25.06.2015, 7:36
Қараулар: 435
Әншінің мерейі тасыған күн

Әншінің мерейі тасыған күн

IMG_9241


Облыстық қазақ драма театрында ҚР халық әртісі, Мемлекеттік  сыйлықтың лауреаты, әнші-композитор Ескендір Хасанғалиевтің 75 жылдығына арналған «Туған жер – әнім» атты шығармашылық  кеш өтті.


55  жылдан бері халқын сазды әндерімен тербеп келе жатқан әнші-сазгердің кешіне өнер жанашырлары көптеп  жиналды. Ұлттық эстрадамыздың қалыптасуына үлес қосып, сырлы сазымен көрерменін  тәнті еткен әнші кеш бойы жеке орындауда және халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, ҚР Тұңғыш Президенті қоры сыйлығының лауреаты, жас әнші-композитор  ұлы Біржанмен бірге ән салды. Әнге сусаған зал толы көрермен 1961 жылдардан  бері айтылып келе жатқан «Анаға сәлем», «Есіңе ал», «Бозторғай» сынды әндерін әншімен бірге қосыла шырқады. Табиғи дауыспен айтылған ән тыңдап, жаны шалқыған көрермен әнші ағаның әр әнін ыстық ықыласпен қабылдап, ерекше қошемет көрсетті.   Кеш соңында көрермен атынан сөз алған  облыс әкімі Нұрлан Ноғаев әнші-сазгерді мерейлі  жасымен  құттықтады:

– Кезінде асыл арманы жетелеп, бозторғайлы атамекенінен Алматыға жол тартқан балаң жігіт Жаратқан дарытқан талантының арқасында талай биікті бағындырып,  халқын әсем әнімен тербеп келеді. Ескендір ағаны  білмейтін қазақстандық жоқ десе де болады. Өйткені ресми, бейресми жиналыстарда Қадыр ағамыздың сөзіне жазылған «Атамекен» әні шырқалады. Осы әнді әр тыңдаған сайын бірінші рет шырқалып тұрғандай әсер аламыз.  Бұл – әннің құдіреті. Үлкен концерттер, жиын-тойларда, салтанатты шараларда сіздің әндеріңіз орындалады. Бұл – сіздің жылдар бойы төккен теріңіз бен еселі еңбегіңіздің ақталғаны. Сіздің отбасыңыздың мүшелері қандай бақытты! Әрқайсысына бір-бір ән арнапсыз. Бүгін залдағы көрермендердің жастық шағын, студенттік қимас шақтарын еске түсіріп, әдемі кеш жасадыңыз. Лайым да сізді тыңдайтын, сізді қолдайтын, сізді сағынатын көрермендеріңіздің қатары ортаймасын! – деп ақ жарма тілегін жолдаған облыс басшысы мерейтой иесі мен оның отбасына қазақы дәстүрмен  сый-сияпат жасап, құрмет көрсетті.  Кеш бойы тікесінен тік тұрып, халқына жүрегімен ән арнаған әнші өзін әр кез жылы қабылдайтын туған еліне, облыс басшысы Нұрлан Асқарұлына алғысын білдіріп, жүрегінің бір бөлшегіне айналған атамекеніне ылғи  алаңдап  жүретінін  жеткізді.

Шығармашылық кеште І-VІІ «Атамекен» ән фестивальдерінің жеңімпаздары Жаскелең Ғайсағалиев, Нұржан Тасболатов, Ақмарал Ахметова және Расим Жұмағалиев  өнер көрсетті.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»


***

DSC_0235 (57)

Ақ Жайықтың төрінен бастау алған Қазақстан Республикасының  халық  әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші-композитор Ескендір Хасанғалиевтің кіндік қаны тамған Қаратөбеге сапары сағыныш самалын есе келді.

«Келші, келші, балашым» деп әр қазақтың баласын тал-бесікте тербеткен оның «Гүлсезім», «Әдемі-ау»,  «Есіңе ал!» деп барша жасты махаббат аралына жетелесе, «Атамекені»,  «Туған  елім – Қазақстанымы» мен «Жасай бер, қазағы» санаңа патриоттық сезім ұялатып, елжандылыққа шақырады. Ал  ең алғаш 21 жасында жазылған «Анаға сәлемі» әлі  шырқалып  келеді.

Орталық  алаңда қоңыр салқын кеште өткен «Туған жер – әнім» атты әнші-композитордың шығармашылық кешін қаратөбелік ағайын ерекше сезіммен қарсы алды. Ел-жұртын әнімен тербеп, сазымен баурап, мерейлі 75 жастың төріне шыққан Ескендір Хасанғалиевке  аудан  халқы атынан аудан әкімі Асхат Шахаров сәйгүлік мінгізіп, иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.

Ән-ағаның орындауында «Жасай бер, қазақ!», «Немерем – ақ таңым», «Әдемі-ау», «Асыл арман», «Қарындасым-қарлығашым», ұлы Біржан екеуінің орындауында «Студенттердің қоштасу әні», «Алматының алмасы» т.б көптеген әндері шырқалып, қалың көпшілік ерекше сезіммен ықыласын білдірді. Жергілікті өнерпаздар да сазгердің әндерін орындап, мереке шырайын  аша  түсті.

Қаратөбеде түн ортасына дейін созылған ән мерекесі Ескендір мен Біржан Хасанғалиевтердің орындауындағы «Атамекен» әнімен аяқталып, ауылдың түнгі аспанын мерекелік жұлдызжауын көмкерді.

Ертай  БИМҰХАНОВ,

Қаратөбе  ауданы