18.12.2015, 10:24
Қараулар: 331
 » 
Энергетиктеріміздің еңбегі ерен

Энергетиктеріміздің еңбегі ерен

н-66Желтоқсан айының үшінші жексенбісі – энергетиктер күні. Бұрын тұрақты түрде 22-інші желтоқсанда аталып жүрген бұл кәсіби мерекенің жылжымалы болып өзгертілгеніне екі-үш жыл болды. Ал, бұл  күннің мен үшін ерекше болатын себебі өмірімді осы кәсіппен байланыстырған жанмын. Орда ауылында  орта мектепті бітірген соң, 1980 жылы Саратов қаласындағы ауылшаруашылығын механикаландыру институтының инженер-электриктер даярлайтын бөліміне оқуға түстім. Оны 1985 жылы бітіріп, жолдамамен Орынбор облысындағы Куйбышев атындағы колхозға барып, бас электрик қызметін 3 жыл атқардым. 1988 жылы туған жерге оралып, қазіргі мекемеме аға мастер болып орналастым.

Бүгінде аудандық электр торабы ұжымы 1266 шақырымға созылған электр жүйесі мен 7 қосалқы станциялардың үзіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуде. Соның нәтижесінде биылғы 11 айда тұрғындар 12 млн. киловатт/сағаттан астам электр қуатын пайдаланды. Бұл айтуға ғана жеңіл. Өткір желде, сақылдаған сары аязда бағана басына шығып, желі ақауларын жөндеу, сым тарту, кезекшілікте тұру, тағы басқа қарбалас жұмыстар сырт көзге байқалмағанымен, электриктерден ыждағаттылықты, ұқыптылықты, іскерлікті талап етеді. Жігіттеріміздің қай-қайсысы да өз істерін мүлтіксіз атқарып та жүр. Ғайнолла Әжіғалиев, Еркін Байтөрин, Уап Ибраев сынды ардагерлерімізден үлгі алған Арман  Өтегенов, Есқайыр Құрманғалиев, Мұрадым Дауылбаев тәрізді жастарымыздың қатарын Бақытжан Сәменов, Айдос Мұстақ толтықтырды.

Биыл төл мерекеміз Елбасымыздың Қазақстан халқына кезекті Жолдауы жариялануымен, Тәуелсіздік күнімен тұстас келіп отыр. Біздің ұжым мүшелері де Жолдаумен жіті танысып, бірауыздан қолдау білдіруде. Кемеңгер Ұлт Көшбасшысының сара жолы халқымызды сындарлы кезеңдерден сүріндірмей алып шығарына біз сенеміз. Қолымыздан келгенінше қиындықтарды бірлесе жеңуге атсалысамыз.

Мерекелер құтты болсын! Ынтымақ-бірлікті арттыра берейік.

Самат ОҢАЕВ,

аудандық электр торабының басшысы,

құрметті энергетик.