4.10.2016, 11:34
Қараулар: 282
Жаңартылған орталық

Жаңартылған орталық

Сайқын ауылындағы бизнес орталығы күрделі жөндеуден өтіп, жаңартылған қалыпта кәсіпкерлер игілігіне ұсынылды. Бұрын шаштараз, тігін цехы, фотосалон ғана қызмет етсе, бүгінде олар балаларға арналған ойын, «Victory club» ағылшын тілі орталықтары, етікші бөлмесімен толықты.

 

Нысанның ашылу салтанатында аудан басшысы Нұрлан Рахымжанов ондағы жеке кәсіп иелеріне сәтті қадам тіледі. Аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева, «Нарын шуағы» әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлжан Бисекенова, кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ерлан Нүркенов, ауыл тұрғыны Уақия Ермекқалиева, зейнеткер Елдос Кенжеғалиевтермен қоса, «Victory club» орталығының жетекшісі Ақжүніс Нұрланованың ұстаздары Бибігүл Бектелеуова мен Жаңылсын Насимоллина, өзге де ниеттестер  ақ тілектерін жаудырды.

Есікке керілген лентаны аудан әкімі Нұрлан Сағынтайұлы мен Уақия Ермекқалиқызы қиып, қазақы дәстүрмен шашу шашылды.

Салынғалы жөндеу көрмеген ескі ғимарат әдемі түрге енген. Төбелері, есік-терезелері жаңартылып, кеңейтілген. 20 жылдан аса шаш қиюмен айналысып келе жатқан Раушан Жүнісова мен ерлер салонының шаштаразшысы Сағынбек Харесовтердің қатарында енді етікші Зейнетолла Әлжанов, тігіншілер Нұрғаным Мұқатова, Жұлдыз Әбдірешева, фотограф Асхат Өтешқалиев, балалар ойын залында Ғабит Қонысбаев, ағылшын тілі мұғалімі Ақжүніс Нұрлановалар келушілерге қызмет көрсетпек. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы іскерлік қырларын одан әрі дамытуды көздеп отырғандарға игі істің тұсауын кесуге жиналған жамағат шынайы пейілден өрілген лебіздерін жолдады. Осынау ізгі бастаманың басы-қасында жүрген кәсіпкерлер бөлімінің басшысы Ерлан Серікұлының да еңбегі айтуға тұрарлық.

Г.ҚАДЫРОВА.