8.11.2016, 12:29
Қараулар: 277
Кәсіпкерліктің көкжиегі кеңеюде

Кәсіпкерліктің көкжиегі кеңеюде

%d1%80-047Шағын және орта бизнесті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашып, жұмыссыздықты азайту, тұрмысы төмен отбасыларына көмек көрсету – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Тұрғындарды кедейшілік шеңберінен шығару мақсатындағы жұмыстар, нақтырақ айтсақ, несие алып, бизнесін өркендету, малдану, алған қарызын уақтылы қайтарып, қайта қомақты қаржыға қол жеткізу сынды кәсіпкерлікті қолдау бағытында «Бизнестің жол картасы – 2020», «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020», «Агробизнес – 2020» және т.б. бағдарламалар қабылданған болатын. Осы және бизнеске қатысты өзге де жайлар туралы біз аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ерлан Нүркеновті әңгімеге тарттық.

 

– Күні бүгін ауданымыз бойынша 883 шағын кәсіпкерлік субъекті тіркелген, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8,5 пайызға артық. Оның ішінде 453-і шаруа қожалығы, 295-і жеке кәсіпкер (сауда, тұрмысттық  қызмет, наубайханалар және т.б.), 55-і көлік және байланыс, 12-сі мейрамхана, кафе, 28-і басқа қызмет көрсету орындары иелері. Сондай-ақ, 40 ЖШС бар. Кәсіпкерлік салада 1605 адам жұмыс істейді. Ағымдағы жылдың сегіз айында олар  2 млрд. 810 мың теңгенің қызметін көрсетіп, былтырғыдан 7,8 % асырды. Бюджетке түскен төлемдері 17 млн. 384 мың 500 теңгені құрады,-деп бастады Ерлан Серікұлы өз әңгімесін.–Былтыр «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы тұрғындарды несиелендіруге 30 млн. теңге бөлініп, толықтай игерілген-ді. Сонымен қоса аудан кәсіпкерлері осы бағдарлама бойынша қайтарылған қаржы есебінен тағы да 23 млн. 450 мың теңгемен қамтылды. Бұл қаржылар мал өсіру, тұрмыстық қызмет көрсету орындарын ашу және шағын өндіріс орындарын ұйымдастыруға бағытталды. Атап айтсақ, Сайқын ауылында «Аққу» жеке кәсіпкерлігінің иесі Қуаныш Шәріпқалиев керамзитоблок өндірісі цехын іске қосса, ордалық кәсіпкер Рахметолла Ғұмаров өз қаржысына қоса аталған бағдарлама арқылы 3,0 млн. теңге несие алып, Сайқын ауылында профнастил өндірісін ұйымдастырды. Жеке кәсіпкер Руслан Хасенов қамысты қорғандап буу және түрлі тұрмысқа қажет ағаш өнімдерінің өндірісін қолға алды. Өндіріс, тұрмыстық қызмет нысандары тек аудан орталығында ғана емес, ауылдық округтерде де іске қосылуда. Бисен ауылында жеке кәсіпкер Күләш Биданова шағын несие арқылы наубайхана мен кулинария цехын ашып, жас кәсіпкеріміз Дидар Сейітқалиев фотосалон және компьютерлік ойын орталығын ұйымдастырды. Хан Ордасы ауылында Архат Сәлімов аталған бағдарлама аясында жеке стоматология кабинетін, ал, Гүлнар Шәріпова ауыл тұрғындары көптен күткен дәріхананы өз қаржысына жасақтады. Мұратсай ауылдық округінде Гүлмира Қапанова шағын несие алып, ауылдастарына инкубаторлық балапандарды сатуда. Қолының ептілігімен танымал болған мұратсайлық жас кәсіпкер Мейірбек Бұқаров та аталмыш бағдарламаның игілігін көріп, жеке стоматология кабинетін ашып, бөкейліктермен қатар жәнібектіктер мен қазталовтықтарға да қызмет көрсетуде.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы «Кәсіпкер» бағдарламасы аясында 9 кәсіпкер сауда саласындағы қызметтерін кеңейту мақсатында 26 млн. 570 мың теңге несиемен қамтылды. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 2014-2015 жылдары  аймақтық үйлестіру кеңесімен аудан бойынша 5 жоба мақұлданса, оның 3-еуі пайыздық мөлшерін субсидиялау және 2-еуі өндірістік инфрақұрылымды тартуға бағытталған. Осы бағдарлама негізінде сайқындық Асылғаным Молдашева тұшпара (пельмен) шығаруға 500 мың теңге, «Нәзік» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі ордалық Назымгүл Оразгелдиева қолөнерін дамытуға 870 мың теңге, оның ауылдасы Артур Ғабдошев туризм саласын дамытуға 1 млн. теңге мемлекеттік грант қаржысын иеленіп, жобаларын іске асыруда.

Жылдан жылға аудан тұрғындары шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың барлық тетіктерін оңынан пайдалануда. Қаржыға ие болып, өз кәсібін өрістету үшін ауыл тұрғындарына «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы өте тиімді. Алайда, аталған бағдарлама арқылы бөлінген қаржы жеткіліксіз. Биыл ауданымызға 60,0 млн.теңге несие қаражы бөлінген болса, күні бүгін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы оның 50,0 млн. теңгесі игерілді. Қалған қаржыға жоба жетекшілері анықталып, бағдарлама бойынша оқып, сертификаттарын алуы күтілуде.

2016 жылғы кәсіпкерлік нысандарға келетін болсақ, есептік кезеңде Сайқын ауылында 4 азық-түлік және бір шаруашылық дүкені, шайхана, 2 кафе, қой жүнін тазалау және түту орны,  кулинария қатарға қосылды. Өздеріңізге мәлім, М.Мәметова көшесінде орналасқан бөліміміздің теңгеріміндегі тұрмыстық қызмет көрсету орталығы ғимаратына жөндеу өткізіліп, күні бүгін онда шаштараз, тігін, аяқ-киім жөндеу цехтары, фотосалон және «SonyPlayStation» атты ойын залы ашылды. Ұялы ауылында Айгерім Бақтығалиева наубайхана салып жатыр. Ол жыл соңына дейін іске қосылады деп күтілуде.

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы берілетін қаржы екінші деңгейдегі банктер арқылы несиелендірілетіндіктен банктер ауылдық жерлердегі жобаларға қызығушылық танытпайды. Ондағы ғимараттарды кепілдікке алмауы, несиеге қол жеткізуге мүмкіндік бермеуде. Мұның сыртында ауданымыздың облыс орталығынан шалғай жатқандығы және автокөлік жолдарының нашарлығы кәсіпкерлердің тауар тасымалдауына біраз қиындықтар туғызуда.

Аудан территориясындағы облыс бойынша жалғыз қиыршық тас кен орны табылған, аумағы 1392 гектарлы «Жамантауды» мемлекеттік қорға қайтару жұмыстары аяқталу қарсаңында. Аталған кен орнындағы қиыршық тасын өңдеу аудан және облыстық деңгейіндегі автокөлік жолдарының құрылысы құнының төмендеуіне, сонымен қатар жаңа жұмыс орындарының ашылуына, кәсіпкерліктің және жалпы ауданның экономикасының дамуына өз септігін тигізері хақ. Аталған жобаны іске асыру ірі инвестицияны (инвесторларды) қажет етеді.

Аудан Ресейдің шекаралас Астрахан және Волгоград облыстарымен дәстүрлі экономикалық қатынасын жандандыру үстінде. Аудан орталығы Сайқын ауылынан 70 шақырым қашықтықта орналасқан «Молодость» атты жеңілдетілген өткізу пунктін автомобиль бекетіне ауыстыру көршілес мемлекетпен тауар айналымының жақсаруына және шағын кәсіпкерліктің дамуына елеулі ықпал етпек.

Ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп, біз кәсіпкерлерді әрқашан қолдауға әзірміз. Бөлінген несие қаржысын толықтай игеріп, аталған жобаларды іске қосып, жаңадан жұмыс орындарын аштыртуға, осылайша, кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейе түсуіне мүдделіміз.

Әңгімені жазып алған Раушан БАҚЫТОВА.

Суреттерде: 1) Сайқындық ісмер Нұрлығаным Оразалиева; 2) Бөрлілік бесаспап шебер Бейбіт Жұмашев. 3) Мұратсайлық кәсіпкер Гүлмира Қапанова.