5.01.2016, 11:36
Қараулар: 288
Қанында бар қайсарлық

Қанында бар қайсарлық

Уақыт керуені  Мәстура  Хабиеваны да өмірдің бір асқаралы белесіне алып шықты. Кіп-кішкене талдырмаш нәзік қыздың күні кеше ғана өрілген шашы арқасына құлап жататын. Сол бір бойжеткен шақтар-ай десейші?! Бар уақыты мектеппен тығыз байланыста өткен албырт жас бүгінде ұлағатты ұстаз, білікті басшы. Қарап отырсаңыз, еңбек жолын 1977 жылдан бастаған оның бұл мамандықты сүюі бала кезінен санада ұялаған. Анасы Әсима әженің қайраттылығын ауыл тұрғындары жақсы білетін. Сол еңбекқор жаннан дарыған қайсарлық Мәстура Нәсиқызына өз дегенінен қайтпайтын бірбеткей мінез қалыптастырды.

…Айналасына қайырымды, бастаған ісін соңына дейін жеткізбей тынбайтын табанды мінез оның қызметтік парақтарында үлкен әріпмен жазылған. «Құрмет Белгісі» орденді А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институттың жаратылыстану факультетін бітірген жас маман сабақтарын жаңа технологияны пайдалана отырып, мультимедия кабинеттерінде өткізетін. Әрі оны тарих, әдебиет, биология пәндерімен байланыстырып, шәкірттерінің қызығушылықтарын оята білген ұстаз ұйымдастырушылық қабілетімен де ерекшеленіп тұратын. Мектепте бастауыш сынып мұғалімі, пионер вожатый, аудандық Пионерлер үйінің директоры, география пәнінің мұғалімі, мектеп директоры сынды қызметтік сатыдан өткен ұстаз қазірде жас мұғалімдермен толыққан ұжымда іскерлігімен топ бастап келеді. Кейінгі толқынның қабілет-қарымдарын ұштап, олардың өзін биік белестерге шығарып жүрген басшы еңбегі қандай да бір марапатқа сұранып тұрғандай…

Иә, А.Құсайынов атындағы орта мектепке енгеннен-ақ жанға ерекше бір жағымды әсер байқалады. Мұнда мұнтаздай тазалықпен қатар айналаның әдемі гүлдерге толып тұруы басшының әйел затынан екенін әрі талғамы биіктігін бірден аңғартады. Қазіргі күні күрделі жөндеуден өткен мектеп «көгілдір отынмен» жылытылып, жылыжай да салынған.

Біз білетін Мәстура Нәсиқызы бауырларын да қанатымен су сепкен қарлығаштай қамқорлап, өз мейірімін төгіп жүргені. Ол өз алдына бөлек әңгіме. Осылайша, жаңа жыл табалдырығын мерейлі жаспен қарсы алып отырған ұстазымызға мен де бақытты һәм шалтты ғұмыр тілеймін.

Гүлнар ҚАДЫРОВА.