Бауыржан Қарашев Жәнібек ауылының орталығынан 2004 жылы «Қараш» шаруа қожалығына қарасты шағын мал сою нысанын ашқан болатын. 2009 жылға дейін ауыл тұрғындарына өз қызметін ұсынып келген кәсіпорын сол жылдары шетел асып келген арзан еттердің нарықты жаулап алып, отандық өнімдерді шетке ысырған нөпірі кезінде бәсекеге төтеп бере алмай, жұмысын тоқтатқан еді. Алайда біразырақ жылдан соң мемлекетіміздің шағын және орта бизнесті қолдау саясаты осы нысанның бағын ашты. Бауыржан Бақтыгерейұлы несиеге қол жеткізуінің арқасында кәсіпорын жұмысын жандандырып, етті өңдейтін жаңа құрал-жабдықтар сатып алып, бүгінде қарамағындағы үш адаммен жұмыс істеуде.
— Малды сойып, етін өңдеп, сақтап, сату жұмыстарын қолға алып отырмыз. Орал қаласынан етті бөлшектеп сататын дүкен ашуды жоспарлап, қазір соның құжаттарын реттеудемін. Бір мезгілде 50 бас малды соя аламыз. Алдағы уақытта кәсіпорын жұмысын өрістетіп, 20 адамды жұмыспен қамтысақ деген жоспарымыз бар, — дейді Бауыржан Қарашев.
Алмаз Нысанбаев — 2007 жылдан бастап отбасымен кәсіпкерлікке түрен салған жас. Анасы Сәуле 2010 жылы өз атынан ауылдың көрнекті жерінен дүкен ашып, «МНМ Орал» ЖШС және АШҚКК-ден несие алды. Бүгінде заманауи үлгідегі дүкен халыққа тиімді қызмет көрсетуде. Қаржы саласы мен заңгерлік мамандықты қатар игерген Алмаз 2011 жылы өзінің «Жасмина» жеке кәсіпкерлігін ашқан болатын. Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Наталья Сажина Алмаз туралы бізге былай деді: «Жігерлі жігіт қазіргі күні Жәнібек ауылында супермаркет құрылысын жүргізуде. Оның жалпы көлемі 290 шаршы метрді құрайды. Құрылыс нысанында бес адам жұмыстануда. Алдағы уақытта 12 адамды жұмыспен қамтымақшы».
Құрылыс жүріп жатқан нысанға барғанымызда жұмысшы Қуаныш Жұмағалиев: «Ылғалға, құрғақшылыққа төзімді заманауи материалдармен қабырғаны қаптау жұмыстарын аяқтадық. Қазір еденге өрнектас жапсырудамыз. Жалақымызға көңіліміз толады, уақтылы алып отырмыз», – деп жұмыс барысынан хабардар етті.
Таяуда ауданымызға іссапармен келген облыс әкімінің орынбасары Нариман Төреғалиев аталмыш құрылыс алаңында болып, осындай бірегей жобаны Жәнібек ауылында жүзеге асыруды қолға алған жас кәсіпкерге сәттілік тілеп, жаңалыққа жаны құштар жастарды мемлекетіміздің әрдайым қолдап отыратындығын атап өтті.
Меңдігүл ҒАРИФОЛЛАҚЫЗЫ,
Жәнібек ауданы