27.06.2018, 16:21
Қараулар: 394
Журналиске ұтқырлық пен жеделдік тән

Журналиске ұтқырлық пен жеделдік тән

«Еуразия»  арнасы жаңалықтар бөлімінің арнаулы тілшісі Артур Мағзомовпен сыр-сұхбат.

«Туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың». Ауыл жақты сағынатын боларсыз? Балғын балалығыңыз өткен бал мекеніңіз туралы әңгімелеп берсеңіз?

– Сағыныш деген мен үшін емі жоқ ауру. Менің туған жерім – Бисен ауылы. Отбасындағы төрт баланың үлкенімін. Әжемнің тәрбиесінде болдым. Ауылда 9-сыныпқа дейін оқыдым. 1998 жылдан бері жырақта жүрсем де, Оралдың, Астананың таңы қалай атып, күні қалай бататынын білмеймін, аңғармаймын. Ал, 14 жасыма дейін тұрған Бисендегі күннің қалай шығып, ұясына қалай қонғанын күн сайын көз алдыма елестетіп отырамын. Осыдан-ақ, ауылға деген сағынышты байқауға болатын шығар?! Әлі күнге дейін Бисенге жақындағанда жүрегім лүпілдеп, бойымды қуаныш кернейді…

– Журналист болуды о бастан армандадыңыз ба?

– Бала кезімде армандайтынмын. Бірақ, мектеп бітіретін шақта «журналистикаға түсу қиын» деген соң жүрексіндім. Өйткені, оған түспей қалсам, ақылы оқуға тапсыратын мүмкіндік жоқ ол кезде. Қалай да білім грантына ілігуім қажет. Соңғы үш сыныпты Оралдағы С.Сейфуллин атындағы №11 мектеп-интернатта оқыдым. Тарих пәнінің мұғалімі, марқұм Махамбет Мұхамбетқалиев (ол да бисендік) деген ағайым құжатымды күштеп тұрып «Археология және этнология» мамандығына тапсырды. Осылайша, күтпеген жерден Астанадан бір-ақ шықтым. Себебі, мен тапсырған мамандық Оралда ашылмайтын болып, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне түстім. Жерлес, ақын, журналист, әрі маған туыстығы бар Айбатыр Сейтақ ағам Бөкей ордадан Елордаға келген ауыл баласының жетістігіне қуанып, алғашқы күннен мені журналистикаға тәрбиеледі.

– Сөйтіп, оқу бітіргесін газетке қызметке тұрдыңыз ба?

– Иә, оқуды бітірген соң «Қазақстан теміржолшысы» республикалық басылымында қызмет істедім. Одан әрі Астана әкімдігі жанында болған (Жастар сарайында отыратын) халықаралық орталығына ауысып, баспасөз хабарламаларын (пресс-релиз) аудардым.

– Артур мырза, телеарнадағы еңбек жолыңыз облыстық «Қазақстан – Орал», қазіргі «Aqjaiyq» телеарнасынан басталғанын білеміз. Ең алғаш эфирге шыққан күніңіз есіңізде ме?

– Телевизия саласында өзімді сынап көргім келді. Тәжірибе болмаған соң, республикалық арналарға кіру қиынға соқты. Содан 2007 жылы облыстық «Қазақстан – Орал» телеарнасына орналастым. Менің алдымда Қуаныш деген журналист жұмыстан шығып, соның редакторлығындағы «Менің Оралым», «Топжарған» деген бағдарламаларды маған жүктеді. Ең алғашқы стендапты (сюжеттің ішінде кадрге өзің шығасың) қазіргі Оралдағы «Динамо» спорт кешенінің күрделі жөндеуден кейінгі ашылу салтанатында жасадым. Ринат Садыров деген оператор екеуміз бір сағат жүріп, бірнеше дубльмен қара суықта әзер жазғаным есімде. Ринат қазір Вашингтонда тұрады. Қыста Елбасы сапарымен АҚШ-қа барғанымда үйінде қонақ болып, біраз шер тарқаттық. Ал, эфирге алғаш «Қазақстан – Оралдағы» «Қайырлы таң» бағдарламасын жүргізгенде шықтым. Таңғы бағдарламаны редакциядағы 5-6 адам аптаға бөлініп, кезектесіп жүргізетінбіз. Ең алғашқы эфирдің қонақтары «Назерке» би ансамблінің хореографтары болды. Тікелей эфир емес, сонда да қатты қобалжығаным бар.

– Журналистің бойында ең басты қандай қасиеттер болуы шарт?

– Жалпы, қандай мамандық иесі болсын оның бойында адамгершілік қасиет болуы керек. Атақ та, қызмет те бәрі де уақытша, дүние алма-кезек. Іссапар барысында түрлі адамдармен кездесіп, дәмдес боламын. Сонда кейбір адамдардың отырыста сөз бастауы, өзін-өзі ұстауы, ойын жеткізуі, бұрынғы мен кейінгі дүниелерді байланыстыра сөйлегені маған қатты ұнайды. Осы қасиеттерді өзімнің бойымда қалыптастыруға тырысамын. Негізінен журналиске кез келген мүмкіндікті қалт жібермейтін ұтқырлық, жеделдік тән.

– Облыстық арнада, облыстық басылымда өз қолтаңбаңызды қалдырдыңыз. Елордамыз Астанаға қоныс аударғаныңызға да біраз жыл, бас қала сізге не берді?

– Мен туған өлкеге, Оралға келіп облыстық телеарна мен газетте жұмыс істегеніме қатты қуанамын. Жергілікті ақпарат құралдарында қызмет істеген кезде облыстың барлық ауданын аралап, ірілі-ұсақты елді мекендерінде болып, өңірдің тарихымен, өлкенің ерекшелігімен, қаншама адамдармен танысып, достар таптым. Ол мен үшін үлкен олжа. Қазір Елордада Батыс Қазақстан облысына қатысты бір ақпарат шықса елең етіп, жерлестеріме хабарласып отырамын. Ал, Астана, Алматы секілді үлкен қалада оқыған адамның бәрібір сол жаққа аңсары ауып тұрады. Ол – өз топырағыңды менсінбеу емес, керісінше, бәсекелестік ортада неге өз өлкеңнің атын шығарып, өзіңді мойындатпасқа деген құлшыныстан. Астанаға қайта оралғаннан кейін жаңа тынысым ашылды. Оралдан жинап келген рухани қазынам арқылы алдымен «Хабарға», кейін «Евразия» телеарнасының бағдарламалар бөліміне қызметке тұрдым. Ток-шоуда продюссер болып жүрген жерімнен мені жаңалыққа ауыстырды. Көп кешікпей, Президенттік пулдың құрамына алындым. Елбасының сапарымен неше түрлі мемлекетке бару мен үшін әрі жетістік, әрі жауапкершілік.

– Сіз еңбекқорсыз ба? Жалпы, медиа саласында жетістікке жету үшін алдымен не қажет?

– Өзі-өзіңе баға беру қиын. Еріншектік емес, кейде жалығу байқалады. Ештеңе жазғың келмейтін, оқығың келмейтін сәттер болады. Шығармашылық адамының миы мен жүрегіне тыныштық жоқ қой. Жауапкершілік жүгі тағы ауыр. Бірақ, бойда бөкейлік намыс бар ғой. Жалпы, өмірде жетістікке жету үшін кез келген мүмкіндікті мүлт жібермеу керек. Қандай шешім қабылдасаң да, ешкімнің пікірі қажет емес, өзіңнің ұйғарымыңмен жүрген дұрыс.

– Соңғы оқыған кітабыңыз? Болашақ журналистер немен «қоректенуі» керек?

– Соңғы кезде әдеби кітаптардан «Көшпенділерді», Д.Исабековтің, Ш.Мұртазаның шығармалар жинақтарын қайыра оқып шықтым. Бала кезде оқыған кітапты есейген кезде қайта қараған мүлдем бөлек. Көп нәрсені түсінбегеніңді байқайсың… Соңғы кезде мотивациялық, психологиялық кітаптарды жиі оқи бастадым. Ол өте қажет. Ал, қазір бұрынғыдай көл-көсір мақаланы, ұзақ бағдарламаны ешкім оқымайды, қарамайды да. Қысқа-нұсқа, қарапайым тілде жазылған ақпарат керек. Сосын әдебиетті, поэзияны көп оқып, халық әндерін білгеннің артықтығы жоқ…

– Сізді журналист қана емес, продюссер ретінде де жақсы танимыз. Біздің отандық телеарналарда қандай бағдарламалар жетіспейді?

– Қазір рейтинг деген дүние бар. Телеарналарды бір-бірімен жарыстырып қойды. Кімнің рейтингі жоғары соған көбірек қаржы бөлінеді. Сол беделбағаның көрсеткіші бойынша халықтың басым көбі ойын-сауық, шоу бағдарламаларды қарайды екен. Шын мәнісінде жетіспейтін жоба көп. Мысалы, өзім ауылда өскеннен соң аграрлық хабарларды қарағым келеді. Ресейде «Загородная жизнь» деген арна бар. Жылқыны қалай баптау керек, ешкіні қалай сауу керек, тіпті, құс өсіру мен бау-бақшаны күтуге қатысты да неше түрлі бағдарламалар дайындалады. Анада «Келін» деген сериал жүрді ғой, соның орнына «Абай жолын» түсірсе, ол да сондай 4-5 жылға татитын дүние болар еді. Болашақта Бөкей ордасының тарихын, Жәңгір хан мен Махамбеттің өмірін қамтитын сериалдар сценарийін жазсам ба деймін. Оған тек уақыт керек, әрі біраз ізденген жөн.

– Әріптестеріңіздің біразы журналистикаға кіріспе, шеберлік сағаттарын өткізіп жүр. Артур Мағзомов өз білген-түйгенімен қашан бөліседі?

– Егер адамның дүниетанымы, рухани багажы мол болмаса, бала күннен осы бағытта өзі ізденіп жүрмесе, бір-екі сағаттық әңгімеден жас журналистің қабілеті ашыла қояр ма екен? Әрине, шеберлік сағаты қажет-ақ. Талпыныс береді, бағыт-бағдар сілтейді. Оқыған-тоқығаныңды қалай пайдалануды үйретеді. Бір кездері Астанада сондай шеберлік курстар қаптап кетіп еді, қазір басылды. Өзім үшін шеберлік сағатын  үйрету әлі ерте сияқты.

– Мерекелік лебізіңіз?

– Телеарна, ақпараттық порталдар мен әлеуметтік желі қанша дамып, алға түскенімен газеттің орны бір бөлек. Басылымның бетіндегі әрбір материал, әрбір тақырып, ішіндегі әрбір статистика ертеңгі тарих. Сайттар мен телеарналардың бірі жабылып, бірі ашылып жатыр. Оның мұрағатын жинап жатқан тағы ешкім жоқ. Ал, газет біреудің болмаса, біреудің қолында сақталып қалады. Осыдан он-он бес жыл бұрынғы мақалаларды оқысаңыз, сол кездегі азық-түліктің бағасы, әлеуметтік салаға бөлінген қаржы, бағдарламалардың атауы, бәрі тарих болып қатталып тұр.

Енді бөкейордалық әріптестерімді, «Орда жұлдызы» газетінің ұжымын келе жатқан кәсіби мерекелерімен құттықтаймын! Нағыз шеберлік курсы – «Орда жұлдызы». Бала кезімізден жастанып оқып, журналистикаға деген қызығушылығымызды оятты. Іргелі басылымның редакциясынан шыққан кейбір ұл-қыздар қазір облыстық, республикалық ақпарат құралдарында жемісті еңбек етіп жүр. Ұжымның бірлігі мен ізденісі арқасында бүгін де қара шаңырақтың өзгелердің ортасында айшықты орны бар. Әсіресе, танымдық материалдардың үздіксіз жариялануы кейінгі жас толқын үшін таптырмас құндылық қой. Орданың суы қандай мөлдір болса, құм қойнауындағы көне тарихы да сондай мөп-мөлдір ғой. Тек соны қажетімізге жарата білсек болғаны да.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбатты жүргізген Арайлым ЕСМАҒҰЛОВА.