Бөкей ордасы — облыс орталығынан шалғай жатқан аудан демесеңіз, мұндағы қызу тірлікті, қайнаған жұмысты көріп, еріксіз көзің қызығады.
Аудан орталығы Сайқын ауылында тұратын Қуаныш Шәріпқалиев осыдан он шақты жыл бұрын кәсіпкерлікке бет бұрған екен. «Аққу» деп аталатын шағын кәсіпорын құрып, әуелі көлік жуатын орын ашыпты. Одан әрі көлік жөндейтін цехты жандандырып, біраз уақыт осы шаруамен айналысқан.
— Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге берілетін көмек, жасалатын жеңілдіктерді көргеннен кейін қарап отырмай жұмыс аясын ұлғайтуды ойластырдым. Сөйтіп, өткен жылы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 3 млн. теңге несиеге қажетті станок сатып алып, керамзит кірпіш өндіруге кірістім», — деді Қуаныш бізбен әңгімесінде.
Кәсіпкердің өніміне қазірдің өзінде сұраныс көп. Ауыл-ауылда құрылыстың қыза түсуі Қуанышқа да қолайлы болып тұр. «Жастар бұрынғыдай қалаға қашпайды, қайта ауылда тұрып, үй салып алуға пейілді. Сондықтан өнімімді өткізуге еш қиындық жоқ», — дейді өзі. Кірпіштің бағасы қымбат емес, әр данасы 160-180 теңге. Бұл қаладағы бағамен бірдей деген сөз. Шикізат Ресейден әкелінуде. Еуразиялық экономикалық одақ аясында кедендік кедергілер алынып тасталған соң тауардың өзіндік құны тым қымбат емес. Жалпы саны 8 адамды жұмыспен қамтыған кәсіпкер келешекте тек керамзит кірпішпен шектеліп қалмай, құдыққа қажетті бетон құрсау, тротуар төсемін шығаруды жоспарлауда.
Айтпақшы, Қуаныш аудан орталығындағы қоғамдық моншаны да сенімгерлік басқаруға алыпты. «Кезінде 30 орындық монша салынып, екі-үш жыл жұмыс істегеннен кейін жұмысы тоқтап қалған еді. Біз моншаны іске қостық. Күні бүгін монша жұма, сенбі, жексенбі күндері жағылады. Жұма күні балалар, қалған екі күн ересектер келіп түседі. Бағасы – 300 теңге. Жалпы, халық риза», — дейді кәсіпкер.
Тоқтасын КЕНЖЕҒАЛИ,
Бөкей ордасы ауданы