26.02.2021, 18:18
Қараулар: 211
МЕДБИКЕ, ДЕПУТАТ ҺӘМ ТІЛШІ

МЕДБИКЕ, ДЕПУТАТ ҺӘМ ТІЛШІ

Мұратсайлық Жаңылсын апамызға деген  жергілікті ағайынның құрметі ерек.  Ауданымыздың денсаулық саласында жемісті еңбек еткен кейіпкеріміз сырқат жанның еміне шипа, дертіне дауа тауып, ісімен де, жүрегімен де сауықтыра білетін медбике ғана емес, өнегесімен дараланған қоғам белсендісі, жанындағы жақсы адамдарды насихат қылып, газет бетіне басқан тілші ретінде де көпке үлгі. Алла берген ғұмырында абырой мен терең парасаттылықты, кішіпейілділік пен іскерлік секілді қасиеттерді ұштастыра білген Жаңылсын Дәулетова  – үйдің де, түздің де тірлігін шебер үйлестірген берекелі отанасы, немере-жиендерінің аяулы әжелері, ұл-келінге ұлағатты ана.

«АҚ ХАЛАТТЫ АТАНУЫМА АНАМ СЕБЕПШІ БОЛДЫ»

35 жыл денсаулық саласында жемісті еңбек еткен Жаңылсын апамыздың мамандық таңдауына анасы Үміттің кембағылдығы себеп болыпты. Бір балдаққа сүйеніп жүрсе де, төрінен қонақ үзілмейтін, берексі тасыған үлкен әулеттің шырағын маздатты. Кембағыл бола тұра екі бірдей перзентті дүниеге әкеліп, Дәршін, Қойсын, Талшын және Жаңылсын апамызды қатарынан кем қылмай, адам қылды. Мұндай анамыздың қаһарманнан несі кем?! Кейіпкеріміздің әкесі Дәулет те қара табан, тегін адам емес. Оқып қатырма қағаз алмаса да, ақылы мен парасаты жағынан қатарынан алды болды, өмір мектебінің үздік шәкірті еді. Әкесі Дәулет Бәйбішев соғыс өртін көрген майдангер, еліне аман-есен оралған соң мал шаруашылығын қолға алып, шопан атанады. Сөз қадірін  ұғынған  суырыпсалма ақындығы бар еді.  Қонақтық-жиындарда табан астында өлең шығарып, кім-кімнің де көңіл сарайын ашып, марқайтып жіберетін. Кейіпкеріміздің ата-анасы еңбекқорлығымен де, қайырқомдығымен де ұрпағына үлгі болды. Үш қайнаса қосылмайтын ұлты шешен кейуананы қамқорлығына алып, он жылдай өз аналарындай күтіп-бағыпты.

–«Дәукең бұндай зор талантымен ауылда жүрмеуі тиіс» деп айтатын жөн білетіндер. «Қыз Жібектің» ариясын, халықтық эпостарды да жатқа айтып, тыңдармандарын ұйытатын. «Дәукеңнің жырларын тыңдасақ  бір жасап қаламыз» деп тамсанып, алғыстарын жаудырғандарды да көзбен көрдік», – деп әкесі хақында естеліктер тиегін ағытқан  кейіпкеріміз анасын да сағына еске алды.

–1949 жылы  қыс қатты болыпты. Қорадағы малдың азығы таусылса керек, әкеміз мен анамыз түйені жегіп алып  жақын маңнан шөп әкелуге жолға шығады. Баруын барғанмен, қайтар жолда боран соғып, бір сәтте айналасын ақ түтекке орайды. Әкем мен анам біраз жүрген соң адасып қалмайық деп тоқтаған жерге қозғалмай отыра қалады. Таңға жақын боран саябырсиды. Сөйтсе, екеуі де үйдің маңына жетіп қалған екен. Әттегенайы,  анамыздың бір аяғы үсіп кетіпті. Дереу Орда ауылындағы   Герасимов деген дәрігердің алдына апарады. Алайда әлгі дәрігер анамыздың  өмірін сақтап қалу үшін шұғыл арада аяғының тізеден төмен бөлігін кесу қажет депті.  Әкеміз «арқалап жүрсем де бірдеңе қылармын, әйелімді аман алып қалыңызшы» деп отаға келісім береді. Анамыз осындай ауыр бейнетті де мықтылығымен, байсалдылығымен өткерді, өле-өлгенше сабырынан тайған емес, – дейді алыс күндерге саяхат жасаған апамыз.

Жаңылсын апамыз мектепте озат, алғыр да зейінді шәкірттердің алды болды. Оқудағы жетістіктері үшін 1964 жылы  Қырымдағы «Артек» атты бүкілодақтық пионерлер лагеріне демалуға екі айлық жолдамаға да ие болған. 1968 жылы мектеп бітірген шақта білімпаз Жаңылсынның қатарластары секілді қала асып кетуіне жағдай болмағандықтан    әкесімен бірге шопандарға қолғабыс қылып, артылған қызметтерді хал-қадірінше атқарды. Ауылда жүрсе де медбике боламын деген арманынан айнымады. Жергілікті бөлімшенің белді мамандары Лена Сухоносова, Майра Құлыбаева, Рахметолла Хамзин сияқты ақхалатты аға-апаларының науқастарға көрсеткен көмектерін   көрген сайын  медицина саласына деген құлшынысы арта түседі. Содан 1969 жылы Орал медициналық училищесіне түсіп, ойдағыдай бітіреді.  Еңбек жолын  Сайқындағы  учаскелік  ауруханадан бастап, 1972 жылы тұрмысқа шығуына байланысты, Жәнібек ауданы, қазіргі Тау ауылының №3 «Большевик» фермасында фельдшер қызметімен жалғастырады.  1982 жылы апамыздың жан жары марқұм Боранбай Сапаров Мұратсай ауылына көшуді жөн көреді. Ауыл азаматы Ерболат Зейнекешов  төрт балалы жас отбасыға көмек қолын созып, тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіпті. Жаңылсын апамыз да бір жылдай балабақшада медбике, одан соң жергілікті амбулатория медбикесі болып ауысады.

–1984 жылы бөлімшеміз Мұратсай дәрігерлік амбулаториясы болып өзгерді. Амбулатория ашылған кездері дәрігерлер жиі ауысатын. Жексен  Сертеков,  Зулфина Бәсерова секілді дәрігерлермен қызмет еттім. Тіпті 10 ай дәрігерсіз жұмыс істеген кездеріміз де болыпты. Қолымыздан келгенше науқастарға алғашқы дәрігерлік көмекті көрсеттік те. Десе де  бас дәрігердің қолдауы керек-ақ. Қиналған шақта  Серік, Нәсіп Нүркеновтердің,   Нұрболат Жанғалиев, Әсима Әсетовалардың  ақыл-кеңестеріне жүгінетінмін. Жанымдағы  кіші медбике қыздар Махида Нұфтенова, Меңсұлу Мырзабаева, Бибігүл Жапарова, Қансұлу Қуанышалиевалар да зор жауапкершіліктерін байқатты. Күндердің күнінде айымыз оңынан туып терапевт-кардиолог әрі стоматолог Амангелді Лұқпанов келді. Ол кісі  өте білімді, елгезек, ұқыпты  маман еді.  Білікті дәрігердің арқасында ауруларды аудан орталығына жібермей-ақ ауылдан емдейтін дәрежеге жеттік. Әлі күнге жұмыстас сіңлілеріммен сіз-біз десіп сыйласып тұрамыз», – дейді апамыз әріптестер арасындағы сый-құрметтің маңыздылығына екпін түсіре.

 

КӨЛІКТЕ КІНДІК КЕСІП, ТҮН ЖАМЫЛЫП, ЖАЯУЛАП БАРЫП, АУРУҒА АРАША БОЛҒАН

Дәрігер-медбикелердің қызметтері қауырт, атқаратын жұмыстары ауқымды екені көпке аян. Біліктілігіңіз бен тәуекелшілдігіңіз сынға түскен сәттер аз болмаған шығар? – деп сұрадық.

–1988  әлде  1989  жылдың 30 сәуірі болса керек. Таңмен сиыр сауып  отырғам. Бір кезде «Света  Құбайтова деген келіншек толғатып жатыр» деген хабар келді. Негізі бұл келіншекті бір жұма бұрын аудандық ауруханаға  босануға жібергенмін. Өйткені, ол  бір жақ қолы мен аяғындағы  «Левосторонний гемипарез» деген диагнозбен диспансерлік есепте тұрған. Тұңғышын Оралда босанған. Жедел жәрдем көлігіне мінгізіп алдық та Сайқынға жол тарттық. Алайда, «Дәулет» деген елді мекенге жетер-жетпес тұста аяғы ауыр әйелді көлік ішінде босандыруға тура келді. Ешбір дұға, сүре білмесем де бір Аллаға сиынып «Уа Алла! Аман-есен қол-аяғын бауырына алсыншы, өзін де, сәбиін де сақтай гөр»  деп тіледім. Дұғам қабыл болып, шекесі торсықтай ұл келді дүниеге. Үйден алып шыққан үш литрлік банкадағы суға қолымды жуып-өңдеп, тиісті ем-домдарын жасадым. Сәбиді сөмкемдегі таза орағыштармен орап, сыртынан өзімнің жемпіріммен қоса орадым. Тоңып қалмасын деп жүргізуші Сақанболаттың  күрткесін жауып қойдық. Өйткені таңғы салқындық айқын сезіліп тұр еді. Әлгі келіншекке: «Әй, шырағым-ай, жып-жылы жерде босанатын адамсың ғой, неге үйге қашып келдің, осындай  салқында, тар  жерде қиналып қалсаң қайтер едің» дедім шыдамай. Әлгі келіншек те саспастан «Мен әдейі қашып келдім апа-ау, кіндігін сіз кессін деп. Сізге тартып мінезі жайлы болсыншы» деді. Босандырып болғанша жүргізуші сыртта жүрген-ді. Бәрі сәтімен аяқталған тұста  қызыл, сары тюльпандарды теріп әкеліп келіншекке ұсынып, бір қуантты.  2002 жылдардың шамасы болу керек. Таңғы сағат 3-4-терде «Шекер» деген елді мекеннен «інім ауырап жатыр» деп ағасы көмек сұрай келді. Сол кезде дәрігеріміз сырқаттанып  қалғанымен қоймай, жедел жәрдем көлігі де  сынып қалыпты. Қыстың сақылдағын аязында  жалғыз өзім үш шақырым жерге жаяу тарттым. Жатқа білетінім Фатиха, Ықылас сүрелері. Ескі моншаның қасынан өткенде сол сүрелерді қайталап айтып, Шекерге жеттім-ау. Діттеген жерге келсем айнала қап-қараңғы, адам ауырып жатырғаны рас па, өтірік пе деген күмәнді ойлар қаптады.  Үйге жақындай бергенде ит үрді, көп ұзамай  анасы шықты. Неге жарықты жақпайсындар десем, науқас баласы  жарықты жақтырмайды, сол себепті де  шам жағып қойдық деп ақталып жатыр. Ауруды қарай келе  «асқынған шап  жарығы» деген диагноз қойдым, ертеңгісін  аудандық ауруханаға жеткіздік. Жергілікті хирург Серік Нүркенов оған ота жасады.  Қазір  4-5 баласы бар  үлкен шаңырақтың отағасы, – дейді  кейіпкеріміз.

ТІЛШІ ҺӘМ ДЕПУТАТ

Кейіпкеріміз кезінде Жәнібек аудандық газетінің штаттан тыс тілшісі қызметін де абыроймен атқарды. Қолына қалам алып, газетке хат жіберуіне әріптесі, кіші қызметкер, адал еңбек иесі  Райхан Қадырғалиеваның көркем келбеті, адами болмысы себеп болған екен.

  • Райхан апа негізгі жұмысынан тыс, қоғамдық жұмыста да ерекше белсенді еді. Ерен еңбегі болса да көпке елеусіз қалып қоятын үлгілі адамдарды газет арқылы дүйім жұртқа таныстырып, насихаттағым келді. Тырнақалды мақаламды редакция алқасы оң бағалады. Сөз саптауыңыз жақсы, алдағы уақытта да мазмұнды жазбаларыңызды жіберіп тұрсаңыз деп сол кездегі Едіге есімді газет қызметкері қолқа салды. Осылайша білдей газеттің тілшісі атандым, – дейді.

Жаңылсын апайымыз да өз кейіпкері Райхан анамыз сияқты бала кезінен өте белсенді,  қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылды.  Есейе келе осы бір қасиеті оның азаматтық ұстанымдарымен ұштасып, Жәнібекте ауылдық кеңестің депутаты болды. Кейін Мұратсайда әйелдер кеңесінің құрамында боп, қыз-келіншектердің мүддесін қорғай білді. 1999-2004 жылдары аудандық мәслихат депутаты мәртебесінде де елдің жоғын түгендеп, мәселесін көтерді.

Халық алғысына бөлеген медбике Жаңылсын Дәулетованың ерен еңбегі әр кезде елеулі. Оған әр жылдары берілген  «Құрмет» грамоталары мен «Үздік медицина қызметкері» атты І дәрежелі дипломы,  ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың алғысхаты, т.б. елеулі марапаттар дәлел.

Қазіргі таңда  Жаңылсын апайымыз  қара шаңырақтың иесі де киесі. Бес уақыт намазын қаза қылмай, елдің амандығын, жанның саулығын тілеп отырған әзиз ана. Ұлы Ербол кеден қызметінде, қызы Айнұр Ресейде тұрмыста, қолындағы баласы Досбол  газ тарату станциясының операторы, кенже ұлы Айбол Нұр-Сұлтандағы ҚР Қорғаныс Министрлігінде әскери полиция жасағының штаб бастығының орынбасары, подполковник.

Иә, халықтың сүйіктісі атану екінің басына бұйыра бермейтін бақыт. Мейірімінен шуақ шашып, адами қасиетімен айналасына ардақты. Жаңылсын Дәулетованың дара жолы ұрпаққа үлгі. Сондықтан болар «сендер білмейтін шығарсыздар, Мұратсайда медбике болған, азаматтығымен ауызға іліккен Жаңылсын деген абзал жан бар. Жақында мерейлі жасқа толмақшы. «Ел мақтаған» деген арнаулы беттеріне сұранып-ақ тұрған жан. Ел мақтап, көп жақтайтын адам дәл сол Жаңылсындай-ақ болар» деп тұрақты оқырмандарымыздың хабарласуы тегін емес. Мұның өзі біле білгенге үлкен мәртебе.

Арайлым ЕСМАҒҰЛ