10.07.2018, 10:10
Қараулар: 361
Ауыл жаңалығы

Ауыл жаңалығы

Сайқын ауылдық округінің іргесіндегі Мәмбет елді мекенінде сәрсенбінің кешінде қос бірдей нысан пайдаланылуға беріліп, тұрғындар қуанышқа кенелді.

Алғашқы кезекте ауылдағы саябақ маңында балалардың ойын алаңы ашылды. Аудан әкімінің орынбасары Лариса Тельманқызы айтқандай, Астананың туған күні қарсаңында мәмбеттіктерге, соның ішінде, болашағымызды қалайтын бүлдіршіндерге тарту етілген бұл нысанның берері көп. Расында да,  ақпараттық кеңістік балалардың виртуалды өмірін кеңейтіп, реалды уақыттан алшақтатып барады.  Бұл ойын алаңы оларды бетпе-бет жүздестіріп, өзара қарым-қатынасын нығайтып, бірлігін бекемдей түседі. Тапсырысты орындаушы мердігер Досжан Әбуов («Махан» жеке кәсіпкерлігі) 530 мың теңгеге салынған осы алаңның бүлдіршіндерді  қуанышқа кенелтетініне сенім білдірсе, салтанатта сөз алған ауылдың үлкені, зейнеткер Әмина Жақсығұлова «Енді немерелерімізді ертіп барар орын бар!»-деп, ішкі тебіренісін бір ауыз сөзбен жеткізді. Әмина әжей мен округ ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Қадешев ойын алаңының есігіне керілген лентаны қиып, жиналған жұртшылықты ішке бастады.

Осы шағын ауылда 30 жылдан бері тұрып жатқан ардагер медбике, зейнеткер Баян Құсайынова болса, дәл осы күні ауылдық кітапхананың ашылуын ауыл, аудан атқамінерлерінің мәмбеттіктерге қамқорлығы деп түсінетінін білдіріп, қуанғаннан көзіне жас алды. Өз кезегінде «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілеген Арыстанбеков үлкенді-кішілі тұрғындарды жаңа нысандардың ашылуымен құттықтап, Абай атамыздың «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деген өлеңін қайыра еске алып, жастарды бүгіннен бастап кітап оқуға, білім көкжиегін кеңейтуге үндеді.

Ата дәстүрмен ақжаулықты әжелеріміз ақ ұсынып, шашу шашқан соң көпшілік кітапхана табалдырығын аттады. Жүздері жайнаған жұртшылық бір-бірімен мәре-сәре болысып, кітап қорымен, тақырыптық көрмелермен танысты.

Раушан ЖАНАТҚЫЗЫ.