17.02.2016, 11:57
Қараулар: 341
Міндет – мінсіз қызмет ету

Міндет – мінсіз қызмет ету

д-39ЖОЛДАУ ЖОЛДАРЫНАН:«Дүниежүзінде біз бастаған реформалар туралы, «Жүз қадам» туралы жақсы біледі және оларды қолдайды. Біз достарымыздың көңілін қалдырмауға тиіспіз. Бұл реформалар мен аталған Жолдауда алға қойған міндеттерді орындау оңай болмайды, мүмкін, тіпті, ауыр соғуы ықтимал. Бірақ, оларға балама жоқ. Егер біз осының бәрін жасамайтын болсақ, онда әлемдік дамудан үмітсіз кейіндеп қаламыз. Бірақ, біз, әдеттегідей, белгілегендеріміздің бәрін жасаймыз».

Әлемдегі сан түрлі қиындықтар қыспаққа алып, көптеген елдер экономикалық және саяси дағдарыстарға ұшырап жатқанда, 2016 жылға аяқ басар тұста Қазақстан халқына жол тартқан Елбасы Жолдауы жұртымызға жаңа бағыт-бағдар сілтеп, көңілдерге сенім ұялатты. Жаһандық ахуалдың қатерлеріне ұрынбаудың бірден-бір жолы − зор ынтымақ-бірлікпен ел мүддесіне аянбай еңбек ету екенін Елбасы нақты түсіндірді.

Біз ендігі жерде әр аудан, ауыл, ұжым, отбасы болып, жұдырықтай жұмыла тірлік жасасақ, табысқа да қол жетіп, қандай ауыртпалықты да еңсереріміз хақ. Ата-бабаларымыздың арман-аңсары болған Тәуелсіздіктің тұғырын биіктетіп, 25 жылдық мерейлі мерекеге абыроймен жету барша қазақстандықтардың парызы болса, бұған біздің аудандық аурухана ұжымы да өз үлестерін қосары сөзсіз. Олар дағдарысқа қарсы мемлекетіміз белгілеген шараларды басшылыққа ала отырып, тұрғындар денсаулығын қорғау жолында уақытпен санаспай еңбек етуде. Несін жасырамыз, денсаулық сақтау саласы қызметкерлері еңбек ақысының 28 пайызға дейін өсуі құлшынысты арттыруда.

Алмақтың да салмағы бар. Бюджеттен мол қаражат бөлінген соң оның қайтарымы үшін қойылар талап та сондай зор болатыны анық. Жүзден жүйріктерді де, тең ортада жүргендерді де, шабандап қалғандарды да бағамдап, ісіне қарай төлем беру, еңбегіне қарай өнбегі болатынын баршаға түсіндіру қажет. Ендеше, мамандарымыз білімі мен біліктілігін, шеберлігі мен ізденісін жетілдіріп, жаңа әдіс-тәсілдерді қолданып, іске тың серпіліс туғызса, заман талабын сезініп, халықтың көңілінен шыға білгені.

Соңғы жылдары ел тұрмысы жақсарып, өмір сүру ұзақтығы өсті, ауру-сырқау, өлім-жітім азайды. Десек те, қазіргідей өнімнің табиғилығынан жасандысы басым заманда, қоршаған ортаның тазалығына нұқсан келіп тұрған кезде денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жауапкершілігі арта түспек. Біздің қызметіміздің мазмұны мен мақсаты − бұқараға әр аурудың болу себептерін түсіндіру, оның алдын алуға, ауырмаудың жолын табуға ақыл-кеңес қосу, салауатты өмір салтын насихаттау, еліміздің саламаттылығына үлес қосу. Өмір бүгінмен шектелмейді, ел ертеңін ойлау парыз. «Ел болашағы − жас ұрпақ» болса, оның аман-сау өсуін, отбасындағы бала күтімін, оқушының денсаулығын, олардың қалай тамақтанатынын қадағалап, қамқорлық жасау ата-анамен қатар денсаулық сақшыларының ел ертеңіне қосар мінлеті. Әр медик осыларды естен шығармай, жұмысының басты бағдары етіп алуы керек. Мемлекет емхана салып, оны құрал-жабдықтармен қамтып, еңбекақыны өсіріп, қамқорлық жасаса, оған сала қызметкерлері лайықты істерімен, тұрғындар салауатты өмір салтын ұстанып, ауырмаудың жолын істеулерімен жауап беруге тиіс. Дені саудың − жаны сау. Ол екеуі еселі еңбек пен толағай табыс кепілі.

Әділгерей ҒАББАС,

аудандық аурухананың директоры.