19.04.2016, 9:01
Қараулар: 257
Ертай жасаған мәрттік

Ертай жасаған мәрттік

Баяғыда біреу бір нәрсе сұрай барған кісіге: «Бар-ау, бар да болса – жоқ-ау» деген екен. Сол айтқан Мұратсай ауылдық округіне қарасты Тайғара ауылында медпункт баяғыдан бар, бар да болса жоқ. Бар дейтініміз, медбике Оралғаным Исанова құрал-жабдықтары, дәрі-дәрмегімен біресе бастауыш мектептен, біресе кітапханадан бөлме алып, әрлі-берлі көшіп жүрді. Жоқ дейтініміз, медпункттің басыбайлы баспанасы болмады. Аудандық аурухананың бас дәрігері Әділгерей Ғаббастың айтуынша, қаржы жетіспеуі себепті арнайы ғимарат салып та, сатып та ала алмапты.

Ауызекі қалжыңда «Құдай берейін десе, форточкадан береді» дегендей, енді бұл мәселенің түйіні өзінен-өзі шешілді. Оны шешкен бөтен ешкім емес, осы ауылдың жомарт жүректі азаматы, өз атындағы шаруа қожалығының жетекшісі Ертай Қабылханұлы Биарыстанов. Жаңадан хан сарайындай етіп өзіне үй салып кірген ол бұрынғы электр энергиясымен жылытылатын төрт бөлмелі үйін медпунктке тегін беріп, мәрттік жасаған көрінеді.

– Қазіргі қиын-қыстау кезеңде мынадай жомарттық жасау екінің бірінің қолынан келмейді. Мұндай қадамға қалай бардың? Оған не түрткі болды? – деген біздің сауалымызға:

– Жерлестерімнің күнделікті тұрмыс-тіршілігі көз алдымда. Адам болғасын ауру-сырқау болмай тұрмайды. Арнайы қаралып, ем алатын тұрақты орын болмағасын, бірде анда, бірде мұнда көшіп жүру кім-кімге де қолайсыз. Үй ішімен, ата-анаммен ақылдасып, олардың келісімін алғасын осылай шештім,- деп ағынан жарылды Ертай. Оның осынау абыройлы ісі алдағы уақытта басқа да аухатты адамдарға жұғысты болса ғой, шіркін!

Айта кетелік, өткен бейсенбі күні Ертай Қабылханұлы аудандық әділет басқармасы кеңсесінде аудандық аурухананың бас дәрігері Әділгерей Ғаббасқа үйдің құжатын өз қолымен табыс етті (суретте).

А.ЖҮНІСОВ.