5.10.2016, 15:19
Қараулар: 326
Еңбек күніне арналды

Еңбек күніне арналды

ҚР Президентінің 2013 жылғы 22 қазандағы №698 Жарлығымен қыркүйек айының соңғы жексенбісіне белгіленген «Еңбек күні» осымен үшінші рет атап өтілуде.

 

Ондағы мақсат – еңбек адамының беделін арттыру, өнім өндірушілерді ынталандыру, жұмысшы мамандықтарын насихаттау, жастарды өндіріс саласына тарту және «әулеттің кәсібі» дәстүрін қалыптастырып, нығайту.

Аудандық ардагерлер кеңесінің бөлмесінде Бөкей ордасы колледжі студенттері бір топ еңбек ардагерлерімен кездесті. Студенттерді бастап келген колледж оқытушылары Ж.Айғалиева мен Р.Құбайтованың айтуынша, бұл шара Еңбек күніне орай кәсіптік білім беру оқу орындарында жарияланған республикалық апталық аясында оздырылып жатқан көрінеді.

Кездесуді Сайқын ауылдық округі ардагерлер ұйымының төрағасы М.Қадешев ашып, жүргізді. Түрлі салада ұзақ жылдар абыроймен қызмет атқарған зейнеткерлер З.Әбдірахманова, Е.Кенжеғалиев, Ч.Қойшыбаев, Ә.Исалиев, И.Дәуленов, Г.Бисекенова өз еңбек жолдарынан сыр шертті.

– Өмір тәжірибесі мол аға ұрпақтың еңбек жолы үлгі-өнеге, сол жолды жалғастыру сіздердің үлестеріңіз. Жақсы оқып, мамандық алып, қоғамға қызмет етіңдер, еңбек дәстүрі, ұрпақтар сабақтастығы осылай жалғасын таба берсін, — деп  округ әкімі М.Аққалиев жастарға тілек білдірді.

А.ЖҮНІСОВ.