8.11.2016, 15:20
Қараулар: 268
Көке-ау, пошта неге кешігеді?

Көке-ау, пошта неге кешігеді?

Келер жылдың газет-журналдарына жазылу басталғалы да біраз болып қалды. Іс басындағылардың сөзіне қарағанда, бұл науқанның  қазіргі барысы көңіл көншітпейтін көрінеді. Неге? Өйткені, пошта уақтылы жетістірілмейді. Басқаны білмеймін, өзім алдыртатын «Орда жұлдызы» апталап кідіреді.  Мысалы, 18 қазан күнгі саны қолыма 24-інде тисе, одан кейінгі саны кешіккен соң 2 қарашада редакцияға телефон шалдым. Ондағылар басылымның мезгілінде (әр аптаның сейсенбісінде) шығып, сәрсенбінің сәтті күні аудан орталығына келіп тұрғанын айтты.

– Көке-ау,-дедім мен, – біз де осы Сайқында, Насимоллин көшесінің №29 үйінде тұрып жатырмыз ғой. Сіздерге жеткен пошта бізге неге кешігеді?

– Бұл сұрағыңызды «Қазпоштаның» аудандық бөлімшесіндегілерге қойғаныңыз дұрыс шығар,-десті журналистер.

Оларға да талай барғанмын. Айтатындары: «Бізде бар болғаны екі-ақ хат тасушы. Үлгіре алмайды». Үлгірмесе, қосымша штат ашпай ма? Тиісті шара алуға ұмтылмай ма? Аудан орталығындағы біздер осындай күй кешкенде, шалғай ауылдағылардың жағдайы қалай болатынын аңғара беріңіз…

Сөз орайы келген соң, «Орда жұлдызы» туралы да пікірімді білдіре кетейін. Қазір баспасөзге жазылу науқаны жүріп жатыр ғой. Меніңше, аудандық үнпарақ өзіне жүктелген міндетті абыройлы атқарып отыр. Елбасы саясаты байыпты насихатталып, істелген істер, алдағы мәселелер жүйелі көрініс табуда. Бір сөзбен түйіндесек, өткен тарих, қазіргі жай, болашақ жоспар, оқу-білім, бизнес, әлеуметтік, тұрмыстық, мәдени, тағы басқалар толық қамтылуда. Ара-тұра сын да қылаң береді. Бір қызығы, аудандық газеттегі сынға аса бір сезімталдық таныта бермейтіндер сол жай облыстық газеттен көрініс тапса, шуласа кетеді. Соның бірі –  көшедегі қойыртпақ жарнамалар төңірегінде болды. Бәрі дұрыс шығар, алайда, оның әзірге түзетілер түрі жоқ. Тағы да «Неге?» алдыңнан шығады.

Бұрындары «Орда жұлдызы» аупартком мен ауаткомның органы болған тұста, «Жебе» сын-сықақ бұрышы жиі жарық көрді. Оны Бақыт замандасым да өткенде жазыпты ғой. Несін жасырамыз, ондағы сындар аяқсыз қалмайтын. Қайсыбірі аупартком бюросында талқыланып, тиісті шаралар алынатын. Бұқара мен билік арасындағы көпір – баспасөздің ықпалын арттыруға екі жақ та мүдделі болатын. Бұл күнде сол мүдделілік әлсіреп, ақпарат құралдары өздерімен өздері қалғандай көрінеді. Ертеңді-кеш теледидардағы арзанқол киноларға телмірген кейбір тұрғындар елімізде қандай басылымдар бар екенінен де бейхабар. «Балдырғаннан» бастап, аудандық, облыстық, республикалық газет-журналдарды түгендеп отыратындар некен-саяқ. Өзге басылым өз алдына, аудандық газет әр шаңыраққа керек-ақ. Тіршілік кешіп жатқан жеріңнің тынысын білмесең, қандай азаматсың?! Сондықтан да «Орда жұлдызына» жаппай жазылайық дегім келеді ауылдастарыма. Ол өз ауданымыздың айнасы ғой.

Қапез ҚАБИЕВ,

ауданның Құрметті азаматы.

Сайқын ауылы.