8.11.2016, 15:00
Қараулар: 220
СУБСИДИЯ иеленгендер 180-нен асты

СУБСИДИЯ иеленгендер 180-нен асты

%d0%b0-198Нарын құм мен Бөкей даласының мал шаруашылығын дамытуға қолайлылығын ата-бабаларымыз ежелден-ақ тиімді пайдалана білген. Ал, хан Жәңгірдің мал тұқымын асылдандыруға ерекше көңіл бөліп, қолға алғаны тарихтан мәлім. Саннан сапаға көшкен қазіргі заманда мал тұқымын асылдандыру ісіне мемлекет тарапынан да көмек берілуде. Соның бірі – субсидия. Яғни, ірі қараның 30 аналығына бір асыл тұқымды бұқа сатып алған қожалық иесіне жыл қорытындысында әр аналыққа 18 мың, асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтарға әр аналыққа 20 мың теңгеден қайтарымсыз ақша төленеді. Осы талаптар деңгейінен көрініп, субсидия иеленіп жүрген шаруа қожалықтары мен шаруашылықтар қатары жыл санап өсуде. Тоғыз шаруа қожалығы қазақтың ақбас тұқымының республикалық палатасына мүше. Жалпы биыл субсидияға қол жеткізетіндер саны 180-нен асты.

Ауыл шаруашылығынан хабары шамалы адамдарға құм мен қырдағы мал өз-өзінен өсіп, иелері оңай олжаға кенеліп отырғандай көрінеді. Төрт түлікті бағудың өз қиындығы болмаса, орталықта жұмыссыз жүрген тепсе темір үзетін жігіттер осы іске жаппай аттанбас па еді?! Қаһарлы қысты айтпағанның өзінде, жазда көмекшілікке бармайды. Ал, мехнатқа батып еңбектеніп жүргендердің ішінде қажетті құжаттарды жинап, тиісті орындарға тапсырмағандықтан, яғни, сол шаруаны құнттамағандықтан субсидиядан қағылып отырғандар да бар. Мал тұқымын асылдандырудың ережелерін, зоотехникалық-малдәрігерлік талаптарды орындап, құжаттарын мезгілінде тапсырып отырса, қолдау қаржыны алудың еш қиындығы жоқ. Қажетті қағаздар да онша көп емес:

  1. Асыл тұқымды аталық малдың куәлігі.
  2. Аналық мал туралы ауылдық округтегі мал дәрігерінің ауылшаруашылық жануарларын бірдейлендіру (АЖБ) дерекқорынан берген үзіндісі.
  3. Шаруа қожалығының ақпараттық талдау жүйесі (АТЖ) дерекқорынан үзіндісі.
  4. Ауылдық округтегі мал дәрігерінен сатып алынған асыл тұқымды малды кірістеу актісі.

Осы құжаттардың көшірмелері тұпнұсқасымен бірге аудандық ауылшаруашылық бөліміне тапсырылады. Ондағылар түпнұсқаны көшірмесімен салыстырып тексергеннен кейін қайтарып береді. Бәрі де заңға сай келсе, қабылданған құжаттар облыстық ауылшаруашылық басқармасына жолданады. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаттарын жүзеге асыру Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2014 жылғы 19 қарашадағы №3-1\600 бұйрығымен бекітілген аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі көрсеткен мемлекеттік қызметтің бір түріне жатады. Биыл мекемеміз арқылы 364 адамға қызмет көрсетілді. Бұл мемлекеттік қызметті, оңтайлы мүмкіншілікті тиімді пайдалана біліңіздер.

Серік АЙТҚАЛИЕВ,

аудандық ауыл шаруашылығы

 бөлімінің бас маманы.