«Су – тіршілік көзі». «Сулы жер – нулы жер». «Өзен жағалағанның өзегі талмайды». Тізе берсек, судың қадір-қасиетін танытатын мақал-мәтелдер халқымызда жетерлік. Ал, соңғы жылдары тұщы су көздері азайып, әлем жұртшылығының ауыз суға деген сұранысы артуда. Оның шет жағасын бөкейліктер де сезінуде.
Нарын құмының етегінен орын тепкен шағын ауыл Үштеректе де құдық суы ащып барады. Осы жерде бөлімше басшысы, кейін ауылнай болған Шымырхан аға Темірболатов бұл туралы ерте дабыл қағып, жоғары орындарға жеткізуге асыққан-ды. Соның да септігі тиді ме, әлде басшылар уақтылы көңіл бөлді ме, әйтеуір, «Жайықгидрология» ЖШС-інен (басшысы Бисен Дауымов) мамандар келіп, сол маңнан тұщы су көзін іздестіруде. Тапқан да сияқты. «Қызылағаш» елді мекенінен геолог Татьяна Сергеевна Оковатая бастаған бұрғылаушы жігіттерді кездестіріп, әңгімеге тарттық.
– «Үштеректің» өзінің төңірегінде су ащы, «Қоңырбайда» болғанымен қоры аз. «Қызылағашта» аралары 500 метрден 2 шақырымға жуықтайтын, 25 метр тереңдікке дейін бойлайтын 8 бұрғы салдық. 13 метрден су шықты. Тұщы. Қоры да тым тәуір. Әлі де зерттеледі ғой,-деп жағдаймен таныстырды бұрғылау шебері Асылбек Иманғалиев. Фототілшіміз Дастан Таңатаров L513 AN нөмірлі «Газ-66» машинасына орнатылған қондырғыны жөндеп жатқан көмекші бұрғылаушылар Дамир Иманғалиев пен Аман Мұқанжановты суретке түсіріп алды.
«Елде болса ерніңе тиеді» деген. Табылған қазына тезірек тұрғындар қажетіне жарасын.
К.ДӘУЛЕТӘЛИЕВ.