18.12.2015, 10:21
Қараулар: 316
Ынтымағы жарасқан ұжым

Ынтымағы жарасқан ұжым

«Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан Республикасының Президенті − Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың кешегі Қазақстан халқына Жолдауымен әр еңбек ұжымы ыждағаттылықпен танысып, пікір бөлісуде. Аудандық ауруханадағы денсаулық сақшыларының таңертеңгі лездемесі де Елбасының Жолдауы, Жолдаудан туындайтын міндеттерді әңгімелеуден басталды.

Қысқаша кіріспе сөз сөйлеген бас дәрігердің орынбасары Айжан Сабырова алғашқы сөзді терапевт-дәрігер Анарбек Белисановқа берді. Ол Жолдаудың әр бөліміне, тарауына тоқталып, қарапайым тілмен байыпты түсіндіріп шықты. Дәрігерлер Қуандық Жұмағалиев, Нәсіп Нүркенова, тағы басқалар биылғы Жолдаудан алған әсерлерімен бөлісіп, Елбасы саясатының дұрыстығын, сондықтан да қалың бұқара тарапынан ерекше қолдауға ие екендігін атап көрсетті. Әрі өткен ғасырдың соңындағы қиын кезеңдерді еске түсіріп, дағдарыстардың өтпелілігін, ел біріксе алмас асу жоқтығын алға тартты. «Барды бағалап, жоқты жасай білген жасампаз жұртымыздың Көк байрағы әрдайым биікте желбіресін!», − десті лездемеге жиналған медицина қызметкерлері. Ынтымағы жарасқан ұжымның сөзі мен ісінде алшақтық болмасына біз де сендік.

Д.ӘЛИЕВ.