30.09.2020, 18:25
Қараулар: 431
ГРАНТТАН ҚОЛДАУ, НЕСИЕДЕН НЕСІБЕ БАР МА?

ГРАНТТАН ҚОЛДАУ, НЕСИЕДЕН НЕСІБЕ БАР МА?

 

Жұмыссыздық, масылдық – бүгінгі БАҚ-тың тұрақты тақырыптарының бірі. Елде жаппай жатыпішерліктің бой алғаны да жасырын емес. Атаулы әлеуметтік көмектің жыры – алты күн, алты түн жырласаң, таусылмайтын тақырып. Осы тақырыптан жазылған кезекті бір мақаладан көпбалалы ана, өзі жас ана  «Үкіметтен берілетін жәрдемақыны неге көп көресіз? Ең алдымен үкімет ана мен баланың жағдайын жасап алсын. Тілшілер бар, жұмыспен қамту орталығының басшысы да, басқасы бәрі өз қалталарынан беріп жатқандай неге жылайсыздар? Әлде көре алмайсыңдар ма?» деп шаптықты. Бала күтімімен осы кезге дейін үйде отырған «аузы батыр» анамыз тұрақты жұмыстан бас тартты. «Тұрақты жұмыс болса, үкімет беретін көп ақшадан айырылып қаламын» деген оймен. Вагон-вагон қиыршық тасты түсіруге жұмысшы жоқ. Үлкен күшті қажет ететін жұмыстың ақысы қолма-қол төленеді. Көршілес Жәнібектен жігіттер келіп түсіріп жүр. Біздің ауылдың көлеңке қуып, үй жанынан алыстамайтын ағаларымыз «Әкімдік көріп отыр ғой. Ертең АӘК, тағыда карантин жарияланады дейді. Сол кезде жұртқа берген ақшадан қағады» деп ауыз берген Алла азығын да береді деп тал сындырмай отырмыз.

Біле білген адамға Үкімет әлеуметтік осал топтарға тек жәрдемақы, түрлі төлемдерді ғана ұсынып отырған жоқ. Мамандығы жоқтарды қысқа мерзімдік оқуларға жіберсе, дипломы бойынша жұмыс таппай жүргендерді қайта даярлау курстарына жолдап отыр. Арнаулы курстан өткізіп, бизнес әліппесін танытып, бірді екі қыламын, екіні еселеймін дегендерге қайтарымсыз қаржы ұсынып, болам дегеннің белін буып, демеп те отыр. Аудандық жұмыспен қамту орталығының  маманы Медет Әнесовтің айтуынша, кәсіп қыламын, несібемді арттырамын деген ағайынға «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған Еңбек мемлекеттік бағдарламасы бойынша үш бағытта қолдау көрсетіледі екен. Таратып айтсақ, «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ынан 2018 жылы 65 адам, 2019 жылы 66 адам, 2020 жылы 21 адам қолдау тапса, «Аграрлық несие корпорациясы»  АҚ-ы  2018 жылдан күні бүгінге дейін 46 ауылдасқа демеу қаржы беріпті. Бұдан басқа соңғы үш жылда 172 бөкейлік жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға берілетін мемлекеттік грант иеленген.

Қызмет барысымен осындай курстардан өтіп, сертификат алып, кәсібін бастаған ағайындарды да, «Zhas project» жобасына қатысып, дүниежүзілік банктен демеулігімен кәсібін бастаған жастарды да, жастар жылында іс бастаған жас кәсіпкерлерді жарыса жазып, сүйіншілеттік. Нәтиже қандай? Мемлекет тарапынан қолдауға ие болып, кәсібін бастағандар есебі қағаз жүзінде көп, әрине. Ал, көзбен көріп, қолмен ұстаған тауарларымыз қандай, тұтынып отырған өніміз қандай?

Осы орайда «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Бибігүл Жұмағұловаға жолығып, грант, несие алған кәсіпкерлер жұмысы қалай жүзеге асуда, кәсіп бастаймын деп қаржы алып, алған қаржысын қалтаға басып, жауапсыздық танытқандарға қандай шара қолға алынып отыр. Осы тұрғыдағы сауалдарымызға жауап алған едік.

«555 600 ТЕҢГЕ – БІРЕУЛЕР ҮШІН МҮМКІНДІК, БІРЕУЛЕР ҮШІН СЫНАҚ»

  • Дәл бүгінгідей өз ісімді бастап, кәсібімді дөңгелетемін дегендерге көрсетіліп жатқан қолдау, ұсынылып отырған мүмкіндік бұрын-соңды болған жоқ. Осыдан жиырма-отыз жыл бұрын тиынынан теңге құрауға тырмысқандардың басты тірегі – өзінің сенімі мен күш-жігері еді. Сол кездегі кәсіп бастағандар сүрініп құлап, қайта бойын тіктеп, өз қателігінен сабақ алып жүріп жетілген буын. Шын мәнісінде тиыннан теңге, Маңдай термен дәулетін құрады. Қазір қалай? Ынта білдіргендерге «Бизнес-бастау» курсынан өткізіп, кәсіпкерліктің әліппесін оқытамыз. Жолын көрсетіп, қолына бағдарын ұстатамыз. Бастапқы қаржысын да ұсынып отыр. Бұл біле білген адамға үлкен көмек. Жиырма бір күндік курстан өтіп, шоттарына қаржы түскенше, курстан өтушілердің өзі осы грант алу мүмкіндігіне сенбейді. Қаржысын алғаннан кейін ісін бастап кететіндер де бар. бастамай, қомақты қаржыны күйбең тірліктің жоғын түгендеуге, жыртығын жамауға салып жіберіп, отырып қалатындар да бар. Берілген қаржыны үйлесімді іске асырып, кәсібін бастап кеткен сайқындық Тілеужан Самиғоллин, Жанерке Ғұбашева, Алтынбек Құресов, шоңайлық Әзиза Құсайынова, бисендік Гүлжауһар Қатауоваларды үлгі етіп айтуға болады,-дейді филиал директоры Бибігүл Мұқасқызы.

Мұқасқызының айтуынша, кәсіп қыламын дегендердің көпшілігі мал шаруашылығына басымдық береді екен. Екінші орында сән салоны, шаштараз, тігін ательесі сияқты қызмет көрсету орындары тұр. Грант алуға ниет етіп, кәсіп ашуға тәуекел ететіндердің көпшілігі әйел заты екен.

  • Бұл өзі өмір заңдылығы шығар. Балаларымның ризығы мол болсын, қатарынан қалмасын деп, не нәрсеге де тәуекел ететін аналар ғой. Биылғы жазда пандемияға байланысты оқуларымыз онлайн форматта өтті. Өзіңіз білесіз, көп ауылда интернет мәселесі шешілмеген. Тренер айтқан уақытта желіден табылу үшін, тапсырманы дер кезінде тыңдау үшін ауылдағы әйел-аналарымыз күнің ыстығына қарамай, ауылдың интернет ұстайтын төбесіне барып, көлеңкесіз, ми қайнатар ыстықта төбеде желі торуылдап отырды. Мұны өзі көңіл қуантады. Осындай қиындықпен курстан өткен аналарымыз қаржылары қолға тиген соң, аянып қалмас деп сенгім келеді,-дейді Бибігүл Жұмағұлова.
  • Сенім демекші, осы грант, несие алған азаматтар ісін аяқсыз қалдырса, қайтарымсыз деп берілген қаржыны кері қайтарып бере ме?-деп сұрадық.
  • Иә, әрине, қайтарымсыз қаржы мақсатты жұмсалмаса, кері қайтарылады. Былайша айтқанда, 555 600 теңге – біреулер үшін үлкен мүмкіндік, енді біреулер үшін сынақ. Сол мүмкіндікті ұтымды пайдаланғандар «Жол қартасы», басқа да бағдарламалармен берілетін үш-бес миллион қайтарымсыз сомаға өтінім бере алады. Ал, бастапқы соманы мақсатты жарата алмағандар опынып қалады. Грант алушымен үш жақты келісімшарт жасалады. Бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуына кәсіпкерлік палата да, аудандық жұмыспен қамту бөлімі мен грант алушы да мүдделі болады. Грант алған әрбір кәсіпкер біздің қадағалауымызда үнемі хабарласып, жағдайын сұрап, қиындыққа кездесіп, мәселе туындай қалса, бірлесіп шешуге қол ұшын созамыз. Пандемияға байланысты кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан кеңшілік жасалып тұр. Осы мүмкіндікті өз пайдамызға пайдаланып, аяқтан тұрып алуымыз керек. Әзірше қаржыны алғанымен, кәсібін жүргізбей отырған бір ғана кәсіпкеріміз бар. Кәсібін жүргізбей отыр дегенім де артық шығар. Бастаған ісін жалғастырмай отырған дегенім дұрыс болар. Осы кәсіпкерімізбен сөйлесіп, мән-жайжы анықтаудамыз. Ал, несие алғандарға қатысты айтарым, несие кепілге беріледі. Кепілге үйі қойылған кәсіпкер ешкімнің жетектеуінсіз-ақ қарекет қылады ғой.
  • Сонда грант алғандар, несие алғандар жұмысын бастап кеткен екен. Мал шаруашылығы бойынша қымыз өндіріп, қой өсіремін, құс фермасын жолға қоямын дегендер көп. Дұрыс-ақ. Қолдаймыз. Бірақ неге сол өнімдерді сөрелерден көрмейміз, ең құрығанда жәрмеңкеде сол өнімдерімізді көрмейміз ғой. Баяғы сол бәрімізге жақсы таныс кәсіпкерлер келетін. Бұған не айтасыз?
  • Қайтарымсыз берілетін грант мөлшері былтыр 505 000 теңге болса, биыл 555 600 теңге болды. Бұл сомаға кәсіп бастап, түгел аудан бойынша өнім ұсынуға әлі ерте шығар. Ал қағаз жүзінде кәсіпкерлеріміз зейнетақы шотына, біріыңғай жиынтық төлемдерін аударып, өзін өзі жұмыспен қамтығандар қатарында. Олардың өз өнімдерін жаппай жұртшылыққа ұсынбаса да, көрші-көлеміне ұсынып, фотосуретпен дәйекті түрде есеп тапсырып отыр. Соңғы үш жылда кәсіп ашқандардың аяққа тұрып, аудандық нарыққа шығуына әлі де уақыт керек,-дейді Мұқасқызы.

Екеуара әңгіме кезінде кабинетке ұялылық көпбалалы ана, грант иегері Перизат Дәулетова бас сұқты. Тілегені алдынан сұрамай-ақ табылған болды. Перизат біздің кейіпкеріміздің нақ өзі боп шықты. Сөзді өзіне берсек.

  • Грант туралы көп естідік. Үйде бала тәрбиесімен үйде отырмын. Тиіп-қашып, жалдамалы жұмыс жасаса да, нәпақа табарымыз жолдасым ғана. Грант алу үшін оқу керек екен. Екі-үш күн емес, айлап аудан орталығында жатуым керек екен. Оқсамайтын дүние болды ғой деп ойладым да қойдым. Сөйтіп жүргенде, көпбалалы аналар ауданға қатынап оқи алмайды ғой деп, Бибігүл Мұқасқызы бастаған тренерлер ауылымызға келіпті. Естіген бойда қуана келістім. Жолдасым да құптады. Бастапқыда қой қыру кәсібіне грант аламын ба дегем,   мерзімдік жұмыс деп, әрі ойлап, бәрі ойлап, өз қолымнан келетін, 100% сенімді ісім ғой деп, дәмхана ашуға ниет қылдым. Мұқасқызының өзі «көпбалалы ана кәсіп бастамақшы, қолдау көрсетіңіз» деп   ауылдық округ әкімдігіне шығып, ғимарат мәселесін де шешіп берді. Жаман емес. Ақшаның дәмін сездім,-дейді күліп.

Перизаттың «Саяжан» дәмханасы туралы газетімізге шықты. Жаңа нысанның ашылды, тағамы дәмді, қожайыны ілтипатты деп ауыл анасы ризашылығын білдіріп хат жолдаған еді.  Сол Перизатымыз гранттың қаржысын толық игеріп, кәсібінің керегесін кеңейту үшін несие алмақ ниетті екен.

Несие демекші, аудан бойынша туризм ісін дамытуға, жылыжай ісін жандандыруға ниет еткендер несие алыпты. «Ағайыннын аты емес, ауылдастың тайы озғанына қуан» демекші,  несие алып, ауданның өркендеуіне үлес қосам дегендердің беталысына қуандық.

Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ