26.06.2018, 12:03
Қараулар: 369
Мұражай – тарих қоймасы

Мұражай – тарих қоймасы

Өлкетанушылардың Орал қаласынан бастау алған «Ақжайықтың қасиетті орындары» атты республикалық форумы өткен жұма күні Хан ордасы ауылында өз мәресіне жетті.

Аталмыш форумды ұйымдастырушылармен бірге шалғай жерге ат терлетіп Қостанай, Павлодар, Ақтау сынды қалалар мен облысымыздың әр ауданынан келген меймандарды ауданның атқамінерлері Хан ордасы ауылдық округінің кіре берісінен қарсылап, ақ ұсынып, бауырсақтан дәм таттырды.

Өңіріміздің тарихи орындарын тамашалап жүрген қонақтар алдымен Жәңгір хан, М-С.Бабажанов, Д.Шығаевтың кесенелерінде болып, рухтарына тағзым етті. Айта кетелік, дәулескер күйші Дәулеткерейдің есімі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Қазақстанның киелі орындарының географиясы» кітабына енген екен. Келген меймандарды «Хан зираты» қорымындағы күні бүгінге дейін сақталған араб тіліндегі көне құлпытастар да қызықтырды. Олардың сөзімен айтқанда, Жайықтың жетінші кереметі – Бөкей ордасы тарихи-мұражай кешеніне барып, оны театрландырылған көрініс кейіпкерлерімен бірге аралады. Яғни, қонақтарымыз тарихи деректерде көрсетілгендей, 1824 жылы сәуір айында Хан ставкасына арнайы келген Дерпт университетінің химия мен фармация ординарлық профессоры Карл Иванович Гебельді қарсылаған «сұлтандардың» жол сілтеуімен сол замандағы хан үйімен танысып, музейіміздің тарихына қанықты.

Осы күні кешеннің Тәуелсіздік музейінде «Рухани жаңғыру» залының тұсауы кесіліп, жиналған көпшілік Елбасымыздың жаңа залмен аттас бағдарламалық мақаласы негізінде атқарылған шараларға куә болды.  Онда аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева музейдің маңыздылығына тоқталып, алыс-жақыннан келген өлкетанушыларға қош келдіңіздер айтса, облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Гүлмира Қауланова облысымыздағы 21 музейдің  үшеуі «Рухани жаңғыру» бағдарламасына арналғанын тілге тиек етіп, оның қатары толығып жатқанына ризашылығын білдірді. Ауыл ақсақалдары Береген Қожағалиев пен Сейсен Байзонов тарихты таныту ісінде өлкетанушылардың алар орны орасан екеніне тоқталды. Одан кейін зейнеткер-ұстаз, ұлағатты әже Рәзия Мақымова мен округ әкімі Медет Сисенов есікке керілген көгілдір лентаны қиып, жиналғандарды ішке бастаса, музей қызметкерлері мұнда қойылған экспозияциялардың әрқайсысы туралы кең түсінік берді.

Ал, «Музейлер туристік нысан ретінде» деген тақырыпта өткен дөңгелек үстелге қатысушылар бес күндік форумнан алған өз әсерлерін ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін де айтты. Келешекте музей қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін көтеру бағытында арнайы курстар ұйымдастыру жайы да қозғалды.

Осылайша, елдің тарихын танытуды, білім көкжиегін кеңейтуді мақсат тұтқан өлкетанушылардың алғашқы республикалық форумы тұңғыштар мекенінде түйінделді.

Раушан БАҚЫТОВА.