22.09.2015, 16:52
Қараулар: 469
Мақсат – ұлттық мүддені қорғау

Мақсат – ұлттық мүддені қорғау

Мемлекет басшысы ұсынған 5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша белгіленген 100 нақты қадамның мәні де, маңызы да айрықша. Онда елдің алдында 5 ауқымды мақсат: орташа таптың үлесін арттыру, бірыңғай ішкі нарықты дамыту, жемқорлықпен күрес, жаңа жұмыс орындарын құру және бірлікті нығайту міндеті қойылған және оны жүзеге асырудың негізгі тетіктері көрсетілген.

Елбасы: «100 қадам – бұл біздің жаһандық және ішкі сын-қатерлерге, сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда 30 дамыған мемлекеттің қатарына ену жөніндегі жоспарымыз. Реформаларды жүзеге асыру – алда тұрған 10-15 жылға бірінші кезекті жалпыұлттық міндет. Мен реформалар жоспарын Ұлт жоспары деп атадым, өйткені реформалар Қазақстанның әрбір азаматының тікелей қатысуын талап етеді. Реформалар – тек мемлекеттік машинаның ғана емес, халықтың ісі. Олардың мәні – ұлтты жаңғыртуда. Ұлттың сапасы, халық рухының күші, уақыт сын-қатерлерін қабылдай білу және тек қана алға басу бұрын да мемлекет табысының айқындаушы факторы болған және бола береді. Мен реформаларды жүзеге асырудың қатаң бірізді болуын қалаймын», – деді.

Ұлт жоспары тек облыс, аудан орталықтарында ғана емес, шалғайдағы ауылдар мен елді мекендердегі тұрғындарға кеңінен түсіндіріліп, ауылдағы болып жатқан жақсы өзгерістер мысалға келтірілуде. Сайқын ауылдық округі тұрғындарының Елбасына деген сенімділігі мен қолдауы ағымдағы жылдың 26 сәуірінде өткен кезектен тыс Президент сайлауы кезіндегі дауыс беруінен де айқын көрінді. Халық Ұлт Көшбасшысының қандай жоспарлар мен тапсырмалар берсе де, ол тек Қазақстан халқының әл-ауқаты мен әлеуметтік-экономикалық жағдайын өрістетуге бағытталатынына сенеді.

Ағымдағы жылдың тоғыз айында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда округ тұрғындары саны 4896 адамнан 4955 адамға, отбасы саны 1497-ден 1509-ға өсті. Экономикалық тұрғыдан белсенділері — 3200. Жұмыссыздар есебіндегі 127 адамның 60-ы ай сайын әр түрлі ақылы қоғамдық жұмысқа тартылуда. 116 отбасындағы 239 балаға балалар жәрдемақысы төленсе, 45 отбасындағы 197 адамға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек (МАӘК) тағайындалған. Сонымен қатар, жастар практикасы арқылы 9 маман мекемелерден машықтанудан өтуде. 2 жас маман тұрақты жұмысқа орналасты. Әлеуметтік жағдайы төмен 4 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді.

Ауыл тұрғындары әл-ауқатының артуы жеке тұрғын үйлер құрылысының қарқын алуынан да байқалады. Биылдың өзінде 1294,2 шаршы метр тұрғын үй қатарға қосылды. Сондай-ақ, тұрғындар меншігіндегі мал саны да өсуде. 2014 жылдың осы уақытында ірі қара 4623 бас болса, күні бүгін 5248 басқа, ұсақ жандық 19957-ден 21581-ге жетті. Қылқұйрықтылар – 367. Тағы бір жаңалық, құс өсірушілер қатары жыл санап артып келеді.

Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының сындарлы саясатының астарына үңіле қарай­тын болсақ, көп нәрсеге көз жеткіземіз. Ол тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап мемлекеттің негізін құрайтын адами капиталдың дамуын, халықтың әл-ауқатын, жағдайын жақсартуды басты мақсат етіп қойды. Жәрдемақы, шәкіртақы, зейнетақы, басқа да әлеуметтік көмектер көлемінің өсуі, аналық капиталды құру перспективасы, жас отбасыларға арналған бағдарламалар, тағы басқалар осы негізгі мақсаттың жүзеге асырылуына ықпал етуде.

«100 нақты қадам» – Елбасының ел тәуелсіздігін одан әрі нығайта түсу және де Мәңгілік Ел болу жолындағы ілгері жылжудың нақтылы 100 тапсырмасы. Әр қадамы – еліміздің бет-бейнесі, төлқұжаты, халықтың арман-аңсары. Сондықтан Елбасы белгілеп берген Ұлт жоспарын орындау – әрқайсымыздың абыройлы міндетіміз. Тәуелсіз еліміздің бейбітшілікпен атқан әрбір таңында бірлігіміз жарасып, еселі еңбек етсек қана егеменді еліміздің тұғыры берік болары хақ.

Бисенбек НАСИМОЛЛИН,

 Сайқын ауылдық округінің әкімі.

100 нақты қадам

Басқа да мақалалар