21.08.2018, 13:02
Қараулар: 554
Құлаққағыс

Құлаққағыс

Германияның әрбір ауласына қоңыр, көк, сары және сұр түсті төрт контейнер қойылып, біріншісіне биологиялық қалдықтар, екіншісіне картон, қағаз, үшіншісіне шүберек, мақта сияқты тез өңделетін қалдықтар, ал, соңғысына алдыңғы үшеуіне де қосылмайтын қалдықтар тасталады екен. Олардың әрқайсысы сұрыпталып, қайсыбірі отынға пайдаланылады. Жиһаз, иіссу құтылары, ескі көлік пен оның бөлшектері арнаулы орындарға тапсырылады. Неміс халқының мұндай жүйеге әбден бейімделгені соншалық, кішкентай балаларының өзі қоршаған ортаның ластанбауын қадағалап өседі. Тек бұл елде ғана емес, Еуропаның дамыған мемлекеттерінің көпшілігінде қоқыстарды қойылған жәшіктерге сұрыптап салу үрдісі әлдеқашан қалыптасқан.

Өкінішке қарай, бізде тұрғындар арасында ондай мәдениет әлі де кемшін. Оған мысалдарды көптеп келтіруге болады. Сайқын ауылынан түсірілген мына суретте А.Оразбаева көшесіндегі қатар тұрған үш қоқыс жәшігінің әлі тола қоймағаны байқалады. Десе де, тұрғындар қоқысты қол созым жердегі жәшікке лақтыруға ерініп, қасына қоя салған. Байқағаныңыздай, пакеттер, қораптар, темекі қалдықтары, бөтелкелер еш сұрыптаусыз лақтырылады. Сонда қоқыс жәшіктері не үшін тұр? Әкелген қоқысты тиісті контейнерлерге лақтыра салудың несі қиын?

Мұндай немқұрайлылық көңіл қынжылтады. Өйткені, қоқыс жәшіктері балалар ойнайтын алаңнан алыс емес. Бұралқы иттер де көп жүреді. Шашылып, жел ұшырып, төңіректі ластайтыны сөзсіз. Кей ата-аналар қоқыс пакеттерін тысқа шыққан балаларына ұстатып жібереді, әлбетте, олардың бойы контейнерге жетпейді әрі ойынға асыққан бала қолдарындағысын кез келген жерге тастап кете барады. Мұның айтылып та, жазылып та, жауыр болған тақырып екені рас. Бірақ, еш нәтиже жоқ. «Айта, айта алтайды, Жамал апай қартайды» деген осындайдан шықса керек.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, көптеген дамыған елдердің тәжірибесінде қоқысты өңдеу нақты жолға қойылған. Алпауыт ел АҚШ осы «қажетсіз дүниелерді» қайта өңдеу есебінен жылына 240 миллиард доллар пайда түсіреді. Жапонияда қоқыстың 90%-ы қайта өңделіп, кәдеге жаратылса, қытайлықтардың  пластикалық қоқыс қалдықтарынан жасаған киімдерді нарыққа шығаратыны баршаға мәлім. Тарих парағында қоқыс мәселесін түбегейлі шешкен тұлға, саясаткер, Сингапурдың тұңғыш премьер-министрі Ли Куан Ю көшеге қоқыс тастау өз алдына, тіпті, түкіруге де тыйым салыпты. Сингапурлықтар жиналған қоқыстың  60%-ын өңдеп, 38%-ын энергия алу үшін өртесе, қалған 2%-ын күл күйінде полигонға жібереді. Балықшылар ауылы орналасқан Семакау атты аралдың тұрғындарын ел билігі Сингапурге көшіріп, бос жерді қоқыс полигонына айналдырады. Бақандай жиырма жылдың ішінде оған 60 млн. текше метр қоқыс тасталып, оның күлі бүгінде тыңайтқыш есебінде кәдеге жаратылуда. Аумағы 350 гектар жерді құрайтын қоқыс полигоны көк шалғынды жасыл аймаққа айналған. Туристер оны «жердегі жұмақ» деп атап кетіпті. Ғалымдардың есептеуінше, аралға 2045 жылға дейін қоқыс төгуге болатын көрінеді.

Нарықтық экономикаға көшкен елдердің біразы қоқысты сұрыптап, өңдеу арқылы да табыс табуға болатынын көрсетіп отыр. Бизнеске бой ұрған біздің жігіттеріміз осыны бір ой елегінен өткізіп, қолға алса, қоқыс мәселесі шешілер ме еді? Бұл туралы ойларыңызды, байқаған келеңсіз көріністерді суретке түсіріп, too-orda@bk.ru электронды поштамызға жіберулеріңізге болады.

Ең құрығанда қоқыс жәшіктерін мақсатты пайдалана білейік.

Арайлым Есмағұлова.