6.09.2016, 11:49
Қараулар: 343
Сәлемдесу − сүннет

Сәлемдесу − сүннет

Сәлем беру – сүннет, ал, оған жауап қайтаруды Алла Тағала Құранда: «Қашан сендерге бір амандасу мен сәлем берілсе, онда сәлемді одан да көркемірек етіп, не соның өзіндей етіп қайтарыңдар. Расында Аллаһ барлық нәрсені есепке алушы» деген. Сүйікті пайғамбарымыз «Сендер иман келтірмейінше, жұмаққа кірмейсіңдер және бір-бірлеріңді жақсы көрмейінше, имандарың толық болмайды. Бір-бірлеріңді жақсы көру үшін не істеу керектігін айтайын ба?» деп, кейін «Өз араларыңда сәлемді жайып тарқатыңдар»,- деді. Және де «Адамдардың ең сараңы сәлем беруде сараңдық танытқаны». Тағы бір хадисінде: «Бірде Аллаһтың елшісі мәжілісте отырғанда, бір кісі қасынан өтіп бара жатып, «Ассалаумағалейкум» дегенде, Пайғамбарымыз «Он сауап» деді. Одан кейін басқа бір кісі өтіп бара жатып «Ассалаумағалейкум уа рахматуллаһ» деп айтқанда, Пайғамбарымыз «Жиырма сауап» деді. Кейін тағы бір кісі өте бере «Ассалаумағалейкум уа рахматуллаһи уа бәракатуһу» деп айтқанда, Пайғамбар «Отыз сауап» деді. Ал, мына бір хадисінде «Екі мұсылман кездесіп, қол алысса, екеуі ажырағанша күнәлары кешіріледі»,- дейді. Сүннет бойынша кіріп келген адам сәлемін бірінші бастайды және көліктегі адам жаяу адамға, жүріп келе жатқаны отырғанға, аз жамағат көп жамағатқа, жасы кішісі үлкенге бірінші болып сәлем береді. Бұған дәлел мына бір хадис: «Көліктегі жаяу жүріп келе жатқан адамға, жасы кіші үлкенге, кіші жамағат үлкен жамағатқа сәлем береді» деген. Жақсылыққа шүкір етіп, алғыс білдіру, қиындыққа сабыр сақтау нағыз мұсылманның сипаты. Пайғамбарымыз алғыс берілгеннің көбеюіне, берекесінің артуына себеп болатындығын айтқан. Әрине, алғыстың үлкені саған жақсылық жасағанға «Аллаһ саған разы болсын» деген тілек. Себебі дүниенің де, ақыреттің де бақыты Аллаһтың разылығында емес пе? Ұлы Алла Құран Кәрімде: «Раббың тек қана өзіне құлдық жасауды, әке-шешеңізге жақсы қарауды бұйырды. Ал, егерде олардың бірі немесе екеуі де қолдарында тұрған кезде қартайса, оларға «түһ» деп те айтпа. Сондай-ақ оларға зекіме және оларға сыпайы сөйле. Мейірімнен құшақ жайып, оларға былай деп дұға жаса: «Уа, Раббым! Олар мені кішкентай күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, оларды да солай мейіріміңе бөлей көр». Әбу һурайрадан, Аллаһ одан разы болсын, риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз былай деген: «Мұсылман адамның басқа мұсылмандарда алты хақысы бар»,- деді. Сонда сахабалар: «Иә, Расуллаһ! Олар не?» деп сұрады. Сонда ол «Егер оны кездестірсең оған сәлем бер. Егер шақырса, бар. Егер сенен насихат-кеңес сұраса, айт. Егер түшкіріп, «Әлхамдулилләһ» деп Аллаһқа мақтау болса, оған «Ярхамукаллаһ» деп Аллаһтың рахымын тіле. Егер ауырса, зиярат ет». Алла Бақар сүресінің 186-аятында: «Менің құлдарым сенен мен туралы сұраса: «Мен оларға өте жақынмын. Менен тілесе жауап беремін. Ендеше олар да менің әмірімді қабыл етсін». Ал, «Маған жалбарыныңдар, мен сендерге жауап беремін. Шын мәнінде маған ғибадат қылуға тәкаппарланатындар қор болған күйде тозаққа кіреді» деген (Ғафыр, 60-аят). Әбу һурайрадан пайғамбарымыз: «Аллаһқа дұға қылып жалбарынған әрбір мұсылманның тілегінде күнәлі немесе туысқандық байланысты үзетін нәрсе болмаса, Аллаһ төмендегі үш түрлі сипаттағы жауаптың бірімен оның сұрағанын қабыл етеді: ол оның тілегін тез арада қабыл етіп, сұрағанын береді немесе ол оның тілегінің сауабын қиямет күніне қалдырады, я болмаса оның тілегіне орай тағдырында жазылған жамандықты алып тастайды». Сонда сахабалар: «Ендеше біз көп дұға қыламыз»,- деді. Бұған пайғамбарымыз: «Ал, Аллаһ одан да көп береді»,- деді. Бұл аяттар мен хадистер дұғаның ұлы артықшылығы мен қасиетін және дұға-тілектің, ғибадаттың ең маңызды әрі абзал түрлерінің бірі екенін көрсетеді. Себебі дұға пендені өзінің Жаратушысы Раббысына жақындастырады. Әрдайым хақ Талағаның рақымына бөленіп, иманымыз кәміл болғанға не жетсін!

Е.МӨКЕШЕВА.