5.07.2016, 16:57
Қараулар: 372
Түлектерге диплом табысталды

Түлектерге диплом табысталды

р-471Жақында аудандық мәдениет үйінде Бөкей ордасы колледжі түлектеріне диплом табыстау рәсімі оздырылды. Аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева осынау қуанышты сәтті бастан кешіп отырған жастарға оң қадам тілеп, Әсел Менеева мен Дәурия Дүйсеноваларға қызыл дипломды өз қолымен табыстады. Бөкей ордасы колледжінің директоры Бағдат Лұқпанов колледждің материалдық базасы жылдан жылға нығайып келе жатқанына, биыл жаңа компьютер класы жабдықталатынына көптің назарын аударды.

Сонымен бұл жолы автокөлік жүргізушісі, ЭВМ операторы, газ-электр дәнекерлеуші мамандықтары бойынша елу шақты түлек колледждің дипломы мен біліктілік сертификатына ие болды. Кейін бірқатар белсенді жас мамандарға,  аудандық білім беру бөлімінің басшысы Ержан Иманбаевқа, демеушілік қолын созған Бибігүл Жұмағұлова, Жанар Темірешева, Гүлбаршын Мақсотова, Замира Ыбрайымова сынды кәсіпкерлер мен «Елеусін» шаруа қожалығы жетекшісі Нұртай Сүйінішевтерге колледж директорының «Алғыс хаты» табысталды.

Шара соңында ән мен жырдан шашу шашылды. Әсіресе, Әсел Менеева  қалықтатқан «Ұстазға арнау» әні көпшілікті бір серпілтті. Ата-аналар атынан сөйлеген Ләззат Рахматоллина ұстаздар қауымына жылы лебізін жеткізіп, жас маман иелеріне алдағы жолдарың даңғыл болсын деген ізгі ниетін арнады.

Г.ТҰРСЫНТЕГІ.