17.09.2020, 9:58
Қараулар: 109
МҰРАТСАЙ: КЕШЕГІ ОАЗИС, БҮГІНГІ ШАЛШЫҚ

МҰРАТСАЙ: КЕШЕГІ ОАЗИС, БҮГІНГІ ШАЛШЫҚ

 

Мақала тақырыбында оазис сөзін қолданғанымыз білмейтіндерге бірден асырып айтқандай болып көрінетін шығар. Дегенмен құм қойнауындағы ауданның ішінде жалғыз көлемді су тоғаны Мұратсай екені анық. Сонау Кеңес кезінде балығы тайдай тулаған, жағасы бітік егін, өнімі мол бақшасы болған тоғанның бүгінде сау-тамтығы қалмаған. Балығы жұтап, бақшасынан бір белгі жоқ. Мұратсай тоғанның тағдыры елді алаңдатып отыр. Аудан әкімнің есебінде де, облыс басшысының сапарында осы мәселе күн тәртібінен түскен емес.

ӨТКЕН КҮНІ ЕРТЕГІ

–Кеңес  кезінде Мұратсай су тоғаны жер суғармалы жер еді. Ауданымыз қазіргідей малды ауыл ғана емес, егін шаруашылығымен де ел аузында жүретін. Мұратсай ауылының жанында 200 га жерге жоңышқа, жүгері, қыша тіпті қызылша егіліп, соның бәрі осы су тоғанынан суғарылатын еді. Енді ол кездегі су тоғанын қазірігі жағдайымен салыстыру мүмкін емес. Бір ауылда тұрып, сайдың арғы бетіне көпірмен баратын едік. Тереңдігі де 14 метрге дейін баратын. Су клеем тасып жатқандығынан Орда ауылының Қоса көліне су жіберіліп тұратын еді.

Ал су тоғанының балығы мүлдем бөлек әңгіме. Әрине, кішкентай су тоғанында балық түрі көп болмаса да көксерке, шортан,  табан балықтары секілді балық көп болатын. Тек ауылмен ғана шектелмей, аудан халқын  толық қамтамасыз етуге жарайтын еді. Сөздің ашығына айтсақ, сол балықпен қиын кездері күнін көрген жанұя саны да жеткілікті ғой. Балықтың сапасы да жақсы еді.

Ал қазір болса сол су тоғанынан не қалды? Су деп, су да жоқ. Жалпы су көлемі шамамен екі шақырымдай жерге тартылып кетті. Балық деп балығы қалмады. Әрине, кәсіпкер келіп шаянның бәрін аулап алып кетсе , не қалады? Шаян су санитары екенін бәріміз білеміз. Ал шаян жоқ су иістеніп бастайды. Ал сасық суда қайдан балық болсын. Жастық шағымдағы Мұратсай су тоғанынан жағасы көктеп, иістеніп, түбі көрінген шалшық су қалды,- дейді тоған тағдырына алаңдаулы ауыл ақсақалы Каспи Жахатов.сырын айтуда Каспи атамыз.

ТАМШЫ СУ ТОҒАН ТОЛТЫРА МА?

Ия, Каспи атамыз айтпақшы мәселенің бастысы ­- Мұратсай су тоғанының тартылуы. Тоған суы қар суымен, бастысы Ресейден келетін сумен толығатын еді. Су көзінің еселенуі сол баяғысынша. Қаңтардың өзінде күртік қар емес, қара топырағы көрініп жататын биылғыдай қыста қардан пайда жоқ.   Су қорын жинаудың жалғыз көзі Ресейден келетін су ғана.  Көрші елден келетін суымыз төтесінен келе салмайды. Басы жастықта, малы қоралас көрші аудан арқылы келеді. Тағы бір айта кетерлігі, су күн сайын, немеесе ай сайын келмейді. Жылынан бір-ақ рет қара күзде жіберіледі.  Бұл турасында «ҚазСуШар» РМК БҚОФ Жәнібек ауданының бөлім басшысы Нұрлан Жүнісовтен толық мәлімет алдық.

− Көрші мемлекеттен келетін судың өз мақсаты бар.  Мұратсай су қоймасына бағытталған су  қойманы бір қалыпта ұстауға немесе толықтыруға арналған.  Ресейден келетін су Мұратсайды арнасынан асырып толтыруды көздемейді. Нақтырақ айтсақ, қалыпта ұстау үшін жіберіледі. Су қоймасы табиғи жолмен толығу керек,-дейді ол.

−Жалпы Жәнібек және бөкейліктер көршілес елден жылына қанша мөлшерде су алып отыр?  Жәнібек ауданы ол суды қалай пайдалануда?-деп сұрадық.

− Әр жылғы сатып алынатын судың мөлшері әр түрлі. Біріншіден, ол сұранысқа байланысты болса, екіншіден судың бағасы да жыл сайын өзгеруде. Мысалыға, жалпы екі ауданға арналған су көлемі 2018 жылы 30 млн м3 болса, 2019 жылы 24 млн м3 құрап, ал биыл 22 млн м3 -ді құрайды. Судың бұл мөлшерінің тек  10-15%-ы ғана  Бөкей ордасына жіберіледі. Қалғаны жергілікті қолданыста. Әр жыл сайын 25 млн теңгедей қаржы жұмсалады десем болар. Ал енді пайдалану мәселесіне тоқталатын болсақ. Жәнібек ауданы бұл суды көбінесе ауыл шаруашылығына пайдалануда. Сонымен қатар біздің аудан Бөкей ордасы секілді өз көлдерін қалыпта ұстауда. Мысалыға, Шерімбетсай мен Күйгенкөлдерін айтуға болады.  Жылына тек осы екі көлге кем деген 2,5 млн м3 су беріледі. Ал тіпті сол Күйгенкөл суын жергілікті халық ішіп те отыр.

−Бөкейліктерге 10-15% қалай жетуде? Осы жерді нақтылап түсіндіріп кетсеңіз,-деп сұрадық.

− Қыркүйек және қазан айлар орталығында Мұратсайға су жіберіледі. Су мөлшерін  жергілікті атқарушы орган басшылары бақылап отырады,-деді Нұрлан Жүнісов.

Арнайы белгі туралы және жалпы  Жәнібек жағынан су жіберу тәсілі туралы Мұратсай аулдық округі әкімі Жалғас Ташуов өз пікірін білдірді.

−Келген су мөлшерін қазық қағып, бақылаймыз. Арнайы белгіміз осы қазық.  Шындығына келгенде Жәнібек тарабынан қанша су келіп жатырғаны белгісіз. Нақты қадағалайтын немесе су мөлшерін өлшейтін кәсіби маманымыз да қарастырылмаған. «Әй, сол қаққан қазығымыздың көлеміне жетсе екен» деген тілекпен жүреміз. Су келетін каналымыз жөнделмей, белгіленген мөлшердегі судың Мұратсайға жетпейтіні анық. Су жіберу кезеңі де біз үшін қолайсыз. Біздің жаққа суды қыркүйек айынан жіберіп бастайды. Бізге жеткенше қазан айы басталады. Су қатып, мұз тұрады. Ендігі жылдың күзіне дейін су тартылып кетеді. Ол суды жібердің не? Жібермедің не? -дейді Жалғас Ташуов.

СУ ТОҒАНЫ ЗАҢДАСТЫРЫЛДЫ

Мұратсай тоғанын сумен толтыруға қомақты қаржы қарастырылады. Бөлінетін қаржы, тоған күтімі мен басқа да мәселелері туралы аудан басшысы   Нұрлан Рахымжанов бірқатар ақпаратпен бөлісті.

−Мұратсай су қоймасына жылына үш миллион теңгеге жуық ақша бөлінеді. Аталмыш сомаға  2017 жылы 2.6 млн м3, 2018 жылы 2.7 млн м3, 2019 жылы 3 млн м3 су берілсе, биыл 2.8 млн м3 су алсақ деген жоспар бар. Әрине, Мұратсай су қоймасының сыйымдылығы 16.3 млн м3 арналғанын айтып кеткен жөн. Дәл қазіргі кезде аталмыш су қоймасының көлемі 5.5- 6 млн м3 аспайды. Жазда күн ысып, су тартылатынын да ескерген жөн. Әрине, жалпы Мұратсай қоймасының су тартылуы маңызды мәселенің бірі. Дегенмен бастапқыда табиғи түрде толтырылуға арналған су қоймасының су көлемін арттыру бірден жүзеге аса қоймасы анық. Су қоймасының жағдайын жақсарту мақсатында бірнеше жақсы іс жасалды және жоспарымызда да бірқатар ой бар. Мұратсай су қоймасының құжаттарын ретке келтіру қолға алынды. Баяғыдан бар су тоғанының құжаты бүгін жасалды деуге болады.  Жалпы су қойма құжаттары тек 2016 жылы жасалды. Оған дейін еш жердің балансында тіркелмей тұрған нысан қазіргі кезде ауыл шаруашылық бөлімінің есебіне тіркелді. Сонымен қатар қазір сол су қойманы енді «ҚазСуШар» РМК балансына тіркесек деген ой бар. Қазіргі кезде осы ресім іске асуда.  Көпшілікке түсінікті болу үшін айтайын, Мұратсай су қоймасы аталмыщ мекеменің балансына тіркелсе, қаржыландыру мәселесі де республикалық деңгейде талқыланатын болады. Ал енді республикалық бюджеттің статусы да өзге.

Енді жөндеу жұмыстары туралы мәселеге келсек,  Жәнібек- Мұратсай су қоймасының арасындағы су каналының жөндеу жұмыстары жүргізілді. Дәл осы мәселе облыс әкімі Ғали Есқалиевтің біздің ауданға қысқы іс сапары кезінде көтерілсе, күні бүгін шешімін тауып, жөндеу жұмыстары атқарылып тұр.

Аталмыш каналдың жағалауы тайызданып, қамыс басып кетіп еді. Ендігіде Бөкей ордасы ауданының аумағында орналасқан каналдың 31 шақырымының жөндеу жұмыстары бітті. Айтарлықтай, аталмыш каналында 1961 жылдан бастап жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Ал қазір күзгі су жіберу кезеңіне дайын десек болады,-дейді аудан басшысы.

ЖАУАПСЫЗ КӘСІПКЕР, КҮТІМСІЗ ТОҒАН…

Мұратсай су қоймасының суы ғана емес, жалға берілу мәселесінің өзі бір мақалаға жүк боларлық.  Мұратсай су қоймасы 2015 жылдан бастап кәсіпкер Менжан Сәрсеновке жалға берілген еді. Жергілікті тұрғындар кәсіпкердің атына арыз шағымдарын түсірген болатын. Талаптарыда салмақты. Аталмыш кәсіпкер жалға алған кезден бастап не тазалақ жұмыстарын, не жергілікті жалдамалы жұмыс жасап жүрген жігіттерге айлық төлем ақыларын да төлемеген. Оны да қоя тұр. Кәсібінің негізі шаян аулау болсада, 2019 жылға дейін сол шаянның шабақтарын да жібермеген екен.

Мұратсай су тоғаны ауданда орналасқанымен, кімге жалға берілуі облыстан шешіледі. Заң солай. Шырылдаған жергілікті тұрғындары шешімін жергілікті құзырлы оргынан таппағасын жерде Батыс Қазақстан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының көмегіне жүгінген болатын. Дегенмен тиген көмегіде шамалы болды деп отыр Мұратсай ауылдық округ әкімі Жалғас Ташуов.

−Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан өкіл келмес бұрын Менжан Сәрсенов су қоймасына ештеңе істемейтін еді. Тіпті су көзін тазалау жұмыстарын ауыл тұрғындары өз күштерімен атқарып келді. Су көзі  ластанып, иістенетін болса, судағы барлық тірлік атаулының  көзі жойылатын еді. Лас суды ішкен мал ауру боп, ауру малдан өзіміз ауру табармыз деген ауыл халқы бейжай қарап отырмады. Тазалады. Негізі ол жалға алушы тұлғаның тікелей міндеті болуы керек қой. Оны ойлайтын кәсіпкер жоқ. Нақты төрт жыл жалға берілген кезде Мұратсай су қоймасына тек 7000 тұқы балығының және 7000 шаян шабағы жіберілді. Ол да тек 2019 жылдың күз айларына қарай орын алған іс. Қазіргі кезде жолдас Сәрсеновтың жалға алу мерзімі бітті. Дәл қазір су тоғанына кім жауапты? Хабарымыыз жоқ,-дейді Жалғас Ташуов.

Әрине, ауылдық округ әкімінің  сөзінің жаны бар. Жергілікті тұрғындардан басқа ещкім Мұратсай су қоймасына жаны ашып, басын ауырта қоймас. Дәл осы жағдайды ескере отыра, жалға алу мәселесі бойынша бірқатар сұрағымызды дайындап, Батыс Қазақстан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқарма басшысы Ринат Шәуеновке шықтық. Хатшы қызбен сөйлесіп, сауалымызды жазбаша жолдадық. Бір данасын электронды поштаға салып, бір данасын «Қазпошта» арқылы жолдадық.  15 мамыр жолданған хаттан әлі күнге жауап жоқ. Араға 14 күн салып, телефон тағы шалдық. Төтенше жағдай жарияланған кезге дөп келді де басқарма басшысының орынбасары Махамбет Ихсанғалидың ұялы  телефонына хабарлассып едік. «Қашықтан жұмыс жасап жатырмыз. Жауабын күтіңіз» деді. Дегелі төрт ай өтті. Тасбақадан да жолдаса да жетер уақыты болды ғой деп, басшыларының телефонына шықтық. Ринат Шәуеновтің де қалта телефонының нөмерін сұрап жүріп біліп алдық. Жиі-жиі қоңырау шалып жүріп, жатқа айтатын болдық.  Қанша қоңырау шалсақ та, тілдесе алмадық. Қайтадан Махамбет ағамызға шықтық. Еңбек демалысында екен. Хатымыздың алдына келмегенін айтты. Тиісті телефон нөмерлерін берді. Сөйтсек, жолдаған хатымыз жолда қапты. Тіркілмеген.  Электорнды поштадан барып тұрғаны сапасыз екен деді. Жазған құлда шаршау бар ма? Тағы бір мәрте жолдап, «жарты жыл жауап күттік қой, кешіктермесеңіз жақсы болар еді» деп қадап айттық. Төрт ай бұрын пошталарына түскен хатты қарамай отырған мекеме өз қателіктерін түсініп, он төрт күннен бұрын жауап берер деп едік. Сол баяғысынша, «күтіңіз, жауап беріледі».

Қара күзде су келетін тоғанның да жалға алу жайы не болғанын білерміз.  Хаттарға да, шалынған қоңырауға да бейжай қарайтын мекемеден жаңа жылға дейін бір жылт болар. Ендігі әрекет береке бермесе, тиісті органдарға шағымданып, мақаламыздың  аяқсыз қалмасы анық.

Еркебұлан БИСЕНҒАЛИЕВ