9.02.2016, 10:50
Қараулар: 295
Ауыл абаттанса, халық қанаттанады

Ауыл абаттанса, халық қанаттанады

2 ақпан күні аудандық Мәдениет үйінде аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов 2015 жылғы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алда тұрған міндеттер жайында жұртшылық алдында есеп берді.

Аудан әкімінің есеп беру жиналысына облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар, облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов, облыс әкімі аппаратының басшысы Марат Тоғжанов және облыстық деңгейдегі бірқатар сала басшылары мен аудан әкімі аппаратының жауапты қызметкерлері, ауыл әкімдері, мәслихат депутаттары, мекеме басшылары мен қоғамдық ұйым жетекшілері, ауыл тұрғындары, еңбек ардагерлері, ауылшаруашылық тауарын өндірушілер, облыстық, аудандық БАҚ өкілдері қатысты.

Елбасымыздың сындарлы саясатын жүзеге асыруда Бөкей Ордасында атқарылып жатқан істерді тілге тиек еткен Нұрлан Сағынтайұлының баяндамасында келтірілген деректер бейнекөрсетілімдер арқылы да назарға ұсынылып отырылды. Әр сала, әр бағдарлама жеке-жеке сөз болып, жетістіктер мен кемшіліктер сараланды.

Қазақстан Республикасы Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» Жолдауы мен «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастар жол» мақаласын сөз еткен әкім оларды бұқара арасында түсіндіру, жұртшылықты игі іске жұмылдыру бағытындағы шараларды жүргізуде «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының 11 бастауыш ұйымы мен мың жарымдай мүшесінің белсенділік танытып отырғанын атап көрсетті. Есепті мерзім ішінде партия қатары 181 адамға өсіпті. Саяси кеңестің 4 рет бюро отырысы, 2 рет партконференциясы оздырылған. Партия филиалы ұйымдастырған қоғамдық қабылдауларға 61 тұрғын келіп, 30-ының қойған мәселесі оң шешімін тапқан.

Сондай-ақ, қаржы саясатын, ауыл шаруашылығын, шағын кәсіпкерлікті, құрылыс және коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын дамыту, білім беру, еңбек нарығы және әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт, қоғамдық қауіпсіздік саласындағы жайлар әкімнің есептік баяндамасында жан-жақты қамтылды.