Өткен аптада аудандық білім беру бөлімінің мәжіліс залында «Bastau бизнес» жобасының V топ қатысушылары бизнес жобаларын қазылар алқасының назарына ұсынып, қорғады.
Жергілікті 26 кәсіпкер өз бизнес идеясын таныстырып, жоспарларын көпшілік назарына ұсынды. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалы директоры Бибігүл Жұмағұлова: «Бүгінде бизнес бастаймын деген ынталы жандарға мүмкіндік молынан. Тіпті, үйден бір қадам аттамай табыс тауып, шаруаны дөңгелетуге әбден болады. Істің көзін аша білу үшін таудай талаппен қоса, осындай түрлі жобаларға қатысуларыңыз қажет. Кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгерген тұлға бизнесін алға дамыта алады»,- деп қатысушыларды жігерлендірді.
Айта кетелік, кәсіп ашуға ниет білдірген жандардың арасында сыртқы киімдерді, мерекелік костюмдерді тігетін шеберлер, техниканың дөңгелектерін жөндеу, қой жүнін қырқу, тырнақ, бет әрлеуші, т.б. мамандар аудан халқына қызмет көрсетеді.
Еркебұлан РАХМЕТОЛЛАҰЛЫ