1.11.2019, 10:00
Қараулар: 624
ОҚЫРМАНДАРМЕН КЕЗДЕСУ

ОҚЫРМАНДАРМЕН КЕЗДЕСУ

Редакция ұжымы аудандық психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті мекемесіне арнайы барып, мекеме қызметкерлерімен кездесіп, сұқбат құрды.

Әңгіме барысында психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің   жұмысымен танысып, бірлескен жобалар туралы пікір алмасты. Айнаш Атаева басшылық жасайтын мекеменің жұмысы жетістіксіз емес. Ерекше күтімді қажет ететін балалардың әр талпынысы анасы үшін де, осы мекеме қызметкерлері –  логопед, олигофренопедагогтар, психолог, емдік денешынықтыру маманы үшін үлкен жеңіс.

Олигофренопедагог Ұлболсын Хасенова мекеме жұмысындағы жетістіктер мен түйткілді мәселелердің тиегін ағытып, сала жұмысы туралы мақалалардағы нюанстарды айтып өтті.

– Бір кездері мекемеден жолданған мақалаларымыздың шықпай қалып жатқан кезі болды. Қазір шүкір. Жұмысымыз еленіп, газетке де, әлеуметтік желілерге де салынып отыр. Түзеу кабинетінің жұмысына түсіністікпен қарасаңыздар екен. Біздің балалар ерекше балалар, олардың шараларға қатысуының өзі үлкен күш-жігердің нәтижесі, үлкен жұмыстың нәтижесі. Сондықтан кішігерім болса да, әрбір шарамызды газетке бергенде «өтті-кетті» деп бере салмай, назар аударсаңыз екен. Соның өзі балаларымыз үшін де, аналарымыз үшін де ерекше стимул болар еді. Шаралар өткізу, балалардың жетістігін көрсету міндетіміз, сол шараларда әр баланы ескерусіз қалдырмауға тырысамыз. Осы кездесуді пайдаланып, «демеуші болсаңыз» деген өтінішімізді аяқ асты қалдырмайтын аудандағы кәсіпкерлер Анаргүл Дәулетова, Баян Айғалиева, Қуаныш Шәріпқалиевтерге алғыс айтамыз,-деген пікірін айтты.

Мекеме басшысы Айнаш Қайсарқызы мүгедек бала баққан аналардың еңбегін, инклюзивті оқыту бағдарламасының мәселелері, кеш байқалатын аутизм сияқты аурулардың себеп-салдарын, баланың ауруын, кемістігін қабылдамау салдарының опық жегізетіні туралы бірлескен мақалалар жазуды ұсынды.

Ұжым аудан үнжариясының белсенді жазылушылары қатарынан табылатындығына сендірді.

*****

Редакция ұжымының оқырмандармен жүздесуі аудандық «Ер Төстік» балабақшасында жалғасты.

Газет редакторы басылымның жұмысы, алдағы жылда қолға алынатын жобалары туралы қысқаша әңгімелеп, «Сіздің ойыңыздағы оқылымды басылым қандай?» деген сауалын тастады.

Жас оқырман Бақытгүл Қонақбаева:

– Шыны керек, өз басым газетті әлеуметтік желіден оқып білемін. Соңғы кезде газет әлеуметтік желіде жақсы жұмыс жасап отыр дей аламын. Бүгін өткен жиынды бүгін салып, оперативті жұмыс жасап отыр. Тағы бір ұнағаны, алда жарияланатын мақалаға анонс салынып отыратыны жақсы. Қызығушылық тудырады. Мысалы, сіздің алдағы сандарда шығады деп жарнама жасап отырған талантты жерлестеріміз туралы естімеген екенмін. Міндетті түрде оқитын боламын. Газетке тұрақты түрде жазыламын. Парақтап толық оқымасам да, әжеме әр санын жеткізіп отырамын. Мен тұрақты жазылушы болсам, әжем тұрақты оқырман. Әжем тақырып талғамай, тарихи, әлеуметтік тақырыптарды, аудан жаңалықтарын қалдырмай оқиды,-дейді.

Балабақша басшысы Нұргүл Зайнуллина:

– Ұжым түсіністікпен басылымға жазылу науқанына белсенді қатысып келеді. Биыл да солай белсенді жазылушылар қатарынан табыламыз деп ойлаймын. Шыны керек, қазір әлеуметтік желінің дәурені жүріп тұр. Бұрын өткен шараларымыз туралы жазып, редакцияға апарып тұратынбыз. Қазір өзіміз желіге жүктеп отырамыз. Дегенмен, «бұл басылым керек емес» деген сөз емес. Аудандық басылымның бүгінгі саны – ауданның ертеңгі тарихының жазбасы,-деп, балабақшаға қабылдау ресімінің электронды түрде ғаламтор арқылы жүзеге асатыны туралы оқырмандарға мәлімет берсеңіз деген ұсынысын айтты.

   Өз тілшіміз