Мейрамбек Аққалиев, Бөкей ордасы ауданындағы Орда ауылдық округінің әкімі
Құрамына Хан ордасы, Қарасу, Үштерек, Сейітқали, Макар сықылды елді мекендер кіретін Орда ауылдық округінде бүгінде 747 түтін, 3172 тұрғын бар. Жылына орта есеппен 53-56 сәби жарық дүниеге көрініп, шүкір, ауылдастарымыз табиғи өсім есебінен көбейе түсуде. Ауыл-аймағымызда қазақ халқына қоса, татар, орыс, грек секілді ұлт-ұлыстардың өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешуде. Ұлты өзге отандастарымыздың бәрі де мемлекеттік тілде еркін сөйлейді. Өз басым ауылдастарымның ынтымақты өмір сүріп, адал еңбекпен өздерінің ырыс-ырыздығын еселей түсуін Елбасының жасампаз саясатын нақты қолдау деп түсінемін.
Облыс орталығы Орал қаласынан 550 шақырым, аудан орталығы Сайқыннан 55 шақырым қашықтықта қоныстансақ та, Орда округінде дәрігерлік амбулатория, бірнеше мектеп пен кітапхана, мәдениет үйі, клуб, музей секілді мәдениет ошақтары, пошта-байланыс, сондай-ақ өрт сөндіру, орман шаруашылығы мен малдәрігерлік салаларының жергілікті мекемелері тұрақты жұмыс істейді. Бұл мекемелердің қай-қайсысы да қажетті мамандармен толық қамтылған. Мәселен, дәрігерлік амбулаторияда штаттық кестеге сәйкес 17 медқызметкер еңбек етіп, ағымдағы ем-домды айтпағанда, 15 кісілік күндізгі стационардың жүйелі жұмысын қамтамасыз етуде.
Жалпы жер көлемі 102 790 гектарды құрайтын Орда ауылдық округінің аумағында 133 шаруа қожалығы бар. Төрт түлігіміздің де саны әжептәуір. Мәселен, 18 мыңнан аса ірі қарамыз, 16 мыңның үстінде қой-ешкіміз, 6 мыңға жуық жылқымыз және 750-ге тарта түйеміз бар. Шаруа қожалықтарының басшылары төрт түлікті асылдандыру мәселесін күн тәртібінен түсірген емес.
Ел ішінде, халық арасында біздің өңір Нарын құмы деп аталатыны мәлім. Осы құм ішінде отырып-ақ, «Қалауын тапса, қар жанар» дегендей, біздің округ бойынша 237 отбасы бау-бақша баптап, бағбандықпен айналысады. Ал 45 ауылдасымыз шағын кәсіпкерлікті өрістетіп отыр. Ретті жерінде және бір айтпағым, барша іскер ауылдасымыз ауыл-аймағымызда өтетін мәдени-спорттық шаралар мен қайырымдылық акцияларына белсенді атсалысудан ешқашан жаңылған емес.
Ауылдастарымның жасампаз еңбегінің нәтижесінде жергілікті салық түсімі де ұлғая түсуде. Мысалы, 2013 жылы Орда округі бойынша 262 854 теңге салық жиналса, былтыр, яғни 2014 жылы қазынаға 296 427 теңге салықтық түсім құйылды. Жергілікті салық түсімінің молаюына туризм саласының өркендеуі оң ықпал етуде.
Біздің ауылымыздан, яғни Орда ауылдық округінің орталығы Хан ордасынан сәуірден желтоқсан айына дейін турист арылмайды. Сөзіміз құрғақ көрінбеуі үшін тағы да статистикалық мәліметтерге жүгінейік. Бөкей ордасы тарихи-музей кешенін көруге 2013 жылы 13510 турист келсе, былтыр аталмыш кешенді 14720 турист тамашалады. Ал биылғы жылдың алғашқы алты айының өзінде 6900 турист біздің ауылдың топырағына табан тіреп үлгерді. Міне, осылайша туристер толқынының үдей түсуі біздің ауыл-аймақта қоғамдық тамақтану, тұрмыстық қызмет көрсету және қонақүй бизнесінің қанат жаюына оң ықпал етуде. Осы сөзіміздің айғағындай осыдан бірер ай бұрын Мейрамгүл Забесова «Жаннұр» шайханасын ашты. Мұнда арақ-шарап, темекі-шылым дегендер мүлдем сатылмайды. Есесіне ас, қуырдақ, палау, кәуап секілді құнарлы тағамдар мен қымыз, шұбат секілді шипалы ұлттық сусындар, қаймақ қатқан қою күрең шай мен бауырсақ туристердің талғамынан бек шығып жүр. Таяу күндері «Рауан» шаруа қожалығының жетекшісі Серік Мұхамбетшин ауылдық округтің орталығы Хан ордасы ауылында 150 кісіге арналған мешіт пен 400 кісілік тойхана ашпақ.
Бөкей ордасы тарихи музей кешенін көру үшін келушілердің қатарында өзіміздің облыстың тұрғындарына қоса, атыраулық ағайындар, сондай-ақ Ресейдің Мәскеу, Астрахан, Волгоград, Саратов қалаларынан туристер жиі келеді. Тіпті 2007 жылы Жапонияның Хоккайдо университетінің профессоры Уямо Томохиконың біздің музейлік кешенге арнайы ат басын бұрғаны бар. Ал енді Әбіш Кекілбаев, Ақұштап Бақтыгереева, Қайрат Жұмағалиев, Әбсаттар қажы Дербісәлі секілді байтақ елге, алты алашқа танымал тұлғалар мен Қырымбек Көшербаев, Ерәлі Тоқжанов, Гүлшара Әбдіхалықова сынды мемлекет қайраткерлерінің Бөкей ордасы тарихи музей кешенін тамашалап, кешен қызметкерлерінің еңбегіне жоғары баға беруі – біздің ауылдың үлкен-кішісі үшін ортақ мерей-мәртебе.
Қазақ тарихының дербестік кезеңінің ең соңғы тарауын жазған Бөкей хандығының тауқыметті тағдыры мен тарих талқысына шыдай білген ержүрек еліміздің рухани өміршеңдігінің тебірентер шежіресін жасақтаған мұражай ұжымына шын жүректен ризамыз.
Орда кентінің тірі тарих тұрғындарына жарқын болашақ, сәулетті өмір тілейміз.
Әбіш Кекілбайұлы
31.07.2000 ж.
Огромное спасибо за интересную экскурсию, за бережное сохранение истории народа!!! Очень богат край обычаями, историческими событиями и сохранить, преумножить и главное просветить людей одна из важнейших ценностей. Низкий поклон вам за ваш труд.
Семья Григоренко,
Свердловская область,
г. Нижняя Тура
27.08.2012 год.
Я глубоко восхищен богатой историей Букеевской орды и замечательными экспонатами музея! Это почти чудо, что посреди степей построили красивейшую столицу ханства, и с этой земли появились столько много выдающихся политических, общественных, культурных деятелей и храбрых батыров! Хочу выразить глубокое уважение основателю, директору и сотрудником музея!
Уяма Томохико,
профессор университета
Хоккайдо, Япония
31.08.2007 г.
(Бөкей ордасы тарихи музей кешенінің лебіз-пікірлер кітабынан)
Зинур УРАЗГЕЛЬДИЕВ,
Хан ордасы ауылының тұрғыны:
— Қазақ пен татар бір тамырдан шыққан халықпыз ғой, қыз алып, қыз берісіп, тату-тәтті өмір сүрудеміз.
Осы Орда ауылында дүниеге келіп, осында білім алып, орта мектепті тәмамдап, Отан алдындағы борышымды өтеп, туған ауылыма қайтып оралып, пошта жүйесінде біраз жыл еңбек еттім.
Қазақтың Әлия атты қызымен отасқаныма 32 жыл болды. Надия, Сания, Эльдар атты ұл-қыз сүйіп, оларды тең құрбысынан кем қылмай жеткіздік.
Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған қазақ елінде отандастарымыздың бірлігі беки түсіп, берекеміз еселене берсін!
Андрей ФЕДОРИДИ,
Хан ордасы ауылының тұрғыны:
— Менің ұлтым орыс болғанымен, қазақ елі мен үшін ыстық, өйткені осы Нарын құмында менің кіндік қаным тамып, осы киелі жердің байырғы тұрғындарына біржола бауыр басып кеттім. Әкем орыс, анам грек болса да, өзімді қазақ санаймын.
Қазақтың қолаң шашты, қарақат көзді Гауһар атты қызына сырға салып, шаңырақ көтеріп, отау құрғаныма 3 жыл болды, Денис атты ұлым, жақсы көретін жұмысым бар.
Отбасымда қазақ, орыс және грек халқының тағамдарын дайындауға үлкен мән береміз.
Өзге ұлттардан, соның ішінде қазақ бауырлардан дос-жаран, тамыр-танысым көп. Өз басым өзге ұлт өкілі ретінде ынтымағымызды нығайтып, ырысымызды молайтар шараларға белсенді атсалысудан еш жалыққан емеспін.
Беттің материалдарын дайындаған
Бауыржан ФАЙЗОЛЛАҰЛЫ