15.01.2021, 18:11
Қараулар: 291
ШАЛЫС БАСҚАНДАРҒА ШАРТ ҚАНДАЙ?

ШАЛЫС БАСҚАНДАРҒА ШАРТ ҚАНДАЙ?

Елімізде өткен жылдың  сегіз айында 50 953 адам қылмыс жасаған екен. Соның  40,6% -ы бұрын сотталған азаматтар болса, 12,6%-ы әйел адам, 2,3%-ы кәмелетке толмағандар болып танылған. Ал осы  қылмыс жасағандардың  82,6%-ы  жұмыссыздар санатынан екен.

Десе де, қылмысқа барған 82,6%-ы жұмысы жоқтықтан,  аш құрсақ боп, ас-суын ұрлап не тартып жеймін деп темір тордың артынан бір-ақ шығып жатпағаны белгілі.

Сүрініп кетіп, бойларын тіктей алмай жүргендер қаншама?! Темір тордың ар жағынан келгендердің жағдайы қалай? Бірнеше жыл отырып шыққанынан сабақ алды ма, нендей кедергілерге тап толады? Осы сауалдарға жауап іздеп көрдік. Отырып келгендердің ортаға бой үйретіп, қалыпты өмірге «орнығып» кетуі үшін қандай шаралар жүзеге асады?

«ТҮРМЕНІ ЕКІНШІ ҮЙІНДЕЙ КӨРЕТІНДЕР БАР…»

Бұл сауалымызға Бөкей ордасы ауданы пробация қызметінің инспекторы Ильдар Шарафутдинов жауап берді.

– Қазіргі уақытты аудан бойынша пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтардың саны қанша?

– Жыл басында аудандық пробация қызметінің есебінде 60 адам тіркелген болатын. Ал дәл қазіргі уақытта есепте 34 азаматымыз тіркеліп отыр. Енді есептегі азаматымыздың 17-сі кезінде бас бостандығынан айырылып, қазіргі кезде жазалары шартты жазаға ауыстырылғандар мен бірден сот залынан «бас бостандығы шектелсін» деген үкіммен шыққан азаматтарымыз бар. Есепте тұрған ауылдастарымыздың «жеке бас тарихын» парақтап қарастырсақ, есепте тұрған азаматтарымыз мас күйде көлік жүргізген, браконьерлікпен пайда табуға талпынғандар мен  басқа да жеңіл қылмыс түрімен сотталған азаматтар.

–Нақты пробация қызметі тарабынан есепте тұрған азаматтардың қай тобына көмек көрсетіледі және қандай көмек түрі ұсынылады?

– Әрине, пробация есебіне бас бостандығынан айырылып, қазіргі кезде бас бостандығы шектелген азаматтар тіркеледі. Азаматтардың осы санатының қалыпты өмірге оралуына, дұрыс әрекет етіп, түзу жүруіне қолдау көрсетеміз. Ал көмек түріне тоқтала кетсек, әр сотталушының  бас бостандығынан айыру орнынан құжаттары келген соң арнайы бағдарлама құрылады. Нақты айтқанда құжаттарына қарап қандай көмек қажет керек екенін анықтаймыз. Мысалға біреуіне міндетті түрде медициналық көмек керек болса, біреуіне психологиялық көмек қажет болуы мүмкін. Оған қоса осы санаттағы азаматтарға міндетті түрде қаржылай әлеуметтік көмек көрсетіледі. Қаржылай көмек сомасы 10 АЕК көлемінде. Дегенмен ол тек бір рет көрсетілетін көмек. Ал бас бостандығынан айырылып келген немесе бас бостандығы шектелсін деген үкім қабылданған азаматтарға міндетті түрде жұмыс орыны ұсынылады. Жоғарыда айтылып кеткен көмек түрлері аудандық аурухана және жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп көрсетіледі.

Қазіргі кезде есепте тұрған 17 азаматымыздың бәрі де жұмыспен қамтамасыз етілген.  Әрине, бірден бәріне жақсы жұмыс орнын ұсына алмаймыз. Ауданымыздың  жағдайы өзіңізге  де белгілі.  Дегенмен, бірі шаруа қожалыққа көмекші ретінде жұмысқа тұрса, біреуі жылу жүйесін қадағалайтын оператор ретінде  жұмыстануда. Әйтеуір, қайтадан қылмыс жолына түспей, өз нанын адал тауып жегенге не жетсін?- дейді пробация инспекторы.

–Аталмыш көмек түрлері қай уақытқа дейін көрсетіледі?

– Жоғарыда көрсетілген көмек түрлері біздің жүйеде есепте тұрған уақытында беріледі. Әрине, уақытында келіп, қажетті құжаттарға қол қойып, қылмыстық жолға қайта түспесе біз ол азаматты «бас бостандығы шектелсін» деген «жазасын шартты түрде мерзімінен бұрын босатылсын деген үкіммен алмастырсын» деген аудандық сотқа ұсыныс тастаймыз. Сот оң шешім қабылдаса, көмегіміз сол күннен бастап, тоқтатылады. Дегенмен әр азамат жұмыс жасап жатырған орнымен келісіп, жұмысын жалғастыра берсе болады. Ал сот ұсынысымызды қолдамаса, ол азамат мерзімі біткенше біздің бақылауымызда болады, оны жұмыс орнымен қамтамасыз ету біздің міндетіміз боп қала бермек.

– «Қылмыстық жолға қайта түспей» деп қалдыңыз. Мерзімінен бұрын босап шыққан ауылдастарымыз бостандықтың қадірін білмей, кері кетіп жататыны да бар ғой.

– Иә, ол кейбіреулер үшін үйреншікті жағдайға айналған. Тек өткен жылдың өзінде  бас бостандығы шектелген алты азаматымыздың жазасы қатаңдатылып, бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Өкінішке қарай осы азаматтарымыз түрме құдды бір екінші үйіндей еш қынжылыссыз кетті. Соның төртеуі қылмыс әрекеттерін қайталаса, қалған екеуі пробация қызметінің ережелерін орындамай, уақытында белгіленуге келмей немесе басқа да пробация қызметінің ережелерін бұзған үшін бас бостандығынан айыру орындарына жіберілді,- дейді пробация инспекторы, әділет лейтенант Ильдар Шарафутдинов.

Пробация инспекторы ұсынған ақпаратта бас бостандығынан айырылып немесе шектеу үкімі қабылданған азаматтарымыздың жасы 20-28 жас аралығында екен. Күннен күнге заң бұзушылар ортасы жасарып бара жатырғанын әділет лейтенанты өзі де мойындап отыр.

«ОЙЛАМАЙ ЖАСАҒАН ҚАДАМ ОПЫНДЫРАТЫН ҰМЫТПАЙЫҚ»

Шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған немесе жазасын өтеген азаматтарымыз қайда барады? Сотталғандардың қандай жұмысқа кірісуге құқығы бар? Осы сауалдарымызбен аудандық сот төрайымы Гүлжихан Сағитоваға жүгіндік.

–Сотталған азаматтардың жолы даңғыл еместігі анық қой. Сүрініп кеткен азаматтардың қайта бой тіктеп, өздерінің жаны қалаған ісімен айналыса алмайтыны бар ғой…

– Істі болған азаматтарымыздың бірқатар шектеулерге тап болатыны рас. Бірден барлық шектеуді айтып бере алмаспын. Дегенмен жиі кездесетін кедергінің біреуі  мемелекеттік қызметкер боп жұмысқа орналасу болып табылады. Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызметі туралы» заңнамасының 16-бабына жүгінсеңіз болады. Мысалыға, сотталған азаматқа, соның ішінде ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін бұрын сотталған немесе қылмыс жасағаны үшін мемлекеттік қызметке қабылдаудан бас тартуға негіз болып табылады.

– Сотталған азаматтар  қандай жұмыс орындарына еш кедергісіз орналаса алады?

  • Істі болған азаматтың вакансия талабына сәйкес дипломы болса да, белгілі бір лауазымды иеленуде жаңағы шектеуіңіз алдыңыздан шығуы мүмкін. Мысалы, бұрын бухгалтер боп қызмет жасап, қаржы жетіспеушілігінен ісіңіз сотқа жетіп, үкім шықса, қайтадан сол бухгалтерлік қызметке орала алмайсыз. Ал басқалай қатардағы қарапайым қызметке, мерзімдік жұмыстарға орналасуда еш кедергі болмауы керек.
  •  «Сотталған» деген анықтама тек сотталушының ғана жеке басының кедергісі емес, ұл-қызына да кесірі тиетін анықтама ғой…
  •  Бұл жерде сізбен келісуге тура келеді. «Сотталған» деген сөз өмір бойына қалатын таңба. Жалпы жазаңызды қанша өтесеңіз де сіздің немесе балаларыңыздың өміріне әсерін тигізеді. Бұл жерде де мемлекеттік қызмет туралы  мәселе емес. Ұл-қызыңыздың күректей дипломы бола тұрса да, сіздің сотты болғаныңыз бауыр етіңіздің көңілі қалаған мемлекеттік қызметіне кіруіне тосқауыл болады. Бір ғана қателігінің кесірінен талай есік тарс жабылып, маңдайыңды тасқа соғып жатасың. Ойламай жасалған қадамның тек сені ғана емес, үлкен арман құрған ұрпағыңды да опындыратынын ұмытпайық.Осы орайда қате қадам жасап, істі болған, кейін үйірін қайта тауып, нанын адал тауып жүрген азаматтарымызға қарап, «осы шектеу обал жасады-ау» деп ойлап қаласың. Бірақ заң талабы солай,- дейді Гүлжихан Сағитова.

Еркебұлан БИСЕНҒАЛИЕВ