Бөкейлік балуандар Орал қаласында қазақ күресінен өткен облыстық чемпионаттан жүлделі оралды. М-С.Бабажанов мектебінің мұғалімі Нұрбек Ғазезов 66 келі салмақ бойынша төрт бірдей қарсыласынан басым түсіп, І орын иеленді.
Бұл Нұрбектің қанжығаға басқан жүлдесінің алғашқысы емес. Мектеп кезінен күреспен айналысқан Нұрбегіміз облыстық аламандарда, республикалық чемпионаттар да жүлделі үштіктен бой көрсеткен палуанымыз.
- Күреске қызығушылығымды оятқан әкем еді. Кейін мектепте оқып жүргенде Алмас Әбдуғалиевтей бапкерім күрестің түрлі тәсілін үйретіп, шыңдады. Талап Құзырғалиев ағамыз да жаттықтырды. Мамандық таңдауда да осы спорттан алыс кеткем жоқ, -дейді дене шынықтыру пәнінің мұғалімі боп еңбек етіп жүрген кейіпкеріміз.
Нұрбектің әкесі Әбілқасым да жас кезінде спортты жанына серік еткен екен. Әке жолын жалғап, спорт жолындағы биіктіктерді бағындырып жүрген Нұрбегіміздің өзі бүгінде шәкірт шыңдаған бапкер. Шәкірті Баймырза Меңдешов те ауданға танымал палуан. Осы жолғы аламанда тек ұстазының ғана емес шәкірті Баймырза да 82 келі салмақта ІІІ орынға табан тіреді.
Нұрбек Ғазезов республикалық чемпионатқа жолдама алды. Енді меже Қызылордада өтетін палуандар бәйгесінен құр қайтпау. Нұрбекке жеңісін жалғасты болсын, тек әкенің емес, тұтас елдің мақтанышы бол дейміз.
Өз тілшіміз