5.10.2016, 15:54
Қараулар: 239
Тәуелсіздік тұғыры тұрақты болғай!

Тәуелсіздік тұғыры тұрақты болғай!

Дүние жүзін жаулаған дүрбелеңі мол дағдарыстың қай елге болмасын ауыртпалық түсіретіндігі бесенеден белгілі. Міне, дәл осы қиыншылықтардың біздің елге де келіп соғарын сезген көреген Көшбасшымыз, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан жаңа жаhандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына биылғы Жолдауында жаһанданудың дағдарысына бой алдырмай шығудың жолдарын нақты айқындап берді.

Еңсемізді тіктеп, тәуелсіз ел атанғандығымызға 25 жыл. Мемлекетіміздің жеткен жетістігі көп. Тарих қатпарынан айшықтап орын алып үлгердік. Бүгінгі ахуал – біздің жетістіктерімізді сынға алып, елдігімізді шыңдай түсетін уақыт. Ендігі міндет – жаңа қатері мен тың мүмкіндіктері қатар өрбіген жаhандық дағдарысты аман өткеріп, келешекке нық қадам басу. Елбасы өз Жолдауында жаңа инвестициялық саясатты негізге ала отырып, Қазақстанның таяу онжылдықта атқаратын міндеттерін атап өтті. Жаhандық дағдарысқа қарамастан, экономиканың 5 пайыз деңгейде өсуін қамтамасыз етіп, өңделген тауарлардың экспортын өткен жылмен салыстырғанда кем дегенде екі есе ұлғайту және оны жылына 30 миллиард долларға дейін жеткізу қажет. Қуатты ел болу үшін ең әуелі бәсекеге қаблетті болуға тиіспіз. «Өзімізді өзіміз қамшылауымыз керек, бізді сырттан келіп ешкім жарылқамайды» деген Нұрсұлтан Әбішұлы дағдарысты қалай жеңіп шығу керектігін сызып, көлденең шыққан кедергілерге мойымай, дамыған 30 елдің қатарына енудің алғышарттарын көрсетті. Дағдарыстың бәрі өткінші болғандықтан, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты ұлы құндылықтар Қазақстанды мәңгі ел етеді. Шынында да, рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым мәңгілік ел болу үшін бізде бәрі де бар.

Биылғы 20 наурызда ҚР Парламенті Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттардың сайлауы өтіп, аудандық мәслихатқа 12 депутат сайланса, олардың 7-еуі бірінші рет халық қалаулысы атанып отырғандар.  Мәслихаттың жылдық жоспарына сәйкес өткізілген 3 кезекті сессияда 19 мәселе қаралды. Оның ішінде аудан әкімінің, жергілікті полиция басшысының есептері, ауданның 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты көкейкесті мәселелер, аудандық бюджеттің атқарылуы және т.б. мәселелер қаралып, тиісінше шешімдер қабылданды.

Мәслихаттың 2 тұрақты комиссиясы бюджетпен қоса, жеке бағдарламалардың орындалуын қолға алып, жұмысқа жаңа екпін беруде.  Депутаттар сессия алдында өткізілетін тұрақты комиссиялар отырысында өзекті мәселелерді алға тартып, олардың шешілу жолдарын қарастыруды дәстүрге айналдырған. Атқарушы органдармен осындай тығыз байланыста бірлесе жұмыс жасау аудандағы күрделі мәселелерді шешуге оң септігін тигізеді деп ойлаймын.

Аудандық мәслихатта «Нұр Отан» партиясының депутаттық фракциясы тіркелген. Фракция мүшелері, мәслихат депутаттары ауданда қоғамдық қабылдаулар өткізуге, еңбек ұжымдарында, елді-мекендердегі жиындарда халықтық тұғырнама мәселелері бойынша партия шешімдерін, Елбасының халыққа Жолдауларын түсіндіру және насихаттауға белсене араласады. Өз округтерінде сайлаушыларымен үнемі кездесіп тұрады. Олар 6 айда 73 қабылдау өткізді. Сайлаушылардың өтініш, талаптарын орындау үшін атқарушы орган басшыларына депутаттық сауал жолданып, мәселенің тиісті бағдарламаларға енгізілуі, бюджетті қалыптастыру кезінде қажетті қаржы бөлінуі үшін жұмыс жүргізілуде. Біздің депутаттарымыз әкімдіктің тұрғын үй, ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген әлеуметтік сала мамандарына материалдық көмек көрсету жөніндегі комиссиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың, дін істері, жастар саясаты, отбасы және демографиялық саясат жөніндегі кеңестер жұмыстарының бел ортасында жүреді. Ең бастысы, халық қалаулылары ауданның өміріне қызу араласып, түрлі іс-шараларға ұйытқы болуда. Аудандық мәслихат депутаттары өз құзырының шегінде әр түрлі құзіретті органдарға 9 депутаттық сауал жолдады. Олардың 3-еуі Парламент Мәжілісінің депутаттарына, 6-ауы облыстық, аудандық құзырлы органдарға.

Жергілікті өзін-өзі басқару – ҚР Конституциялық құрылысының түпкілікті негіздерінің бірі. Тамыз айында ауданымызда 3 ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өтті. Аудандық мәслихат депутаттары өз сайлаушылары алдында үлкен жауапкершілік таныта отырып, бұл сайлауда да іскерлік танытты.

Тәуелсіздігіміздің туын желбіретіп, тұғырын нығайтқан тағылымды тарихымыздың алдында жүзіміз қашанда жарқын деп ойлаймын. Тілегімізбен берген тұрақтылықты, білегімізбен келген бейбітшілікті бағалап, жоқтан бар жасай білген жасампаз халқымыз Ұлт Көшбасшысы төңірегіне бұрынғыдан да тығыз топтасып, жарқын болашақ үшін еселенген жігермен еңбектенулері керек. Сонда ғана көк байрағымыз биік желбіреп, абыройымыздың асқақтай берері хақ.

Ерболат ТАҢАТОВ,

аудандық мәслихат хатшысы.