26.02.2021, 17:34
Қараулар: 69
ҮНЕМДЕГІШ ЛАМПАНЫҢ ҮЙДЕЙ ПӘЛЕСІ БАР

ҮНЕМДЕГІШ ЛАМПАНЫҢ ҮЙДЕЙ ПӘЛЕСІ БАР

Тілі «тентек» ағамыз айтпақшы, қазір ақылдылар мен үнемдегіштер, әмбебаптар көбейген. Адамдарды былай қойып, жансыз заттар да «ақылды» бола бастады. «Ақылды қала», «ақылды үй», «ақылды пеш», «ақылды сағат» тағысын тағы. «Ақылды заттардан» үнемдегіш заттар да еш қалыспайды.  Сол үнемдегіштердің қатарында қазір екі үйдің бірінде кездесетін энергия үнемдегіш лампалар да бар.

Иә, энергия үнемдегіш лампалар осы кезге дейін қолданыста болған лампаларға қарағанда электр энергиясын бес есе аз тұтынып, сегіз есе көп жарық береді. Пайдалану мерзімі де ұзақ, 8 мың сағатқа жетеді, бұрынғы лампалардың жарамдылық мерзімінен 20 есеге ұзақ. «Мәә, шынымен де үнемді екен ғой» деп таңырқауыңыз анық. Бірақ асықпаңыз.

Энергия үнемдегіш лампаның галогенді, жарық диодты және люминесцентті деген түрлері бар. Айырмашылығы жарамдылық мерзімі мен тұтынатын энергия мөлшерінде. Галогенді лампа энергияны 30-50%-ға дейін үнемдеп, 125 күн қызмет етсе, жарық диодты лампа 80-90%-ға энергияны аз тұтынып, бес жарым жылға дейін қызмет етеді. Ал люминесцентті лампа энергия көзін 80%-ға үнемдеп, екі жыл пайдаға жарайды екен.

Бұрыннан қолданыстан келе жатқан қыздыру лампасы ай сайын 9 кВт  электр энергиясын тұтынса, үнемдегіш лампа  20-ваттық энергиямен қоректенеді екен.

Десе де осы кезге дейін үйімізді жарық қып, айналаны жайнатып тұрған бұрынғы лампаларға қарағанда ұзақ уақыт бойы кәдемізге жарайтын үнемдегіш лампаның зияны да баршылық екен.  Жарық үнемдегіш әр лампаның құрамында ұнтақ немесе бу түрінде 3-5 мг ара­лығында сынап болады. Яғни, мұндай лампалардың кез келген түрі сынатын болса адам өміріне үлкен қауіп төндіреді екен. Мамандар әсіресе, сынап буынан сақ болу керек деп ескертеді. Сынап буы қауіпті улы заттардың жіктелуінде «А» тобына жатады, яғни өте улы зат. Сынап буы иіссіз зат, концентрациясы небәрі 0,25 мг/м3 сынап буы бар ауамен тыныс алған кезде, сынап буы өкпеде қалып қойып, сонда жиналады. Ал егерде сынап буының концентрациясы одан да көп болса, теріден тікелей сіңіп, жалпы қанайналымына енеді. Сонымен қатар, бауыр, бүйрек, ішек құрылыстары мен жүйке жүйелерін зақымдайды.

Америкалық ғалымдар энергия үнемдейтін шамдар тері жасушаларын зақымдайтынын және ұзақ уақыт бойы сәулеленуге ұшырағанда, тіпті қатерлі ісікті тудыруы мүмкін  ультракүлгін сәулелерді анағұрлым көп шығаратынын анықтапты.

Бар болғаны 3 мг сынап адам өмірі ғана емес, топырақ пен суға, яғни қоршаған ортаға орасан зор көлемде зиян кел­тіреді. Қоршаған ортаны ластауға бір ғана лампаның құрамындағы сынап мөлшері жетіп жатады. Бір лампа құрамындағы сынап ауаға тараса, зиянды заттар үлесін қалыпты мөл­шер­ден 10 есеге арттыратыны ғылыми тәжірибе түрінде  дә­лел­денген.

Бұл лампалардан тарайтын қысқа толқындар мен көк компоненттер көздің көру қабілетін кемітеді. Жоғары қуатпен жарқырайтын лампа осы көз арқылы орталық жүйке жүйесіне салмақ түсіріп, зақымдайды. Бұл басы жиі ауыратын адамдар үшін аса зиян, бас ауруының жиілігін арттырады.  Шамнан түсетін көк жарықтың құрамындағы гипофиз бен мелатонин иммундық және эндокриндік жүйенің бұзылуына алып келеді екен. Люминесцентті шамдар жарықты бірқалыпты таратпайды. Сондықтан да бөлме ішіндегі дискомфорт бұзылып, адам өзін жайсыз сезінеді. Мұндай лампамен жарықтандырылған бөлмеде  ұзақ отырған кезде  адамның ұйқысы келіп, басы ауыра бастайды.

КОНТЕЙНЕРІ БАР, ЗАТЫ ЖОҚ

Улы әсері болғандықтан бұл лампалар «А» тобына жатады. Бұл топтағы заттар қолданыстан шыққанда жоюдың өз тәртібі бар. Арнаулы контейнерлер де қарастырылған. Дегенмен, тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптаудың сауаты әлі де кемшін екені белгілі. Қолданыстан шыққан үнемді лампаны көп затпен бірге кезіккен контейнерге тастай саламыз. Қаупі туралы ой мыңғырымызға да кіріп шықпайды.

Шетелдерде люминесцентті лампаларды тастауға арналған арнайы жәшіктер кез келген жерден табуға болады және мұндай қоқыс жәшіктерін тазартуға арналған арнайы машиналар да жұмыс жасайды екен. Ал бізде қолданыстан шыққан сынапты залалсыздандыру жұмыстары қолға алынбаған. Залалсыздандыру жұмыстарын айтамыз-ау, тіпті арнайы контейнерлер де тапшы.

Бар контейнердің өзіне салмаймыз. Ауылдық округті қайдам, Сайқындағы орталық базар және вокзал аумағында люминесцентті лампаларға арналған арнайы контейнер бар.  Неше рет қарасақ та, контейнерден «қожайынын» байқамадық. Бірақ бос тұрмайды. Жәрмеңке өткен кезде түрлі қалдықты, жазда жастардың түнгі серуенінен кейін сыра бөтелкелеріне толып тұратынын байқайсыз. Ұдайы қарап жүрдік деп айта алмаймыз, әрине. Осы мақсатта ауылдас ағайынды осы тақырып турасында сөзге тартып көрдік.

Сәрсенбай Қуанышәлиев, ауыл тұрғыны:

–Электр үнемдегіш лампаның біреуін бұрыннан қолданып жүрген лампамен салыстыру үшін  алып көрдім. Бір жылға таяп қалды әлі істен шыққан жоқ, жанып тұр. Сондықтан бұл лампалар туралы жақсы пікірдемін. Электр үнемдегіш лампаны арнайы контейнерге лақтыру керектігін білемін және ондай орын ауылда бар екені қуантады.

Мирлан Жұмағұлов,ауыл тұрғыны:

–Үйіме электр үнемдегіш лампаларды қондырған себебім олардың электр энергиясын кәдімгідей үнемдейтіні,  көзге өткір түспейтіні және сапасы көңілімнен шықты.Бір жыл одан да ұзаққа шыдас береді.Әрине ватт көлеміне қарай әр түрлі жарық таратады. Әдеттегі ламралао патрондарын жылдам қыздырып, жандырып жібереді. Электр үнемдегіш шам қызуды ұстап тұрады. Арнайы контейнер барын естімеген екенмін. Алайда, істен шыққан лампаларды терең  қазылған шұңқырға көміп тастаймын. Зияны барынан хабардармын.

Дана Шамұратова, ауыл тұрғыны:

  • Иә, алдық. Барлық демей-ақ қояйын, екі-үш бөлмемізде сондай үнемдегіш лампа тұр. Әзірше қолданыстан шыққан жоқ. Зияны барын білмеппін, шынын айтайын. Заман дамыған сайын, кез келген заттың сапасы жақсарады ғой деген түсінікте едім. Мен баяғы мұндай жақсыларды Корея не Жапония ойлап тауып, шығарған екен. Оларда сапа, қауіпсіздік бірінші орында ғой деп ойлайтын едім. Арнайы контейнер барын, лампаларды жоюға да ерекше талап керектігін білмеппін.

Ауылдық округтер әкімдері контейнер жоқтығын айтады. Көше шамдарын ауыстырғанда қолданыстан шыққандарын аудандық түрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөліміне тапсырып, акт ресімдейтіндерін айтады.

Аталмыш бөлім басшысы Жалғас Ташуов:

– Контейнер орнатқан біздің мекеме. Мемлекеттік сатып алу заң бойынша қолданыстан шыққан люминесцентті лампаларды жою қызметіне конкурс жариялаймыз. Утилизация жұмысына жарты миллион теңге қарастырылып отырады. Конкурсқа еліміздің түкпір-түкпірінен түсе алады. Алматыдағы кәсіпкер ұтып алса, әдейілеп келіп, контейнерді босатып, затын алып кетеді,-дейді.

ОТАНДЫҚ СМАРТ-ЛАМПАЛАР ӨНДІРІЛУДЕ

Зияны көп лампаларға балама бар. Балама болғанда қандай?! Алматыдағы «DS Multimedia CA» (Ди Эс Мультимедиа СиЭй) компаниясының инновациялық зауыты жарық диодты лампаны өндіріске шығарған.   «Tecata» брендімен шығатын смарт-лампа кеңестік кезеңнен келе жатқан лампаларға қарағанда энергияны 90%-ға,  құрамында сынабы бар энергия үнемдегіш шамдармен салыстырғанда 40%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Үш жылдан бес жылға дейін кәдеңізге жарайды.

Оңтүстік Кореяның өнертапқыш ғалымдарымен бірлесіп өндірген лампаның тағы бір артықшылығы бар. Смарт-технология арқылы үйде, сыртта күн жарығының, адамдардың жүріп-тұруының өзгеруіне қарай, жарық диодты шамның жарықтылығын, тіпті түсін контроллер арқылы бір орталықтан автоматты түрде өзгертіп отыруға болады екен. Отандық жарық диодты лампалар экологиялық жағынан таза, ал бағасы сапасы жағынан осы  шетелдік лампалардан 30%-ға арзан.

Отандық өнім шығаратын бұл зауыт «DS Multimedia» компаниясының алтыншы  зауыты. Әзірше мұндай зауыт Сингапурде, Малайзияда, Мысырда, Бразилияда және Оңтүстік Кореяда ашылған.

Қош, сонымен үнемдегіш  лампаның зиянын да, шыны іші сыныпқа толы үнемдігіштің отандық баламасы барын да айттық. Салтқа сіңбеген қоқыс сұрыптау ісіне ояу санамен қарайтын кез жетті. Қалтаға қонымды деп бір, көптің көшінен қалмайық деп «сәннен» қалмауға тырысқандардың күн санап артарын ойласақ, үнемдегіш болса да, үйдей зияны бар лампалардың арнаулы орнына жетпей, кез келген жеріне сұлай кетсе, сынып, топыраққа сіңіп, бойымызға ауру боп тарайтын зиянын да ойдан шығармайық. Қауіпке бейқамдық танытпайық, ағайын!

Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ