21.05.2015, 7:24
Қараулар: 391
Қырдың қызыл сиыры

Қырдың қызыл сиыры

IMG_4086


Алыстағы ауыл тұрғындарының асыл тұқымды мал өсірулеріне мүмкіндік беретін мемлекеттік бағдарламалар арқасында жаңақалалық шаруалар бүгінге дейін қазақтың ақбас сиырын, абердин-ангус тұқымын және алыс шетелден герефорд малын лизингпен алып, болашағы мол іске қадам басқанын облыс жұртшылығына баян еткенбіз.


Енді, міне, асыл тұқымды зеңгі баба түлігінің тағы бір түрі – қырдың қызыл сиыры да Жаңақала жеріне аяқ басты.

Қырдың қызыл сиыры – сүтті тұқым, ХVІІІ ғасырда Запорожье сұр сиырын остфрисландия бұқаларымен шағылыстыру арқылы алынған. Бұл тұқым құрғақ континентті ауа райына бейім келеді.

Сүттілігі жылына 3000-4500 килограмм, кейбір асыл тұқымдарының сүттілігі 9000-12500 килограмға дейін, майлылығы 3,6-3,8 пайыз.

Қырдың қызыл сиырының орташа тірілей салмағы 450-550 килограмм, бұқаларының орташа салмағы 800-1000 килограмм.

Бұл асыл тұқымды сиыр тұқымын ауданымызда көптен бері сүт өнімдерін өндірумен айналысатын «Шамұрат» шаруа қожалығы (жетекшісі Темірлан Шамұратов) алып келді.

Қожалық «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 51 бас 15-22 айлық қашарларды құны 10600 мың теңге болатын «Жаңақала-Несие» кредиттік серіктестігі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің лизингісімен алып отыр.

Бұл асыл тұқымды мал Ресейдің Волгоград облысындағы Суровикин ауданындағы Ленин атындағы асыл тұқымды зауыт-колхоздан алыныпты. Алғандағы орташа салмағы 300 килограмм екен.

Асылдың аты – асыл. Күні ертең бұл қожалық сүт өнімдерін өндіру ісін жақсарта бастары анық. Оның үстіне «Шамұрат» шаруа қожалығы осы 51 бас сүтті мал тұқымы арқылы ауыл шаруашылығы техникаларын 50 пайыз жеңілдікпен алу құқын да пайдалана алады.

«Жақсыны көрмек үшін» деген. Біз қожалық мекеніне ат басын тірегенде, қожалық басшысы Темірлан карантинге қойылып, бөлек күтімге алынған жаңа малының басында екен. Бірыңғай күрең түсті қашарлар, сергек те қоңды, салынған шөпті қарбыта жеуіне қарап қоренді екенін де аңдадық.

Жалпы, Темірлан Шамұратов қожалығы – 2002 жылдан бері жұмыс жасап, аудан тұрғындарын сүт өнімдері – қымыз, сүт, айран, қаймақ, ірімшік, құртпен қамтып отырған аудандағы бірден-бір шаруашылық.

Өкінішке орай, қожалық басшысы өзін жарнамалауға еш құлықсыз. Арық айтып, семіз шығуды, еліне елеусіз қызмет көрсетуді қалайды. 13 жыл ішінде бірде-бір ақпарат құралдарында аталмыш қожалық туралы жазылмауы да содан болар.

Әңгіме барысында сүт өнімдеріне сұраныс молдығын, сүт, қаймақтай өтіп, май былғауға мүмкіндік болмай жатқанын, облыс орталығынан құрт өніміне сұраныс жиі түсетінін аңдадық.

Қымызбен ауданаралық сауықтыру орталығының сұранысын, аудан орталығындағы дүкендер арқылы халықты да толық қамтып келеді.

Болашақта кешенді орталық салып, сүт өнімдерін жаңа технологиямен өндіруді қолға алсам деген ойы барын сөз барысынан аңғарып қалдық.

— Бұл мал – сүтті тұқым. Арнайы таңдадық. Жерсініп кетіп жатса, ойлаған жоспарымыз бар ғой, -дейді сөзге сараң Темірлан.

Бүгінге дейін шетелдік асыл тұқымды малдың біразы жерімеген Жаңақала жері қырдың қызыл сиырларына да жайлы қоныс болып, игілігін ел көрсін деген тілекпен аттанып кеттік.

Өмірзақ АҚБАСОВ,

Жаңақала  ауданы