9.02.2016, 10:30
Қараулар: 365
Мәскеу төріндегі кездесу немесе генералдың қолынан ішкен шәй…

Мәскеу төріндегі кездесу немесе генералдың қолынан ішкен шәй…

Азамат және Ұлы Отан соғысының ардагері Шәкір Жексенбаев тек өз өлкемізге, өз жерлестерімізге ғана емес, күллі қазақ халқына, қазақ еліне ортақ тұлға, ортақ мақтаныш. Оның ат жалын тартып мінген бүкіл өмірі әскери қызметпен байланысты болды, қатардағы солдаттан генерал дәрежесіне дейін көтерілді. Ш.Жексенбаев көзінің тірісінде жерлестерімен тығыз байланыс ұстап тұрды. Туған жеріне бір емес, үш рет келіп, Шоңай, Бисен, Орда, Сайқын ауылдарын аралап, өзінің құрметіне көрсетілген түрлі кездесулерге, басқа да шараларға қатысып, сөз сөйлеп, естеліктерімен бөлісті. Ордада музейде істеп жүргенде әрбір мемлекеттік мейрам сайын онымен хат-хабар алмасу, бір-бірімізбен құттықтаулар жолдау әдетке айналған-ды. Шәкеңнің ауданымызда Үкімет наградасына ие болған еңбек озаттарын құттықтағанын (мысалы, Халықтар достығы орденімен наградталған сайқындық Сайфеден Қожантаевты, т.б.) аудандық «Орда жұлдызы» газетінен талай оқығанбыз. Сондықтан да музей жұмысымен Мәскеуге барған әр іс-сапарымда Шәкеңе барып сәлем беріп, әңгімелеспей кеткен кезім болған емес.

Әлі есімде, 1980 жылы желтоқсан айының бас кезінде жолым түсіп, сол кездегі одақтың ортақ астанасына барған едім. Куусинен көшесі, 17-үй, тағы да сол 85-інші таныс пәтер. Электрлі қоңыраудың тиегін бастым. Ертеңгі уақыт болатын, есікті ашуға Шәкеңнің өзі келді. Үйде жалғыз екен. Зайыбы Нина Ивановна қаланың басқа ауданында тұратын сіңілісіне, немересі Марина Олеговна электронды есеп машина институтындағы жұмысына кетіпті. Ұл-келіні бөлек тұрады екен. Ұлы Олег Жексенбаевтың медицина ғылымының докторы, профессор, ғылыми жұмыспен айналысатынын білдік.

Шәкең менен жерлестерінің аман-саулығын, хал-жағдайларын, дастарханынан талай дәм татқан аудан басшысы Тауасих Мырзағалиевтің үй-ішінің амандығын, аудан шаруашылығының жәй-күйін тәптіштеп сұрап жатыр, мен білгенімше жауап қайырып отырмын.

Генерал шәй қойды. Шәй демекші, ол кісінің шәй дайындауының өзі тұрған бап. Фарфорлы тасқұманға бір қасық шамасы пілі бар үнді шәйін салып, ортан белден сәл асыра қайнаған су құйып, екі қабат жұмсақ орамалмен тұмшалап жауып, шүмегін тығындап, бұқтыруға қойды. Бұқтырылып, өз буына піскен сүт қатқан шәйдің хош иісті дәмі таңдайыңа татиды ғой, шіркін! Үлкен кісіге шәй құйғызып қойған ұят болар деп шәйді құюға ыңғайлана бергенімде, ағамыз мені тоқтатып:

– Үй иесі қонағын жұмсағанын қай тегіңде көрдің, жасың кіші болғаныңмен қонақсың, әрі ауылдан келдің, – деп, шәйді өзі құйды. Генералдың қолынан шәй ішемін деп кім ойлаған. Бірақ, енді солай болды. Шәй үстінде, оңашалық жағдайда, біраз  әңгіменің  басын қайырдық. Төмендегі мақаламыз да арада қаншама жыл өткенімен, есте қалған сол әңгіменің желісі бойынша жазылып отыр.

– Шәке, шыны керек, жерлестеріңіз азамат, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы өмір жолыңыздан біршама хабардар. Енді, егер құпия болмаса, әскери кезеңге дейінгі өміртарихыңыздың көпшілікке беймәлім тұстарынан сыр тартсақ қайтеді, әулетіңіз хақында деген сияқты…

– Несі бар, болады, құпиялық дәнеңесі де жоқ. 1901 жылы 28 ақпанда Сайқын ауылының түстік бетіндегі Қаракөл Шоңай елді мекенінде Жексенбайұлы Айтәлінің отбасында дүниеге келіппін. Руым − адай. Кәрі құлақтардан естуімше Халеткен деген атамыздың әкесі бөкейліктегі Исатай-Махамбет бастаған шаруалар көтерілісіне қатысқаны үшін Хан Жәңгір мен ақ патшаның кәріне (қаһарына) қалып, әйел, бала-шағасымен Маңғыстау жақтағы бір елсіз елді мекенге жер аударылыпты. Содан  XIX  ғасырдың  орта тұсында қаратабан кедей Халеткен сол Маңғыстау шөлейтінен жаяу-жалпы Бөкей ордасына келіп, пана табады. Көп жылдар өзі де, балалары да Хан тұқымдарының жалшылығында жүреді. Өз атам Жексенбай Науша Бөкейхановтың қойын 40 жыл баққан көрінеді. Балалары жалшылықта жүріп, тапқан табысының нәтижесінде өз алдарына күн көретіндей жағдайға жетеді. Қария еңбекқорлығының арқасында тәп-тәуір дәулет жинайды. Алайда, «Жан жей ме, жақ жей ме» деген 20 адамнан тұратын үлкен отбасына не шақ келсін, Жексенбайдың ер жеткен балалары, соның ішінде, әкем Айтәлі де Басқұншақтағы тұз өндірісінде жұмыс істеп, қосымша табыс табады. Мен де тұзда жұмыс істедім. 1908-1912 жылдары Шоңайдағы бір кластық ауыл мектебінде оқып, 1912-1917 жылдары Ордадағы жоғары бастауыш мектепте білім алдым. Ұлы Қазан төңкерісі жеңгенде мен Басқұншақ тұз кәсібінде, жұмысшылар одағының басқармасында қызмет етіп жүр едім. Ауыл-аймақты советтендіру жүріп жатқан кез. Оқығаны бар деді ме, мені Шоңай болыстық Советі атқару комитетіне хатшы етіп сайлады. Мұнда 1918 жылдың қазанынан 1919 жылғы маусым айының аяғына дейін істедім. Міне, осы кезеңде 1919 жылдың 6-шы наурызында Шоңайда «Ақ ниет» атты ауылшаруашылық артелін ұйымдастырдық. Артельдің төрағасы Жакишев, секретары мен болдым. Бұл еңбек артелі Астрахан губерниясының жер бөлімінде тіркелген заңды шаруашылық еді. Оған 16 отбасы бірігіп, бала-шағасымен 88 адам тіркелді. Біздің, яғни, Жексенбаевтар әулетінен 18 адамы бар, 3 отбасы кірді. Ең үлкеніміз Жексенбай 80-де, ең кішісі Есбосын 1 жаста, ал, мен 18 жаста едім. Артелімізде 129 гектар егістік жер, бір бұлық (соқа), 4 тырма, 1 молотилка болды. Дәндік тұқым сатып алу үшін үкімет 10 мың сом қаражат бөлді (Осы деректердің бәрі және артельдің Уставы Орда мұражайының қорында сақтаулы. Автор). Осы кезде Ордада қазақ жастары еріктілерінен полк құрылып жатыр деген қуанышты хабарды құлағым шалды. Мен жұмысымды басқа кісіге өткіздім де, Ордаға келіп, полк жігіттері қатарына қосылдым. Ал, енді одан арғы өмірбаяным әскери қызметпен байланысты деп әңгімесін тамамдады генерал жайдары жүзбен. «Рахмет, Шәке, аржағы бізге де белгілі», – дедім мен.

Иә, Шәкеңнің содан кейінгі бүкіл өмір жолы әскери қызметпен байланысты болғаны баршаға аян. 1919 жылы таңдаулы қызыл әскер қатарында Орынбордың Борисоглебск қаласындағы 3 айлық атты әскер қурсын бітірген Ш.Жексенбаев 1920-1924 жылдары Мәскеудегі жұмысшы-шаруа Қызыл Армия Бас штабы жанындағы әскери академияда оқып, оны ойдағыдай бітіреді. Жоғары әскери білім иесі екендігі туралы куәлікті академия бастығы, даңқты қолбасшы М.В.Фрунзенің өз қолынан алады. 1924 жылы Әскери академияны бітірген Ш.Жексенбаев Прибалтика әскери округінде 34-атқыштар дивизиясының 110-атқыштар полкінің рота командирі, 1925-1928 жылдары Қазақ АССР-ның алғашқы астанасы − Орынбор қаласында Қазатком атындағы біріккен әскери мектептің оқу бөлімінің меңгерушісі, Қазақ АССР-ы әскери комиссариатының жаяу әскер бөлімінің меңгерушісі, Беларуссия әскери округінде 37-атқыштар дивизиясының 110-атқыштар полкы штабының бастығы қызметтерін атқарды. Ал, 1930 жылдардың бас кезінде жоғары командование оған әскери химиялық қызметке ауысуға ұсыныс жасайды. 1930-1931 оқу жылында жоғары химиялық-академиялық курстан өткен оның ендігі жауынгерлік жолы әскери химиялық қызметпен байланысты өтеді. Соғысқа дейін Украинада, Забайкальеде және Қиыр Шығыста әртүрлі әскери химиялық қызметтерді де нәтижелі атқарады. Химиялық қаруларды шебер қолданғаны сондай, Ұлы Отан соғысы майдандарында кеңес әскерлерінің қорғанысын, керек жерінде шабуылын да айтарлықтай қамтамасыз ете білген. Техникалық әскердің генерал-лейтенанты П.Е.Красота Ш.Жексенбаевтың «Соғыстың түтіні де ащы» деген естелік кітабына жазған алғы сөзінде Ш.Жексенбаевты соғысқа дейін де жақсы білетінін, оның химиялық қорғаныс саласында білікті маман екенін айта келіп: «Әскери операцияларды химиялық қорғаныс және шабуыл тұрғысында ұтымды қамтамасыз етуде Ш.Жексенбаев армия, майдан қолбасшыларынан бастап қатардағы солдаттар тарапынан үлкен беделге ие болды. Біз үшін ол үлкен сабақ болса, аталмыш  әскери бөлімде жүруіміз үлкен мақтаныш сезімін де туғызды»,- дейді.

Соғыс жылдары Ш.Жексенбаев Батыс, Орталық, Брянск, Балтық  жағалауы, Ленинград майдандарында химиялық қорғаныс бөлімін басқарып, даңқты қолбасшылар Б.М.Шапошников, К.К.Рокоссовский, А.И.Еременко, Л.А.Говоровтардың қол астында қызмет етті. Қатардағы офицерден генерал дәрежесіне дейін жоғарылады. Ол ірі-ірі операцияларға, соның ішінде, неміс армиясының «Север» тобын талқандауға, Латвияның астанасы − Риганы азат етуге қатысты. Ал, 1945 жылғы 8 мамырда Ш.Жексенбаев Ленинград майданының далалық басқармасы қызметкерлерімен бірге неміс армиясының «Курляндия» тобының сөзсіз тізе бүгуі туралы актісіне қол қоюға қатысты.

Даңқты жерлесіміз, соғыстан кейінгі әскери қызметін ұстаздық жұмыспен жалғастырды. Сол жылдарда ол құрлықтағы әскерлерді химиялық қарумен жабдықтау басқармасы бастығының орынбасары ретінде Ленинград әскери округінде қызмет етіп, кейін оқытушылық жұмысқа ауысады. Мәскеу қаласында К.Е.Ворошилов атындағы химиялық қорғаныс әскери академиясында аға оқытушы, В.В.Куйбышев атындағы Ленин орденді Қызыл Тулы химиялық қорғаныс әскери-инженерлік академияның кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарды.

Осылайша, біздің Шәкең Кеңес үкіметі қарулы күштерінде 40 жыл еңбек етіп, 1958 жылы доғарысқа шықты. Бірақ, ол сонда да қарап отыра алмады. Одан кейін де 17 жыл, яғни, 1975 жылға дейін Мәскеу қаласының көптеген жоғары оқу орындарында, ДОСААФ-тың орталық мектебінде азаматтық әуе қорғанысынан сабақ берді. Сондай-ақ, ол қоғамдық жұмысқа да белсене қатысып, өзі тұрған Фрунзе ауданының 2-ші учаскесі партия ұйымының бюро мүшесі, Ұлы Отан соғысы ардагерлер Советі комиссиясының мүшесі болды.

Сөз орайы келген соң айта кетелік, Шәкеңнің әскери өміріне қатысты фотосуреттерінің ішінде мені ерекше мақтаныш сезімге бөлеген, терең толғандырған бір сурет еді. Ол − Ш.Жексенбаевтың бір топ маршалдармен түскен суреті-тұғын (көлемі А4 форматындай). Топ маршалдардың ортасында жалғыз генерал тұр, ол – біздің даңқты жерлесіміз Шәкір Жексенбаев. Өтірік айтпайын, олардың ішінде төрт мәрте Кеңес Одағының Батыры Г.К.Жуковтың бар-жоғы есімде қалмапты. Есімде барларын айтсам, олар: Кеңес Одағының екі мәрте Батыры К.К.Рокоссовский және Кеңес Одағының Батырлары И.Х.Баграмян, Л.А.Говоров, А.И.Еременко. Осы суретті музейге сұрағанымда: «Айырылысар дос қимасыңды сұрайды» деген, шырағым, қинама. Бұл суретті бере алмаймын», − деді. Бұл сурет маған Мәскеуде тұратын маршалдар арасындағы Шәкеңнің беделін айшықтай түскендей көрінді. Болмағасын, ағамыздың оқ-дәрі иісі сіңген әскери киімдерін (шинель мен фурашка) алып, оларды посылкамен салып жібердім де, сұхбаттасқаныма риза болып ауылға қайттым.

87 жыл жасаған ғұмырында елге бар жан-тәнімен беріле қызмет жасаған мұндай мазмұнға бай, ұлағатты өмір екінің бірінің пешенесіне жазылмаса керек. Тағы бір көңіл аударарлығы − кәрілік кіріп, жасы ұлғайған шағында өзінің өткен өмір жолы туралы естелік-мемуар жазуын ерлікке пара-пар десе болады. Отан алдындағы ұзақ та жемісті еңбегі үшін Ш.Жексенбаев Ленин орденімен, төрт мәрте Қызыл Ту орденімен, Қызыл Жұлдыз, Отан соғысы ордендерімен, көптеген медальдармен наградталды. Бірнеше рет Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Құрмет грамотасымен марапатталып, есімі Орал облысының «Құрмет кітабына» да жазылды. Ш.Жексенбаев Орда ауданы мен Орал қаласының Құрметті азаматы атағын да иеленген жан. Беріректе ауданымыздың Искра ауылындағы орта мектепке генерал есімі берілсе, аудан орталығы − Сайқында оның атында көше бар.

Ш.Жексенбаев осыдан 28 жыл бұрын, 1988 жылы 87 жасында дүние салды. Даңқты жерлесімізді жерлеу рәсіміне Мәскеуге Орал қаласы мен Орда ауданынан арнайы делегация барып, барша жерлестер атынан топырақ салды, иман байлығын тіледі.

Айта кетелік, осы ақпан айының 28-жұлдызында туғанына 115 жыл толатын генералдың құрметіне Орда музейі кешенінің ғылыми қызметкерлері арнайы көрме жасақтады. Оған Ш.Жексенбаевтың Ұлы Отан соғысы кезінде оқ-дәрі иісі сіңген әскери киімдері, жоғарыда сөз болған «И горек дым войны» атты естелік кітабы (әдеби өңдеген жерлесіміз Сүлейменов Мирболат Хамитұлы), туған жерге келген уақытта аудан жұртшылығымен, мектеп оқушыларымен кездесулерде түскен фотосуреттері, ол туралы жазылған естеліктер қойылған. Көрмеге келушілердің қатары калың. Олар мұндағы материалдармен қызыға танысуда. «Ер есімі − ел есінде» деген осы да.

Иә, Ш.Жексенбаевтың есімі ел-жұртының жадынан ешқашан өшпек емес, ол ел тарихымен бірге жасай берері хақ. Ал, арада бірқыдыру уақыт өтсе де, менің есімнен Мәскеу төріндегі сол бір кездесу, жоғарыда айтқан, генералдың қолынан шәй ішкен сәт шығар емес. Әрі оны өз өмірімнің алтын парақтарының бірі санаймын.

А.ХАМЗИН,

тарихшы, өлкетанушы.