19.02.2021, 18:02
Қараулар: 260
ОРМАН ІСІНІҢ БІЛГІРІ

ОРМАН ІСІНІҢ БІЛГІРІ

Хан ордасындағы орман – Бөкей ордасының көз моншағы, мақтанышы. 130 жылдық тарихы бар Орда орманы Хан ордасына алғаш келген әр адамның таңданысы мен қызығушылығын тудырып келеді. Осы жасыл желек табиғаттың Жәңгір бабамыздың бастамасымен қолға алынып, қазіргі күнге жетуі  өңіріміздегі орман ісі мамандарының  ұшан-теңіз еңбектерінің арқасы. Өлкеміздегі қарағайлы орманымыздың жайқалып өсуіне үлес қосып, орман шаруашылығы саласында айтарлықтай еңбек еткендердің бірі – ақжайық өңіріндегі орман ісінің білгір маманы Сәрсен Ерғалиев.   Құм қойнауындағы ауылдың жасыл желекті болуына, сол желектің жұтамауына тер төккен Сәрсен ағамыздың есімін Бөкей ордасының 220 жылдығы қарсаңында ұрпақ санасында қайта бір жаңғыртудың артығы болмас.

Мақала кейіпкері негізінен көршілес Казталов ауданы Кекей ауылының тумасы. 1949 жылы мектепті үздік бітіріп, Алматыдағы ауылшаруашылық институтының орман шарушылық бөліміне оқуға түседі. Шалғайдан арман арқалап барған Сәрсен ағамыздың теміржол бекеттерінде ауыр жүк түсіріп, тасымалдап, нәпақасын айыруына тура келді. Жоғары  оқу орнында жүріп-ақ орман шаруашылығы кафедрасының профессоры Н.Демидовтің  ұсынысымен  Тянь-Шаньдағы далалық экспедицияларға ассистент ретінде қатысқан. Бұл сапарда болашақ мамандығына үлкен ғылыми тәжірибе жинақтайды. Оралғаннан кейін Тянь-Шань флорасының  биоалуантүрлілігі туралы алғашқы ғылыми еңбектерін жазады.

1954 жылы жоғарғы оқу орнын бітірісімен арнайы жолдамамен Ордаға келеді. Орман шаруашылығында аға орманшы болып алғаш еңбек жолын бастайды. 1956 жылдың мамырында Чапай ауданының (қазіргі Ақжайық ауд) Каленый орман шаруашылығына ауысып, алдымен аға орманшы, екі айдан соң осы  мекеменің директорлығына тағайындалады. 1960 жылы қайтадан  ауданға Орда орман шаруашылығына директор болып ауысып, 1968 жылға дейін қызмет етті.  Сәрсен Ерғалиевтің басқару, ұйымдастыру қабілеті Орда орман шаруашылығы жұмысының  қарқынды жүруіне негіз болады. Мұнда орманды қалпына келтіру, питомниктер құру, жүзім алқаптарын кеңейту сынды жұмыстар жоспарлы түрде жүзеге асырылады. Сол кезеңде Майлықуыстағы   питомник   ашылады. Орданың айналасындағы Үшінші қарағайдағы ағаштар да сол кісінің бастамасымен отырғызылған. Сонымен қатар ағаш түрлерін көптеп отырғызу, аймақта флора әлемін күту, қорғау және жем-шөп қорын молайтуға баса назар аударды. С.Ерғалиев Орда орман шаруашылығында қызмет еткен жылдарында көптеген маңызды кездесу, конференцияларға, кеңестерге шақыртуларға қатысып, орман ісінде болып жатқан заңнамалық өзгерістер мен жаңалықтарды күнделікті іс барысында қолданып отырады. Атап айтатын болсақ, Батыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы жұмысшыларының өлкелік жиналысы, Алматыда республикалық деңгейде өткізілген курсқа, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Орман шаруашылығы мемлекеттік комитетінің ұйымдастырған орман шаруашылығы қызметкерлері активінің республикалық жиналысына және басқа да іс-шараларға белсене қатысқан. Сондай-ақ, Орда орман шаруашылығы қарамағындағы тұқымбақта өсірілген жүзім сортын  Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне  қойып, жеңіске жетуіне атсалысты. Ол кезеңде өсірілген жүзімнің сорты басқа жердің жүзімдеріне қарағанда дәмділігімен ерекшеленген.  Орда ауданында алғаш рет қарағайдан тұратын Жәңгір хан тоғайын  қалпына келтіргені үшін және жүзім шаруашылығын дамытқаны үшін бірнеше рет Кеңес одағының  «Еңбек ардагері» белгісімен, грамоталармен марапатталған.

Еңбекте ерен С.Ерғалиев адал, қарапайымдылығымен халқына қадірлі, елге елеулі, сыйлы адам болған.  Ордада бірнеше жылдар ғана қызмет етсе де, ол кісінің көзін көрген, қызметтес болған замандастары әлі күнге, жақсы пікір, жылы лебіздерімен еске алады.

Бүгінде Алматы қаласының тұрғыны, зейнеткер, бұрынғы Орда кеңшарының алғашқы директоры болған  Тауасих Мырзағалиев: «Сәрсен Ерғалиев адами тұрғыдан интеллигенцияның алды болды. Жұмыс барысында да, жолдастық қарым-қатынаста да қоян-қолтық араластық. Кеңшарға көмектесіп жүрді, шетен тоқыды, техникадан көмектесті. Оның басшылық жасаған кезінде  Орда орман шаруашылығы механизацияланған шаруашылық болып дамыды. Республика, облыс бойынша күшті білімді маман. Сөзге шебер, ақынжанды, ұйымдастыру қабілеті жоғары болды. Кеңшарда жастар кештерін өткізуді ұйымдастырды. Біздер жанұямызбен араластық. Оның үйлену тойында мен оған күйеу жолдас та болғам»- дейді.

Осы өңірдің тумасы, «Орда» кеңшарының директоры болған Мұқас Спандияров   2020 жылы «Егемен Қазақстан» газетінде «Қайран Нарын» тақырыбымен жарияланған мақаласында: «Құмды алқаптарға ағаш егу, оның өсіп жетілуіне күтім жасалды. Ал орман бөлек-бөлек жер телімдеріне бөлініп, картаға түсіріліп, орманшыларға бекітіліп берілетін. Бұл жұмыстар Ерғалиев кезінде тиісті дәрежеде жүргізілді,» — деп көрсетеді.

1995-2017 жылдары «Орда орман және жануарлар дүниесін қорғау  жөніндегі мемлекеттік мекеменің» директоры болған  Талғат Саматов: «Мен Сәрсен ағайдың шәкіртімін. Ол кісі мен жас маман боп оқу бітіріп келгенде, Жымпитыдағы орман шаруашылығының директоры. Мамандығым бойынша еңбек жолымды осы кісінің қарауында бастадым. Жұмыстарды ұйымдастыруға, әсіресе іссапар, далалық жұмыстарды    орынды жүргізуге,  адамдармен қарым-қатынас жасауға жақсы болды. Сәрсен ағай Орда орман шаруашылығында директор болған кезде көп жұмыстар атқарған. И.Рысқалиев, Е.Сарғұлақов, С.Карабиновтермен үзеңгі жолдас болды,-деп еске алады.

Сәрсен Ерғалиев Орда өңірінен басқа аймаққа кетсе де, Орда орман шаруашылығы саласымен ғылыми негізде жұмыстанған қазақтан шыққан бірінші зерттеуші бірден-бір маман. Ол 1975 жылы Кеңес Одағының орман шаруашылығы бойынша ұйымдастырылған арнайы кеңесте «Орда құмына бейімделген орман дақылдары» тақырыбында ғылыми баяндама жасайды. Осы ғылыми жұмысында Орда орман шаруашылығының тарихы ерте кезден  басталатынын және әлемдік ғалымдардың еңбектерінде де атап өтілгендігі туралы баяндайды. Сонымен қатар біздің жерімізде орман дақылдарын отырғызу үшін, алдымен топырақтың ылғалдылығы мен құнарлығы аса маңызды фактор болып табылатындығына өз пайымдауларын келтіреді.

Облысымыздың Жымпиты,  Бударин, Чапай аудандарындағы орман ісін дамытуда айтарлықтай жұмыстар атқарды.   Жымпиты орман шаруашылығының директоры болған кезінде Орал Жымпиты тас жолының бойында орман белдеуін салдырған. Қай өңірде қызмет етсе де, елдің қоғамдық өміріне атсалысып, аудандардың атқарушы комитетіне,  аудандық және облыстық деңгейдегі кеңестердің депутаттығына  сайланған. Еңбектегі ерліктері үкімет тарапынан бағаланып,  «Мемлекеттік орман қорғау жұмысындағы он жыл мінсіз қызметі үшін» белгісімен марапатталған. Ал, орман шаруашылығын дамытуда қол жеткізген табыстар үшін берілген грамоталарының өзі бір төбе.

Рухани дүниесі бай, көркем әдебиетке жақын Сәрсен ағай ақындық өнерімен де өзіндік қолтаңба қалдырған. Ол сол кезеңдегі қиын тұрмыс- тіршілік, бала кезіндегі ауыр тұрмысты, намыс пен құндылық сынды мәселелерді өз поэзиясында өрнектеп, кейінгі ұрпаққа ой қалдырады. Сексенінші жылдары ауылшаруашылығы саласына ауысып, зейнеткерлікке шыққанша тынбай еңбек етті. Сәрсен ағайдың жұбайы Ұмсынай апай –ордалық. Олар Ордада танысып, отбасын құрған. Олардың шаңырағында Жұматбек, Мұратбек, Ақылбек, Асқарбек және Гүлсім есімді ұл-қыздары өсіп-өніп, бүгінде әрқайсысы бір-бір шаңырақ иесі. Оралда тұратын қызы Гүлсім апай әкесінің жеке мәліметтерін, құжаттарын, суреттерін музей-қорыққа тапсырған болатын. Бүгінде аналарын ортаға алған ұрпақтар, әр- қайсысы әр салада қызмет жасауда.

Өз ісінің жанкештісі болған Сәрсен Ерғалиев Орал өңірінің табиғатына жанашырлықпен қарап, өңірдің орман-тоғайларын сақтауға, көркейтіп, дамытуға аянбай еңбек етті.

Гүлмира ЕЛЕМЕСОВА,

Хан ордасы музей-қорығының ғылыми қызметкері