17.12.2015, 18:33
Қараулар: 238
Мерейді тасытқан мерейтой

Мерейді тасытқан мерейтой

Жақында аудандық Мәдениет үйінде балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің құрылғанына 30 жыл толуына орай салтанатты жиын болып өтті. Спорттың адам өмірінде алар орны орасан. Ол – денсаулық кепілі. Соңғы жылдары оған мемлекет тарапынан да ерекше көңіл бөліне бастады. Яғни, халықты салауатты өмір салтын ұстануға үндеу бағытында бар жағдай жасалып келеді. Мұны жаңа құралдармен жабдықталған спорт мектептерінің бүгінгі күйінен де анық байқауға болады.

Салтанатты жиында аудан басшысы Нұрлан Рахымжанов құттықтау сөз сөйлеп, жастарымыз әрдайым намыс туын қолдан бермей, бәскелерде бөкейліктердің рухын асқақтата беруіне және олардың арасынан биікті бағындырар саңлақ спортшылар шығуына тілектестігін білдірді. Әрі еселі еңбектерімен танылған жекелеген спортшыларға «Алғыс хат» табыс етіп, сый-сияпат тарту етті. Олардың ішінде аудандық балалар және жасөспірімдер мектебінің директоры Дмитрий Семилиди, қызметкерлері Нұржан Сариев, Роман Семилидилер бар. Айтулы шараға орай Батыс Қазақстан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Бекеттің құттықтауы бейнеролик арқылы тыңдалып, оның аудан әкімі атына жолдаған «Алғыс хатын» Дмитрий Фиофилұлы оқып берді.

Иә, дені саудың – жаны сау дегендей, шынығып, шымыр болғандар сымбатты дене бітімдерімен қатар жігерлі, сенімді, төзімді болып, айналасындағылардың құрметіне бөленеді. Қайыспас қайсарлық пен табандылық, өмір дауылдарына төтеп берер қайраттылық спортты ұдайы серік еткендердің еншісінде. Ислам діні де қоғам қуатты да айбынды болуы үшін спортқа ерекше көңіл бөлуге шақырады. «Жалпы, спортпен шұғылдану – ойды сергітіп, бойды өсіреді, қан айналысын жақсартады, ойлау қабілетін арттырып,  санаға оң әсер етеді» деген пікірге сүйенеді көпшілік. Бұл мерейлі шарада сала мамандарымен қатар, спорттық шараларға демеушілік жасап жүрген  ауданға белгілі кәсіпкер Орынғаным Ақмұрзина да спорт мектебі басшысының марапатына ие болды.

Сондай-ақ, мерейлі күнгі салтанатта осы мектептің алғашқы түлектері – бүгінде шыныққан, ысылған азаматтар сахнаға шақырылып, көпке таныстырылды. Елорда мен облыс орталығынан, өзге аудандардан келген құттықтау жеделхаттар оқылды. М.Мәметова атындағы орта мектеп директоры Асылхан Аманғалиев облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Сабыровтың құттықтауын оқып берді. Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әлібек Айтқалиев, ардагерлер ұйымының төрағасы Серік Таңатов, аудандық аурухананың бас дәрігері Әділгерей Ғаббас, балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің ата-аналар комитеті атынан Ерболат Ахметов, қазақша күрес үйірмесінің бапкері Тұйғынбек Жұмағазиевтер ізгі тілектерін жолдады.  Дмитрий Фиофилұлы қолдау көмегін аямай келе жатқан аудан басшысына БҚО дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Алғыс хатын» табыс етіп, тарту-таралғысын ұсынуды ұмыт қалдырмады.

Ыстық ықыласқа толы шара соңы аудан көркемөнерпаздарының көңіл тербетер концертіне ұласты.

Тұйғынбек ЖҰМАҒАЗИЕВ – қазақ күресінің  бапкері:

– Мен спорт мектебіне жетінші сыныпта оқып жүргенде келдім. Балалық тентектіктің бәрі қалып, нағыз шыныққан азамат болып қалыптасуыма, салауатты өмір салтын ұстануым ықпал етті.  Спорт мектебінің директоры Дмитрий Семилиди мен самбодан бапкерім болған Алмас Абдуғалиевтің еңбегін ешқашан ұмытпаймын. Қалауым бойынша оқуымды жалғастырып, спорт маманы атандым. Қазір қазақ күресі секциясының бапкерімін. Ресейде өтетін шараға  балаларды дайындау үстіндеміз. Бұрынғы жарыстардан олжалаған жетістіктеріміз де аз емес.

Мекемеміздің 30 жылдығымен барша әріптестерімді құттықтаймын. Салтанатты шара жоғары деңгейде өтті.

Ерболат АХМЕТОВ – Сайқын ауылының тұрғыны:

– Спорт десе ішер асын жерге қоятын жанкүйерлердің бірімін. Волейбол, футбол ойындары қызықтырады. Ұлым Естөре де спортқа өте ынтызар. Осы мектепте бапкер ағаларының арқасында шынығып, шыңдалып келеді. Сол үшін аталмыш ұжымның баршасына алғысым шексіз.

Қысқасы, бұл спортты серік еткендердің мерейін тасытқан күн болды.

Гүлнар ТАСБОЛАТҚЫЗЫ.