20.01.2017, 19:15
Қараулар: 340
Жерлес палуан жеңісі

Жерлес палуан жеңісі

  г-580Бөкей Ордасы колледжінің студенті, бала кезінен спортқа бейім Баймырза Меңдешев өткен жылғы аудан жастары форумында «Жылдың жас спортшысы» атанды.

Қазақ күресіне ерекше бейім албырт жас аз ғана уақыт ішінде боз кілемде талай қарсыласының жауырынын жер иіскетті. Жуырда ғана Орал қаласында оздырылған 2000-2001 жылы туылған жасөспірімдер арасында қазақ күресінен облыстық чемпионатта бас жүлдені қанжығасына байлады. Бұл қуанышты хабарды аудандық спорт мектебі директорының орынбасары Нұржан Сариев редакциямызға аяқтай келіп жеткізді. Дүбірлі додада барлық бәсекелестерінен басым түскен Баймырза облыс құрамасына алынып, ақпан айында Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында өтетін республикалық чемпионатқа қатысу құрметіне ие болды.

Айта кетелік, жас палуанның өзге де жетістіктері бір төбе. 2015 жылы жерлесіміз, белгілі спорт саңлағы Жұбанышқали Жәрдемовтің дәстүрлі аудандық турнирінде ІІ орынды еншілесе, Ақтөбе қаласында  самбодан  өткен «Дружба» халықаралық сайысынан ІІІ орынды олжалап оралды. Ал, былтыр «Жас Барыстың» облыстық кезеңінде І орынды жеңіп алып, Қостанай қаласындағы республикалық жарыста алдыңғы бестіктен көрінгені және бар.

Оның спортқа ден қоюына бапкерлері Тұйғынбек Жұмағазиев пен Нұрбек Ғазезовтің ықпалы зор екенін айта кеткен жөн. Намыс туын жықпай жүрген табанды жігіттің  басты арманы – республика чемпионы атану.

Гүлнар ТАСБОЛАТҚЫЗЫ.