраныс беріп отырмыз, бірақ ынта білдіріп отырғандар жоқ. Жалақы мардымсыз, жүріс-тұрысы көп деседі. Монтер болу үшін де міндетті түрде арнайы білім қажет. Дегенмен қабілеті бар азаматтарды монтер қызметіне қабылдауға болады. Бірақ бұл жерде білімнен бұрын жауапкершілік пен табандылық талап басты орынға шығып тұр ғой. Біздің қызметте қыс, жаз, таң, түн, сенбі, жексенбі деген жоқ. Шақыру түсті ме? Міндетті түрде ол мәселе жедел шешілу керек. Рас, жалақы мардымсыз. Ағымдағы жылдың 1қаңтарынан бастап монтердың жалақысы 58 000 теңгені құрайтын болды. Бұл таза қолға тиетін ақша. Ал биылға дейін 53000 теңге алып келді. Электрик жұмысына құлшыныстың жоқтығы осы жалақының төмендігінен деп ойлаймын.

Қызметкерлердің жетіспеушілігі түсінікті. Мысалыға Тайғара елді мекенінің тұрғындары апталап электр қуат болмайтындығын айтып, шағымданып жатады. Бұл да қызметкерлердің жетіспеушілігі ме ?

  • Жоқ. Түсінікті болу үшін таратып айтайын. Аудан бойынша 1255 шакырым әуе желісі (ӘЖ) бар. Біздің ауданда ӘЖ кернеуіне қарай үшке бөлінеді. Ол 0,4, 10 және 35 кВ көрсеткіштері болып табылады. Аталмыш 0.4 кВ ауыл ішіне арналған болса, 10 кВ ауыл ортасына арналған әуе желісі. Ал 35 кВ ӘЖ Ресейден келетін электр көзі. Енді осы әр ӘЖ ұзындығын айтып кетсем, 35кВ- ӘЖ көрсеткіші 255,3 шақырым, 10кВ ӘЖ көрсеткіші 836,56 шақырым және 0,4кВ ернеуі бар ӘЖ ұзындығы 163.55 шақырымды құрайды. Сонымен қатар Сайқын, Орда, Бисен ауылдық округтеріндегі 10кВ және 0,4 кВ ӘЖ-нің темірбетон приставкалары бар ағаш бағаналар 1976 жылы Кеңес одағы кезінде орнатылған. Қазіргі кезде сол бағаналардың   амортизациялық тозығы жетіп тұр. Оған қоса, Мұратсай ауылдық округін камтитын 10кВ ӘЖ ұзындығы 128,23 шақырымды кұрайды. Мысалыға бұл оптималдық ұзындықтан 10 есе артық. Сондықтан да бұл әуе желісін күтіп ұстау өте қиынға түседі. Енді Тайғараның мәселесіне тоқтала кетсек, сол маңда орналасқан 10кВ ӘЖ-лері құмды жерлермен жүргізілген. Сондықтан  жаз айларында бағаналар құмның көшуіне байланысты өте көп қисаяды. Әрине түзету жұмыстарын әлсін-әлсін жүргізіліп тұрамыз. Бағаналардың қисаюына құм көші мәселесімен қатар қатты жел және қараусыз малдың  салдары тиеді. Жайылымда жүрген мал бағаналарға сүйкеніп астарын қазып кетіп жатады. Қыстақтарда тұратын қожалық жетекшілерін үйдің қатарынан өтетін бағаналар түбіне күбір және мал терілерін төсеуге шақырамыз. Дегенмен  бұл да нәтиже береді деп айта алмаймын. Ал қисайған бағаналарды түзеу немесе жүздеген шақырымның ортасынан желінің үзілген жерін табу кей кезде ұзақ уақыт алады. Нақты Тайғара елді мекенінде орын алған жағдайда біз бірқатар бағананы ауыстырған болатынбыз. Бір апта жарық болмағаны рас. Дегенмен ол тек күндіз. Кешкісін міндетті түрде қосып отырдық.
  • Техникалық жағдайыңыз қалай? Әкімнің есептік кездесулерінің бірінде монтерлердің бірінің әкесі «арнаулы техникасыз жұмыс жасайды. Баламның қауіпсіздігі, өмірі қымбат» деп наразылық білдіріп еді…

– Иә, әр учаскенің арнаулы техникамен қамтамасыз етілмей отырғаны рас. Ауылдық округтердегі шеберлер шақырту орнына барып, жұмыс жүргізсе, кеткен жанармай шығынын ғана өтеп отырмыз. Біздің кәсіпорынның жұмысы облыс көлемінде қолға алынды ғой. Бір реті  болар. Дәл қазір  мекеме есебінде бір автокран, бір  «ЗИЛ», үш «УАЗ» көлігі тіркелген. Техниканың барлығы ескі. Автокран (ЗИЛ-43412) 1986 жылы шығарылған, самосвал (ЗИЛ-ММЗ-554) 1993 жылғы. «УАЗ»-дарымыз 2001,  2007 жылғы болса, ең жаңа дегені 2014 жылдан бері қызмет етіп келеді. Қайсысы жетісіп тұр деп ойлайсыңыз? Жаңа автотрактор  және арнайы техниканың болмауы жұмыс барысына теріс әсер етеді. Осы орайда жергілікті әкімдікке рақметімді айтқым келеді. Дер кезде керекті техникамен көмектесіп отырады.

– Жуырда облыс басшысы Ғали Есқалиевтің төрағалығымен қала және аудандардағы электр желілерін жаңғырту бағдарламасының 2021-2025 жылдарға арналған жоба талқыланған екен. Сол жиында Казталов- Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарына жаңа желі тарту мәселесі талқыланған болатын. Жиынға тақырып болған мәселелер оң шешім тапса ауданымызға пайдасы қаншалықты?

  • Біріншіден, акционерлік қоғамды коммуналдық меншікке беретін болса, біз секілді филиалдарға өте тиімді болар еді. Қызметкерлердің жалақысы өсіп, техникамызды жаңартып, қажетті техника алуға болады. Аудан көлеміндегі уақыты келген бағаналар ауыстырылар еді. Бюджетке де тиімді болады. Қазіргі кезде аталмыш аудандар Ресей елінен қымбат бағамен электр энергиясын алып отыр. Ал жоба іске асатын болса көршілес елге деген тәуелдіктен құтылатын едік.

– Қаншалықты  қымбатқа түсіп отыр? Өзімізден келген электр энергия бағасының арзандығын қарапайым халық сезіне алады ма?

  • Бұл сұрағыңыз жауап беру менің құзыретіме енбейді. Дегенмен аудан тұрғындары баға айырмашылығын сезінбейтінін анық білемін. Өйткені, қазіргі кезде Ресейден жеткізіліп отырған электр энергиясын аудан тұрғындары төмен бағамен қолдануда. Айырмашлықты үкімет төлеуде.
  • Бастысы, сең қозғалды. Қайырын күтеміз. Уақыт бөлгеніңізге рақмет.

Сұқбат құрған Еркебұлан БИСЕНҒАЛИЕВ

БӨКЕЙ ОРДАСЫ АУДАНЫ