24.10.2019, 15:40
Қараулар: 769
ДҮБІРГЕ БӨЛЕП ДАЛАНЫ…

ДҮБІРГЕ БӨЛЕП ДАЛАНЫ…

 

Өткен демалыста Бисен ауылында дала төсін дүбірге бөлеген, ауыл еңбеккерлерінің мерейін асқақтатқан, бисендік азаматтардың ауызбіршілігі мен іскерлігін көрсеткен мерекелік шара өткізілді.

Мерекелік шара жеке кәсіпкер Ермек Момыновтың демеушілігімен салынып жатырған саябақтан басталды. Саябақ алаңына тал-терек отырғызылды. Оған аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов бастаған бірқатар мекеме басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты.

­­-  «Ауылына қарап, азаматын таны» дейтін қазақпыз ғой. Ауылға көрік беретін, ауылдастарыма саялы орын болатын саябақ жасап беремін деп қайырымды істі қолға алған Ермек Момыновқа айтарымыз алғыс қана. Әрине, бұл саябақты көркейту үшін әлі көптеген жұмыс жасалуы керек.  Бастысы, ниет бар. Еліме болсын дейтін Ермектей азаматтарымыз көп болсын,-деді өз сөзінде аудан әкімі.

Аудан әкімінен бастап, саябаққа келген қонақтар тал егіп, суын құйып, дала қызықтарына бет алды.

Алдымен жиналған қауым ауылшаруашылығы көрмесін тамашалады. Жергілікті шаруа қожалықтар және «Zhas  Project»  жобасының жүлдегерлері үй қоянынан бастап, шетелдік тауық және әтештерін, асыл тұқымды ірі қара мен түйені  көрмеге шығарған. Малмен қоса шаруашылыққа қажетті көлік пен агрегаттары да болды. Трактордан бастап, ауыр жүк тасымалдайтын «КАМАЗ» автокөліктеріне дейін назарға ұсынылды.

Осы мерекеге орай Көктерек, Жетібай, Жиекқұм және Бисен ауылының азаматтары киіз үй құрып, дала қызықтарын тамашалауға келген қонақтарды қонақжайлылықпен  қош алды.

Мерекелік шарада туған жердің төсінде маңдай терін төгіп, еселі еңбек еткен еңбеккерлеріміз марапатталды. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылық басқармасының алғысхатымен аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Талғат Әбдірешов, «Жоламан» шаруа қожалығының жетекшісі Қайырболат Нығметов, «Қуанышалиев» шаруа қожалығының жетекшісі Жұмағали Қуанышалиев және «Адешов Саху» шаруа қожалығының жетекшісі Өтеген Адешов марапатталса, Рахым Меңдіғалиев, Ермұқан Ғабдоллин, Думан Бақтығалиев, Есенболат Қойбақов, Жеткіншек Жұмашев сынды азаматтарымыз облыстық ветеренария басқармасының марапатына ие болды. Тұран Рысқалиев, Еркін Сәрсенғалиев, Ерболат Өтеғалиев, Айтуған Қабибуллин, Дарын Сыдиховтар аудан әкімінің алғысхатын иеленді.

Ауыл  еңбеккерлеріне арналған шараның айшықтысы дала қызықтары, аламан бәйге болды десек артық болмас. Барша көрерменнің назарын баураған  бәйге мен күрес жоғарғы деңгейде ұйымдастырылды.

Ат бәйгесі үш түрлі қашықтықта жарияланды. Аламан бәйге 25 шақырым, топ жарыс 15 шақырымда, тай жарыс алты шақырымда деп белгіленіпті.

Дала төсін дүбірге бөлеген бәйгенің қай қазақтың да делебесін қоздырары анық. Тойшыл қауым қиқулап үн қосып, қызыға тамашалады.

Ат бәйгесінің қорытындысында тай және топ бәйге  категорияларында мәре сызығына саралжындық  Дихан Рамазановтың жүйріктері қара ілестірмей, оза шауып, І орынды иеленді. Ал, аламан бәйгеде қазталовтық  Елнұр Есболовтың тұлпары бірінші келсе, ІІ және ІІІ орынды сайқындық Нұржан Есімов пен Жаңақазан ауылының тұрғыны Ержан Мақсотовтар өзара бөлісті. Аламанда оза шапқанға 200 000 теңгеден, топ бәйгеде топ жарғанға 100 000 теңге, тай жарыста бірінші келгенге 30 000 теңгеден бәйге тігілді.

dav

Қазақ күресі де үш түрлі категория бойынша өтті. Жетпіс келіге дейін өгіз палуан,  70 келіден жоғары түйе палуандар кім мықтыны анықтады. Күресте бөкейлік палуандар жәнібектіктермен күш сынасты деуге болады.  Өгіз палуандар арасында 12 спортшы қатысып, соның ішінде сайқындық  Нұрбек Ғазезов керемет әдістерімен ерекшеленіп, үздік атанса,  Жәнібек ауданынан келген қонақтарымыз Сырым Байсов пен Рауан Болатов жүлде ІІ, ІІІ орын иегерлері атанды. Ал 70 келі салмағынан жоғары палуандар ортасынан І орынды  жәнібектік  Мейрамбек Дошимов алса, ІІ орынға сайқындық Баймырза Мендешов ие болды. Жүлделі ІІІ орынға Жәнібек ауданы Ақоба ауылының жас палуаны Мағжан Карин табан тіреді. Күреске шығып, күштілігін танытқандарға 30 000, 20 000 және 10 000 теңгеден жүлде тігілді.

Бұдан басқа да арқан тартыс, аударыспақ, қой көтеру жарыстары өтті. Аударыспаққа, арқан тартысқа шыққан жігіттерге 25 000 теңгеден 10 000 теңгеге дейін жүлде тағайындалды. Жәнібектіктер аударыспаққа белсенді қатысты. Мықтылығын дәлелдеймін деген 11 азаматтың ортасында ІІІ орынды  бисендік Бердібек Ербайұлы алса, күштілігін көрсетіп жәнібектік Бейбіт Аронов пен Әлішер Ерболатовар   І, ІІ орындарды иеленді.

Арқан тартыста  Көктерек ауылының құрама командасы қара күш қанда болатынын көрсетіп, І орын алса, қой көтеруден аудандық интернат басшысы Талап Құзырғалиев атан қойды 45 рет көтеріп, мықтылығын барша көрерменге дәлелдеді. Күштілігін дәлелдеген Талап бауырымыз қанжығасына өзі сан мәрте көтерген атан қойды байлады. Қырық бес рет көтермесе де осы межеге жетеғабыл орындаған жігіттер құр қайтпады, он, бес мың теңгеден ақша алды.

 Бисен ауылдық округ әкімі Кенжебек Құрмашевтің айтуынша, бұл мерекеге жалпы 55 шаруа қожалық және жеке кәсіпкер демеушілік жасаған екен. Бисендіктердің бірлігін паш еткен ауыл тойы көптің көңілінен шықты. Үлкен жауапкершілікпен қарағандары әр істерінен көрініп-ақ тұр.

Даланы думанға бөлеген, ауыл ынтымағын көрсететін шара осындай-ақ болар десті тойшы қауым.

Еркебұлан БИСЕНҒАЛИЕВ