21.10.2015, 11:43
Қараулар: 319
Шоңайлықтардың «бас ауруы» – ауыз су

Шоңайлықтардың «бас ауруы» – ауыз су

р-131-…Аудан орталығынан жарты сағаттық жолды құрайтын Шоңай ауылының төбесі де көрінді. Көп ұзамай, соғыс кезінен кейінгі астан-кестеңі шыққан өмірді елестететіндей, құлаған жаман тамдар, қоқыс үйінділері, ескі темір тегершікті арбалар, тағы да басқа техниканың қалдықтары көзге шалынды. Өзге жерге қоныс аударушылар үйлерін бұзып әкетіп, орындарында тас үгінділері тау болып үйіліп қалған екен. Көше бойынан да бірде бір адамды байқамадық. Біртүрлі бұйығы жатқан мекен.

1980 жылдары мұнда халық саны 1500 болса, қазір есепте 300-дей тұрғын қалыпты.  Тұрақты табыс көзі болмағандықтан жастар қолдарын бір сілтеп, аудан орталығы мен қалаға бет бұрған. Шындығында ауыл тұрғындарының дені жұмыссыз.

Бұл сапарымызда алдымен сонадайдан менмұндалап тұрған еңселі ғимарат – бастауыш мектепке ендік. Іші мұнтаздай таза әрі жағымды әсер сыйлайтын білім ұясында күні бүгін 9 оқушы барын білдік. Ал, 2008 жылы ашылған шағын орталықта 10 бүлдіршін тәрбиеленуде.

Бастауыш мектеп меңгерушісі Мира Болатқалиева орыс тілі пәнінің маманы. Былтырғы жылы 6 бала ғана оқыса, биыл бұл көрсеткіш сәл де болса көтерілгеніне қуанышты.

–Бізде қазір ағылшын тілінің маманы жоқ.  Жұмасына берілер екі-үш сағат үшін ешкім үй жайын тастап ауданнан қызметке келмейтіні анық. Сондықтан М.Мәметова атындағы орта мектептен мұғалім қатынап, сабақ беруде,-дейді Мира Мұхтарқызы.

Балалардың ас мәзірімен танысу мақсатында асханаға ендік. Құрқылтайдың ұясындай бөлмеде электр плитасымен тамақ дайындалып жатыр. Назарымыз үстел үстіндегі қалбырға түсті. «Мұның ішіндегі балыққа аздап су тамызып, бүлдіршіндерге ыстық тамақпен қосып береміз»,-деп түсіндіріп жатыр аспаз. Бірақ, біздің «түсінгеніміз» шамалы…

Ауылдың батыс бетінде оқшау тұрған медпунктке де кіріп шықтық. Мұнда фельдшер Қазима Әнесова қызмет етеді. Тұрғындарды салауаттылыққа бағыттау барысындағы оның еңбегі  бағаланып, 2012 жылы «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған. Жыл сайын халықты скринингтен өткізу, ауылға қарасты елді мекендердегі адамдар денсаулығын тексеру, әйелдердегі жатыр, омырау ісігі, т.б. аурулардың алдын-алу бағытында жұмыстанып отырған денсаулық сақшысы шоңайлықтардың дені жүрек, қан-тамыр ауруларымен жиірек сырқаттанатынын айтады.

Кезінде бұл Шоңай тал-теректермен көмкерілген әдемі болыпты. Пойызбен су тасылып тұрған кезде бау-бақша салынып, үй маңына гүлдер егілген ажарлы ауыл қазір әлгінде айтқан сүреңсіз күйге енген.

«Бұл жердің басты проблемасы ауыз су», -дейді тұрғындар. Ресейліктермен малы аралас, қойы қоралас уақытта шойын жолдың арғы бетінде су айдайтын желі (водокачка) тоқтаусыз жұмыс істеп тұрған. Кеңес үкіметі тараған кезде ол ресейліктер иелігінде қалған. Сенсеңіз бұрын мұнда шұжық, тері өңдеу цехы да болыпты. Цех іргесінен ұңғыма құдық та қазылыпты. Уақыт өте бәрі де істен шыққан. Кейін жеке кәсіпкер Саид Бақытов құдық қаздырып, тұрғындар суды содан сатып алып жүрген көрінеді. Мал ұстайтындар аптасына екі мәрте құйдыратындықтан, айға 8 мың (әр рейсі 1000 теңге) теңге тек суға шығындайды. «Бағасына келістік қой, сапасы сын көтермейді. Лай суды екі-үш күн (тұңғанша) іше алмай отырамыз, әрі ол алғау»,-деп мұңдарын шақты тұрғындар.

Енді бірер сөз ауыл мәдениетіне қатысты. Жергілікті клубта ұзақ жылдар қызмет еткен Сағира апай Қажығалиева былтыр зейнеткерлікке шығып, қызметін ұлы Рауан жалғастыруға ниет еткен. Ол аз ғана ауыл жастарының басын қосып, әртүрлі мәдени шаралар өткізіп тұрғанымен, нағыз ән мен күй күмбірін сезіну бір басқа сияқты көрінді бізге.

Қас қарайып, айнала тылсым тыныштық құшағына енді. Біз тағы да жол үстіндеміз. Санамызда кішкене ауылдың әлгінде әңгімелеген үлкенді-кішілі проблемалары. Ең бастысы, тұрғындардың ауыз су мәселесіне қатысты өтініштері аяқсыз қалмаса дейміз.

Гүлнар ҚАДЫРОВА.