19.05.2016, 15:07
Қараулар: 484
ДАРЫНЫМЕН ДАРАЛАНҒАН ДОС

ДАРЫНЫМЕН ДАРАЛАНҒАН ДОС

д-180-1Әнші-сазгер, ақын Хабиболла Әлесовтің есімі ауызға алынса, бөкейліктердің үлкен-кішісі алдымен ауданымыздың әнұранына айналған «Орда – туған мекенім» әнін еске түсірері хақ. Киелі мекеннің қадір-қасиетін, тарихын бір өлеңге сыйғызып, әсем сазбен, әуезді үнмен, көпшіліктің көңілін тап басар мақыммен жеткізе білу – үлкен құдірет. Ол тек дала дарынының ғана қолынан келмек. Біздің досымыз, сыныптасымыз Хабиболла Мақсотұлы сондай жан еді…

 

Ол алдымен әншілігімен көзге түсті. Қызыл галстугі желбіреп, пионерлердің аудандық слётінде топ жарғаны әлі есте. Мектеп бітірген соң консерваторияға түспек ниетпен Алматыға жол тартқан Қабестің (біз оны солай атаушы едік) құжаттарын шығармашылық байқауға үлгірмей қалғандықтан оқу орны қабылдамапты. Келер жылы ол әскерге алынды. Авиаполкта қызмет еткен жауынгер Х.Әлесов онда да өнерімен көпке танылып, ән-аспаптар ансамблінің белді мүшесі болған. «Шын жүйрік бап таңдамайды» деген рас қой, арнаулы музыкалық білімі болмаса да, қазақ әндерімен қатар орыс, украин әндерін нақышына келтіре, тамылжыта шырқайтын.

Қабестің ақындығы да мектеп қабырғасында байқалған. Ол және Ғаният Насыров (Парламент Мәжілісінде заң кеңесшісі болған, доғарыстағы полковник), Бекболат Хамзин (Қазақ ССР Министрлер Кеңесі Жоспарлау комитетінде жұмыс істеген, алматылық зейнеткер) төртеуіміз сыныптағы, кейін мектеп қабырға газетінде редколлегия мүшесі болғанбыз. Бекболат сурет салса, Ғаният екеуміз мақала жазамыз. Қабес кей құрбыларды шымыр шумақтармен шымшып, зілсіз қалжың жолдайтын. Алғашқы әні «Ауылымның» да сөзін өзі шығарды.

Жасыл желек киген ерек,

Менің туған ауылым.

Сапар шексем, шықпас естен,

Сенің тентек дауылың, – деп келетін қайырмасының өзінен-ақ туған жерге деген іңкәр сезім төгіліп тұрған жоқ па?!

«Тоқтайды дейді ақынның асау жүрегі,

Батылы барып тоқтатқан оны кім еді…

Соқпайды дейді,

Соқпайды дейді жүрегі,

Жоқтайды бүгін перзентін байтақ жыр-елі».

Бұл – биылғы мамыр мерекелері күндерінде әнші-сазгер һәм ақын Хабиболла Әлесовке арнап шара өткізген бисендіктердің аузынан шыққан сөз. Бастама көтерушілер сыныптастары – Б.Жәнекешев атындағы орта мектептің 1968 жылғы түлектері болғанымен, идеяның сабын көпіршігіндей жойылып кетпей, жүзеге асуына жерлестері, ауыл, аудан әкімдігі жұмыла кірісті. Сыныптастар қаржысына Хабақаңның әндер жинағы («Бұйратты құмында ізі бар») мен дискісін шығарып, Бисен ауылындағы үйіне (онда қазір ортаншы ұлы Артур тұрады) ескерткіш тақта орнатып, марқұмның рухына арнап тойханада ас берсе, ауылдастары да оларға жәрдемдесіп, мәдениет үйінде «Ауылы сағынады сазгерін» атты еске алу кешін ұйымдастырды.

Бисен ауылының Ш.Жексенбаев көшесіндегі №4 үйге орнатылған ескерткіш тақтаның ашылуына халық көп жиналды. Олардың арасында аудан әкімінің орынбасары Л.Т.Қайырғалиева, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысы Ә.Қ.Айтқалиев, Орал қаласындағы КазИИТУ оқытушысы А.С.Сейтақов және Қабестің ұстазы Тәпішханым Нәсиева, достары, сыныптастары астаналық Ғаният Насыров, қарағандылық Сұлушаш Ижанова, оралдықтар Шайхолла Елемесов, Жарас Сәрсенов, Қымбат Мұташева, Гүлайым Мағзомова, жәнібектіктер Табылды Қайыров, Роза Нұриденова, бисендіктер Шынтемір Лайықов, Есенболат Өтегенов, Саниолла Қуанышқалиев, Нұрболат Дінсейітов, Жұмабай Арыстанғалиев, Еркеғали Қайрошев және зайыбы Рысты Қазиева бастаған отбасы мүшелері болды.

Алғашқы болып Лариса Тельманқызы Қ.Әлесовпен бірге Жымпитыға Сырым Датұлының 250 жылдық тойына барған сапарын, сазгердің «Сарой – Сырым мекені» әні бас жүлдені иеленіп, мерейленген шағын, белсенді қоғамдық қызметін әңгімелесе, ауыл әкімі Қайырсапа Саматов (оның апасы Сұлушаш Ижанова Қабеспен бірге оқыған) дарынды тұлғаны бала кезінен білетінін тілге тиек етті.

– Адам сұлулықты аңсайды, айналасын көрікті етуге ұмтылады, білуге, сезінуге тырысады. Сондықтан да дүниені көзбен ғана емес, көңілмен де көріп, қиялмен де болжап білуге ынталы. Хабиболла өзінің ішкі толғанысын, әсерін, өмірге деген пайым-пікірін, ұстанымын сыртқа шығарудың жолын дәл тапты, – деген Шайхолла Елемесов шығармашылықпен айналысатын адамның сезімге берілген, шабыттанған шақтарында немесе шумақтың, ырғақтың үйлесімін таппай булыққан кездерінде кісі танымастай өзгеріп, құбылатынын, қарапайым жандардың олардың жандүниесін түсінбей, кінә артатынына тоқталып, жерлестерін талантарды тани біліп, демеушілік көрсетуге шақырды.

Балалықтың бал дәуренін бір кешкен досы Ғаният Қайдарұлы Хабақаң туралы естеліктерімен бөлісіп, осы бастаманы қолдап, орындауға атсалысқан достарына, әсіресе, ән жинағы мен дискі шығарудағы оралдықтар Шайхолла, Жарас, Мәншүктердің еңбектеріне алғыс айтты. Қабестің інісі Замирбек Әлесов, жиен інісі Бекболат Қауысов, үлкен ұлы Ғабит Әлесов жиналған қауымға зор ризашылықтарын білдірді.

Тақтаның шымылдығын сыпыру құрметі аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева мен астаналық сыныптасы Ғаният Насыровқа ұсынылды.

Бишілер тобының «Қазақ биін» орындауымен ашылған мәдениет үйіндегі «Ауылы сағынады сазгерін» атты еске алу ән кеші де ойдағыдай өтті. Жүргізушілер мәдениет үйінің директоры Екатерина Мөкешева мен қызметкері Жайдарбек Бисекеев те, Хабақанның шығармаларын төгілткен әншілер де көрермендердің қошеметіне бөленді. «Ән күнбез Бисенім» (сөзін жазған Тұрарбек Есбосынов), «Аяқталмаған вальс», «Ұстаздар вальсі», «Мақтанышым – туған ел» (сөзін жазған Елубай Насыров) туындыларының тарихымен таныстырса, Сағынғали Жәрдемов, Эльдар Құдабаев, Саягүл Айтасова, Анаргүл Мұқанғалиева, Бекболат Қауысов, Құрмет Мусин, Ринат Машотов, Айнұр Нұрғалиева және Қабестің інісі, баласы, немересі Замирбек, Болат, Артур, Дархан Әлесовтер, Милана Хабиболла (Артурқызы), Наргиз Мұқасова (Ерболатқызы) сазгердің әндерін қалықтатты. Бейнетаспаға  жазып  алынған  Хан Ордасы ауылындағы шығармашылық кешінен (жүргізушісі  Бауыржан  Бисенов)  үзінді көрсетіліп, марқұмның үнін тыңдаған сәтте залдағылардың бірқатары  көздерін  шылап  алды.

Сазды кеш әдеттегідей сахнадағылар мен залдағылардың «Орда – туған мекенімді» қосыла шырқауымен аяқталды.

Марқұмның рухына бағышталып «Данияр» тойханасында берілген садақада ауыл молдасы Ерболат Құбиев құран оқып, жиналғандар Хабиболланы еске алысты. Өнердің өлмейтіні, сахна киесі туралы ой бөлісті. Жастарды өнер-білімге, еңбекке құлшындырып, озық көрінгендерін көтермелеу, биіктерге ұмтылдыру жайын әңгімеледі. Осы сәт біздің есімізге саралжындық Ерназар Қисахметовтің «Бөкейлік болсаң…» (әні Х.Әлесовтікі) деген өлеңінің мына бір шумақтары еріксіз орала берді.

Бөкейдей елсіз өңірге,

Еңселі Орда құра біл.

Жәңгірдей жарқын жаңашыл,

Жасампаз істер қыла біл!

Каримолла ҒАЙСИН,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.