18.06.2018, 12:17
Қараулар: 609
Жас түлек – 2018

Жас түлек – 2018

Өткен жұма күні аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов «Алтын белгі» мен «Үздік аттестат» иегерлерін қабылдады. Сондай-ақ, бұл шараға аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілеген Арыстанбеков, мекеме басшылары, білім беру бөлімінің мамандары және ата-аналар мен ұстаздар қатысты.

Білім бәйгесінде үздік көрсеткішке қол жеткізген «Алтын белгі» иегерлері  Балжан Маратова, Саягүл Аннасова, Жанерке Темірова, Елдана Өтегенова, Гүлзат Сабыр, Әлем Есмұхан, Әйгерім Ахметкереева  мен  «Үздік аттестатқа» қол жеткізген Айжан Мақсотова, Ақбота Нұрқуатқызы, Дина Рабқатова, Айым Мұратова,  Нұрбақыт Камел, Балым Мақсотова, Бақдәулет Төлеген, Аяна Маратқызы өз алтын ұяларының ғана емес, ауданымыздың мақтаныштары. Осынау үздік шәкірттерге  жүрекжарды лебізін арнаған Нұрлан Сағынтайұлы олардың кеудесіне «Алтын белгіні» тағып, ұялы телефон сыйға тартты. «Үздік аттестат» иегерлерін Лариса Тельманқызы марапаттай келе, әркез ақжолтай жаңалықтармен қуанта бергейсіздер деген ниетпен оларға да сый-сияпат ұсынды. Білімпаз ұл-қызды тәрбиелеп өсірген ата-аналарға да алғысхат тапсырылды. Бір айта кетерлігі, түлектердің әрқайсысының  еңсерген жетістіктері аз емес екен.  «Жас экологтар», «Көк тудың желбірегені», «Жарқын болашақ», «Импульс»  сияқты облыстық, республикалық, т.б. жобалардың жүлдегерлері шетінен.

Иә, биылғы оқу жылында аудан бойынша 157 түлек мектептерімен қоштасып, үлкен өмірге жолдама алуда. Біз жоғарыда әңгімелеп отырған бозбала мен бойжеткендер сол алқалы топтың ортасынан  ат оздырғандар. Енді тек  олардың  ұлттық бірыңғай тестіде жоғары балл жинап, қалаған оқу орындарына түсулеріне тілектестік білдірейік,  ағайын!

Арайлым ӘЖІҒАЛИЕВА.