6.09.2016, 11:52
Қараулар: 242
Шаттығы мол шара

Шаттығы мол шара

г-434-1Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің ұйымдастыруымен облысымызда бірінші рет аналар форумы өтіп, оған түрлі салада еңбек етіп жүрген ауданымыздың белсенді және іскер сегіз ақжаулықтысы қатысып қайтқан-ды. Оларды бастап барған «Нарын шуағы» әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлжан Бисекенова аталмыш форумнан және ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Елбасының Вашингтон қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ІҮ саммитте жарияланған «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін жеделдету мақсатында ұйымдастырылған «Ақ орамал» республикалық акциясынан алған әсерімен  бөлісті.

­­–Форумда өңір басшысы Алтай Көлгінов қоғамдағы, отбасындағы ана рөліне тоқталып, әйелдердің қайсар болмысы талай қиындықтарды жеңуде үлкен қолдау болғанын, қоғамдағы жасампаздықтың жалауын желбіретіп отырғанын баса айтты, -деп жалғады сөзін Гүлжан Исағалиқызы. – Әрі билік төрінде жүрген нәзік жандылардың баяндамалары тыңдалды. Көп мәселенің тіні тарқатылды. Әсіресе, маған аудан басқарып отырған нәзік жандылардың жоқтығын айтып, болашақта оларды билік төріне қарай көбірек тарту керектігі жайындағы ой-пікірі ұнады. Алтай Сейдірұлы қызмет саласында бағы жанып жүрген бірқатар әйелдерді құттықтауды да ұмыт қалдырмады. Сондай-ақ, олардың  жетістіктері сараланып, слайд арқылы көптің назарына ұсынылды. Осынау белсенділер қатарында біздің жерлестеріміз сайқындық Нәйлягүл Нарболова мен бисендік Айгүл Шәмшиденовалар да болды.

Қазақтай текті халықтың ұғымында ақ орамал  кіршіксіз тазалықтың үлгісі. Ана сүтіндей құнды саналары сөзсіз. Өзара дау-дамай өршіп, жағаласып жатқан кезде де асыл жандар  ортаға орамал тастап, бітімге келуге шақырғаны мәлім. Ақжайық өңірінен бастау алған республикалық «Ақ орамал» акциясына  бастарына ақ жаулық тартқан бес мыңға жуық аналар қатысты. Олардың ішінде белсенді, іскер және көп балалы жандармен өткен шеру көптің есіне ұмытылмастай сезім сыйлады. Айнала  құдды ақ сезімге оранғандай. Мұнда тағдыр арбаға таңған қайсар жүректі аналар да бас қосты. Шеру Мәңгілік алау алаңына жетіп, одан әрі митингіге ұласты. Одан алған әсерді сөзбен жеткізу мүмкін емес сияқты.

Әңгімені жазып алған Г.ТАСБОЛАТҚЫЗЫ.