8.11.2016, 14:52
Қараулар: 371
Сыйға тартылған сәйгүліктер немесе өлкедегі мал тұқымын асылдандыру тарихы

Сыйға тартылған сәйгүліктер немесе өлкедегі мал тұқымын асылдандыру тарихы

%d0%b0-191-2Бөкей хандығының іргесі қаланғаннан-ақ қазақтардың бірден-бір кәсібі – мал өсіру болды. Өйткені, Еділ мен Жайық аралығындағы иен далада басқа шаруашылықпен айналысуға мүмкіндік жоқ еді. Алайда, көптеген себептерге байланысты бөкейліктердің мал шаруашылығы біраз уақытқа дейін дамымай, керісінше, малдың саны мен сапасы төмендеп келді. Атап айтқанда, Қосөзен аралығындағы жерлердің аздығына байланысты пішен қорының жеткіліксіздігі, қыс мезгілінің қаһарлылығы, жиі қайталанып тұратын құрғақшылық, жұт, өрт және мал ұрлау мен барымта, мұнымен қатар сол кездегі мал шаруашылығын жүргізудің төмен деңгейі малды асылдандыру тұрмақ, дұрыс күтімін жасамау, шағылыстыру тәртібін сақтамау, билік тарапынан қолдаудың жоқтығы мал тұқымының ұсақталуына әкеліп соқтырды.

1827 жылы орыс патшасы І Николай Жәңгір ханға кавказ және дон тұқымды 10 жылқыны сыйға тартты. Осы асыл тұқымды жылқылардан тараған төл басының саны 250-ге жеткенін мәлімдей отырып, Орынбор әскери губернаторы П.Сухтелен 1832 жылы Жәңгір үшін тағы да мал тұқымын сұратады. Сол жылы патша жарлығы бойынша Ордаға тағы 10 жылқы жеткізіледі. Хан Ордасында асылдандырылған жылқылардың ерекшелігі сол – олар сыртқы пішіні жағынан император айғырларындай сымбатты әрі қазақы тұқымды жылқылардай төзімді болатын. 1850 жылдың 19 наурызында қазақтарды жылқы тұқымын асылдандыруға ынталандыру мақсатында Орынбор әскери губернаторы В.Обручев Мемлекеттік мүлік министрлігінің қатынас қағазы негізінде Ішкі Қазақ Ордасының Уақытша кеңес басқармасына Ордада бәйге ұйымдастыру қажеттігі туралы хабарлайды. Алғашқы ат жарысы Бөкей Ордасында 1850 жылы 22 қыркүйекте өткізіледі. Бәйгенің өту шарты былайша белгіленеді:1) Ордада 3 рет бәйге ұйымдастырылады. Екі бәйге көктемгі және күзгі жәрмеңкелер кезінде, яғни, мамыр және қыркүйек айларында, ал, үшіншісі Рамазан мейрамы кезінде өткізілді; 2) әр бәйгеде бес жүлдеге күміс ақшамен 100 сом тағайындалды. Бірінші жүлдеге – 40, екіншіге – 25, үшіншіге – 20, төртіншіге – 10 және бесіншіге – 5 сом күміс; 3) қашықтығы айналмамен 30 шақырым, әр айналма 5 шақырымнан 6 рет өтуі және айналма көрермендерге бәйгені толық қарауға ыңғайлы болуға тиіс; 4) жыл сайынғы сыйлыққа қажетті 300 күміс сом Ішкі Орда қазақтарынан жиылатын зекеттен алынады. Айта кетелік, алғашқы бәйгеге 14 ат қатысып, оның тек 5-еуі мәреге жетеді. Бірінші келген жылқы 30 шақырымдық қашықтықты 48 минут 45 секундта шауып өткен. Бөкей Ордасында сұлтандар Меңдігерей Бөкейханов, Сейіткерей Жәңгіров, Әділ Бөкейхановтардың және таз, беріш рулары қазақтарының аттары жүлделі орындарға жиі ие болып тұрған.

Бөкей (1814 ж.) мен Жәңгір (1839 ж.) хандық құрған кездегі  мал саны:

Түлік түрі (1814 ж.) (1839ж.) 
1. Түйе 63338 91000
2. Жылқы 350562 400000
3. Мүйізді ірі қара 135865 180000
4. Қой 1385501 1500000

 

1854 жылы Ішкі Қазақ Ордасын басқару жөніндегі Уақытша кеңестегі Мемлекеттік мүлік министрлігінің кеңесшісі, полковник М.И.Иваниннің Ішкі Ордада өзгерулер енгізу туралы ұсыныс хатында жылқы мен түйе тұқымдарын асылдандыру мәселесі кеңінен қозғалған. Мұнда алғаш рет Ордада жылқы мен түйе көрмелерін ұйымдастыру жөнінде және көрме жеңімпаздарына нар тұқымды 4 түйе, 6-8 жылқы тапсырылуы қажеттілігі ұсынылған. Бұл хат 1856 жылы қанағаттандырылып, сол жылы Ордаға Белеводск, Стрелецк, Башқұрт жылқы зауыттарынан тұқымдық мал, атап айтқанда, 1857 жылы – 5, 1858 жылы – 9, 1859 жылы – 10 жылқы жіберіледі. Алайда, бұл жылқылардың сапасы төмен болып, 1862 жылы 30 жылқының 17-сі қалып, олардан тек 99 құлын алынды.

1861 жылы Ішкі Орда сұлтандары Меңдігерей Бөкейханов, Жүсіп Шығаев, Бажақ Қасымов, Дәулеткерей Шығаев, Хангерей Хансұлтанов, кеңесшілер Шығаев пен Бабажанов жазған пікірлерінде осы күнге дейін жіберілген тұқымдық малдың сапасы оларды қанағаттандырмайтынын айта келіп, Уақытша кеңес төрағасы К.И.Герннен Ордаға дон, араб, кавказ тұқымды жылқыларды жіберуді сұрайды. Бұл хатта алғашқы рет ірі қара малды да асылдандыру туралы ұсыныс жасалады. Әрі 1884 жылы мемлекеттік жылқы зауыты шаруашылығының бас басқармасы Ішкі Ордада жылқы көрмесін ұйымдастыруды ұсынады. Ол 1887 жылы маусым айында өтеді.

1886 жылы Ішкі Ордада атты әскер үшін жылқыға сұраныстың көбеюіне байланысты Басқарма Ордада жылқы тұқымын асылдандыру үшін шағылыстыру пункттерін ашуды ұйғарып, оған Саратов атқорасынан жылына 3-4 жылқыдан жіберіледі. Мұндай пунктті сұлтан Д.Шығаев та ашып алады.

1904 жылы 29 қараша күні арнайы кеңес өтіп, онда мал мен жылқы шаруашылығын көтеру мақсатында келесі іс-шараларды жүзеге асыру көзделді: 1)Ордада Хан ставкасы жанынан асыл тұқымды жылқы мен ірі қара өсіретін тұрақты орын ашу; 2) Осы орын жанынан жас қазақтарды (15-16 жастан) оқытатын 3 курсты мектеп ашу; бағдарламасына жалпы білім беретін пәндерден басқа ветеринарлық-фельдшерлік мектеп көлемінде зоотехника туралы, агрономиялық мәліметтер және егін егу мен ору жөнінде практикалық сабақтар енгізу; 3) Асыл тұқымды мал өсіретін орындағы тұқымдық малды мектеп бітірушілерге немесе олардың ата-анасына беру; 4) Малшыларға орыс тілінде жазылған және қазақша аудармасы бар арнайы суретті оқу нұсқауларын басып шығару; 5) Жалпы мал асылдандыру ісін және мектепті арнайы инспекторға, зоотехникке немесе ветдәрігерге тапсыру.

Жалпы алғанда, бөкейліктер Қазан төңкерісіне дейін мал түрлерінен тек жылқы мен қой өсіруге көбірек назар аударған, себебі олар ақша, салық, қалыңмал орнына да жүрген. Жылқы, әсіресе, тұрмыста пайдалы болған. Екіншіден, Ресей мемлекетінің саясаты бойынша, қазақ жерінде асылдандырылған жылқы сыртқы пішініне қоса, оның бойындағы қайраттылық, төзімділік қасиеттері жоғары бағаланып, осы асылдандырылған қазақы тұқымды жылқылар атты әскерге жарамды болып есептелген.

Газетке  әзірлеген

 Нарын ОРДАБАЕВ.