19.02.2021, 17:57
Қараулар: 179
ТЕЛЕФОНМЕН ҰЙЫҚТАМА!

ТЕЛЕФОНМЕН ҰЙЫҚТАМА!

 

Қазір адам үшін ұялы телефон он үшінші мүшеміз сияқты. Үнемі жанымыздан табылады. Тіпті ұйқыға да сол смартфонға телміріп жатып, қалғып кетеміз. Тұра сала, қайта шұқшиямыз. Ешкім қоңырау шалмаса да, бір қарап қою қанымызға сіңгелі қашан?

Синергия университетінің Ақпараттық технологиялар институтының директоры Станислав Косарев бастаған сарапшылар жастықтың астына телефон қойып ұйықтаудың қауіпті салдары туралы айтады. Ұйықтар алдында қарамай-ақ, токқа қосып ұйықтауға болмайды.  Зарядтайтын қондырғы жарты метр жерде болса, онда жоғары кернеулі электр сымының астында ұйықтағанмен бірдей екен. Тіпті мұның соңы мида қатерлі ісіктің пайда болуына әкеледі. Ғалымдар сұмдық сорақы жайттарды да анықтап отыр. Ұялы телефонмен ұзақ сөйлессеңіз, ол адам миын бір градусқа дейін қыздырады екен.

Шведтік ғалымдар пайдаланушылардың 84%-ы құлақ тұсында температураның көтерілуін, 60 ұйқышылдыққа бейімделуін, 50%-ы бас ауруының күшеюін анықтаған. Еуропа ғалымдары жақында мынадай қорқынышты қорытынды жасады: 10 жылдан артық ұялы телефонды пайдаланған адамда мидың гематоэнцефаликалық кедергілерінің бұзылуы басталады, яғни миға зиянды заттардың кірмеуіне себепкер болатын сүзгіштің қабырғалары бітеледі. Бұл болашақта адамды мидың қатерлі ісік ауруына шалдығуына әкеліп соқтырады. Біздің өміріміздегі соқпақтар мұндай электромагниттік қысымды көтере алмауы мүмкін. Кейбір сарапшылар «адамдардың басым көпшілігі Альцгеймер және Паркинсон ауруларына шалдығады» деп жорамалдайды. Сонымен қатар жүргізілген тәжірибеге сүйене отырып, сәуленің әсері тек жинақталып қалмайды, кейінгі ұрпаққа беріледі деген қорытындыға келіп отыр.