2.07.2018, 20:29
Қараулар: 462
Жаңа мейрам

Жаңа мейрам

Елбасы Жарлығымен бекітілген жаңа мейрам Ұлттық домбыра күні енді жыл сайын шілденің алғашқы жексенбісінде аталып өтілетін болады.

Аудан орталығындағы күйшілер аллеясындағы шара «Домбырам – асыл мұрам» атты бағдарламамен айшықталды. Оны тамашалауға жас та, жасамыс та көп жиналды. Аудандық кітапхана ұжымы жасақтаған көрмеден келушілер марғасқа күйшілеріміздің өмірдерегімен, ұлттық музыкалық аспаптардың тарихымен танысуға мүмкіндік алды. «Орда гүлдері» би ансамблінің ұл-қыздары өз өнерлерімен көпшілікті тәнті етсе, Диана Жексен мен Айгерім Ақонова орындаған «Қолбасшы», Жоламан Сисенғалиев төгілткен «Қазақ осы» әндерін жұртшылық қосыла шырқады. Дәулеткерейдің «Қосалқа», Қаршыға Ахмедияровтың «Алтын ұя», Секен Тұрысбековтың «Ақ жауын» және өзге де шығармаларды демалыс орталығы өнерпаздары мен саз мектебі шәкірттері киелі аспаптың асқақ үнінде шарықтатты. Сондай-ақ, зейнеткерлер Айжан Хасенова, Сисемәлі Қуаншәлиев, Аққаным Ғаббасова да қос ішектен күй төгілтті.

Арайлым ӘЖІҒАЛИЕВА.