24.01.2017, 22:27
Қараулар: 369
Төрт түлік иелері үшін жауапкершілік жүгі артты

Төрт түлік иелері үшін жауапкершілік жүгі артты

4Еліміздің аграрлық саласын дамытудың мол мүмкіншілігін пайдалана отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және оны өңдеуді арттыру – бүгінгі күннің басты мәселесі. Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «100 нақты қадам» – дамыған мемлекеттердің отыздығы қатарына кіру жөніндегі жоспарының 61-ші қадамында ет өндірісі мен өңдеуді дамыту үшін стратегиялық инвесторларды тарту, шикізат базасын дамыту және өңделген өнімдерді экспорттау міндеттері алға қойылды. Ауданымыз мал шаруашылығын дамытуға қолайлы өңірлердің бірі. Мал басы жыл санап өсіп келеді, ағымдағы жылдың 1 қаңтарына ірі қара 58573, қой-ешкі 108334, жылқы 19728, түйе 1205-ке жетті.

Мал шаруашылығы өнімдері өтімді болуы үшін  оның сапасы жоғары және белгіленген талаптарға сай келуі керек. Бұл бағытта ветеринарлық шаралардың орны ерекше. Біріншіден, ауру малдан дұрыс өнім алу мүмкін емес. Екіншіден, малдан жаппай ауру табылған жағдайда өзге елдерге өнім шығару шектеледі. Ветеринария  қызметі  жануарлардың саулығын, олардан алынатын өнімдер мен шикізаттың тағамдық қауіпсіздігін және тұрғындарды жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғауға бағытталған шараларды іске асырады.

Аудан көлемінде ветеринарлық іс-шараларды  жергілікті атқарушы орган болып табылатын аудандық ветеринария бөлімі атқаруда. Онда 4 мемлекеттік малдәрігері бар. Ал, жоспарлы ветеринарлық іс-шаралар, ауру малдарды санитарлық сою орындарына тасымалдау, иесіз иттер мен мысықтарды жою жұмыстары аудандық ветеринариялық станцияға жүктелген. Оның құрамына кіретін ауылдық округтердегі 7 ветеринарлық пунктте  51 қызметкер жұмыс істейді, 38-і малдәрігері.

Бекітілген ветеринариялық іс-шаралар жоспарына сай малдан қан сынамаларын алу, вакциналау мен аллергиялық зерттеулер жүргізу жұмыстары әр жыл сайын уақтылы атқарылуда. Өткен жылы да  профилактикасы мен диагностикасы бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын жануарлардың аса қауіпті 5 ауруына қарсы вакцинациялау және 14 ауруы бойынша диагностикалық тексерулер жүргізілді. 393956 үй жануары егіліп, 330059  мал диагностикалық тексеруден  өткізілді. Соның ішінде, бруцеллез ауруына 73053  ірі қара, 170686 қой-ешкі, 130 жылқы, 884 түйе тексеріліп, нәтижесінде 688 ірі қара, 28 қой-ешкі, 2 түйе, 1 жылқының  ауруға шалдыққаны анықталды. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда дерттің ірі қарада 2, қой-ешкіде  3, түйеде – 10 есе төмендегенін көрсетеді. Бруцеллез малдарды оқшаулап, санитарлық сою орындарына тасымалдау ұйымдастырылды. 642 ірі қара, 26 қой-ешкі немесе ауру малдың  93 пайызы  санитарлық мал сою орындарына тапсырылса, 46 ірі қара мен 2 қой өзге бағытта жойылған, яғни, мал иелері өз аулаларында сойып алған, өлген  немесе мал дайындаушы кәсіпкерлерге тапсырып жіберген. Малы бруцеллезге шалдыққан 201 тұрғынға 63 млн. 943 мың теңгенің өтемақысы төленіп, ауру мал тұрған 12175 шаршы метрді құрайтын 160 қораға дезинфекция жасалды.

Айта кетелік, жекелеген тұрғындардың, шаруа қожалықтары басшыларының шаруашылық жүргізуші субъект ретінде өз міндеттерін білмеуі немесе біле тұра орындамауы малдәрігерлері жұмысына кедергі келтіруде. Олар алдын-ала ескертілсе де қан алу, егу шараларын жүргізу барысында белгіленген уақытқа малдарын қамап қоймайды (жинақтамайды), қамап қойғанымен, қажетті жұмысшы (көмекші) күшімен қамтамасыз етпейді, анықталған ауру малдарды оқшаулауды жүргізбейді немесе бруцеллезге шалдыққан малдарын санитарлық сою орындарына тапсыру туралы нұсқама талаптарын орындамай, ауру малды өз қажетіне сойып, не басқа бағытқа тиеп жібереді. Бұл өз кезегінде малдәрігерлік жоспарлы жұмыстарды уақтылы жүргізуге, мал ауруларының алдын-алу, таралуын болдырмауға бағытталған ветеринарлық іс-шаралардың нәтижесіне теріс әсер етеді. Осыған байланысты мал өсіріп отырған жеке тұрғындар мен шаруа қожалықтары басшыларына, олардың шаруашылық жүргізуші субъект болып табылатындықтарын, сондықтан ҚР-ның «Ветеринария туралы» Заңында және осы Заңнан туындайтын қағидалар мен ережелерде белгіленген талаптарды орындауға міндетті екендіктерін ескерткім келеді. Себебі, бұл талаптар жануарларды аурулардан қорғау, емдеу, жануарлар мен адамға ортақ аурулардан бұқараны қорғау, мемлекет аумағында ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоршаған ортаны ластаудың алдын алу және оны жою, ел аумағын басқа мемлекеттерден жануарлардың жұқпалы және экзотикалық ауруларының әкелiнуi мен таралуын болдырмауды көздейтіндіктен заңнамалық түрде рәсімделіп, бекітілген. Мысалы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 29 маусымдағы (№ 7-1/587 бұйрық) «Ветеринариялық қағидалардың 2-параграфында» бруцеллез бойынша жүргізілетін ветеринариялық іс-шаралар тәртібі айқындалып, 1087 тармағында «шаруашылық жүргізуші субъектілерде жануарлар бруцеллезін уақтылы айқындау мақсатында жоспарлы түрде ірі қара малының аналығы физиологиялық жағдайына қарамастан – жылына екі рет,  4-6 айлық төлдер — жылына бір рет, аталық бұқалар — тоқсан сайын,  қалған ересек бас — жылына бір рет диагностикалық тексерістен өтуі тиіс» деп көрсетілген. Яғни, мал өсіріп отырған тұлға осы белгіленген талаптарға сай өз меншігіндегі сиырынан бруцеллезге тексеру үшін жылына 2 рет қан алдыруы тиіс. Ол сиырдың  буаз немесе арық-тұрақ болуы қан сынамасын алдырмауға сылтау болмайды, өйткені қағидада (заңнамада) «физиологиялық жағдайына қарамастан» деп жазулы тұр. Ал, егер мал иесі әртүрлі себептерді айтып, малынан қан алдырмаса, ол адам ветеринарлық талаптарды бұзушы болып табылады және заңда белгіленген жауапкершілікке тартылады. ҚР-ның «Ветеринария туралы»   Заңының  25-бабында жеке және заңды тұлғалардың  жануарлар ауруларының,  соның iшiнде  жануарлар мен адамға ортақ аурулардың алдын алу жөнiндегi мiндеттерi  нақтыланған.  Атап айтқанда, мал иелері:

1) ҚР ветеринария саласындағы заңдармен белгiленген жануарлар ауруларының алдын алуды қамтамасыз ететiн ветеринариялық және әкiмшiлiк-шаруашылық iс-шараларды жүзеге асыруға;

2) Жануарлардың ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) ережелер мен ветеринариялық нормативтерге сәйкес ұсталуын, өсiрiлуiн және пайдаланылуын жүзеге асыруға;

3) Ауыл шаруашылығы жануарларын бiрдейлендiрудi қамтамасыз етуге;

4) Жергілікті ветеринариялық ұйымдарға жаңадан сатып алынған жануарлары, алынған төл, малдарының сойылғаны мен өткізілгені туралы, бiрнеше жануар бiр мезгiлде ауырған немесе олар әдеттен тыс мiнез көрсеткен жағдайлар туралы хабарлауға;

5)  Өз жануарларына уақтылы вакцина егуге және олардың диагностикасын қамтамасыз етуге;

6)  Союдың алдында ветеринариялық тексеру жүргiзбей жануарларды өткiзу үшiн союды болдырмауға;

7) Ветеринария саласындағы мамандардың ветеринариялық іс-шаралар өткізу бойынша қызметтiк мiндеттерiн орындауы кезінде оларға жәрдем көрсетуге міндетті деп белгіленген.

Бұл міндеттер малы бар тұрғындарға ортақ. Ауласында 1 бас мал ұстап отырған адам да, 100-ден аса мал өсіретін ірі шаруашылық иесі де оны орындауы тиіс. Алайда, бұл талаптарға мойынсұнып отырғандар саусақпен санарлықтай. Мал иелері жергілікті ветеринарлық ұйымға (ауылдық округтердің ветеринарлық пункттеріне) сатып алынған малдары, алынған төл, сойылған мал мен оның өнімінің өткізілгені туралы тіптен хабарламайды. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы малдарынан алынған төл уақтылы бірдейлендіріліп, дерекқорға енгізілмейді немесе сойылғандары (тапсырылғандары) шығарылмай қалып қояды.  Сиыры, қойы іш тастағандар да малдәрігерге хабарламайды, оған мән де бермейді. Мұндай жағдайда міндетті түрде малдәрігеріне хабар беріліп, малды бөлектеуге тиіс. Іш тасталған төл зертханаға жіберіліп, бруцеллезге тексеріледі, қора-жай аумағы дезинфекцияланады. Егер бұл шаралар жасалмаса, іш тастаған малдың аса қауіпті адам мен малға ортақ жұқпалы ауру – бруцеллезбен ауыратын-ауырмайтындығы анықталмай қалады. Егер ол мал бруцеллезге шалдыққан болса, қоршаған ортаны, қора-жайды ластап, ауруды қасындағы басқа малдарға тарата береді. Ең қауіптісі ауру мал иесіне немесе малды күтуші адамға, ауру малдың сүті, басқа да өнімдері арқылы отбасы мүшелеріне  жұғуы мүмкін.

Жоғарыда келтірілген Заңмен белгіленген міндеттерді, басқа да ветеринарлық қағида, ережелер талаптарын орындамағаны үшін жеке және заңды тұлғаларға  ҚР-ның «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 406-шы «Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзу» бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған. Жануарларды асырау, өсiру және пайдалану кезінде ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидаларды, талаптарды және ветеринариялық нормативтерді сақтамағаны үшін жеке тұлғаларға 20 айлық есептiк көрсеткiш (45380 теңге), шаруа қожалықтарына 50 айлық есептiк көрсеткiш (113450 теңге) мөлшерiнде айыппұл салуға әкеліп соғады. Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін (айыппұл салынғаннан кейін) бір жыл ішінде осындай заң бұзушылық  қайталанған жағдайда айыппұл көлемі 2 есеге өседі. Аталған баптың 3 тармағына сай «Ветеринариялық іс-шараларды өткізбегені немесе тиісінше өткізбегені, сондай-ақ, оларды өткізу мерзімдерін бұзғаны» үшін жеке тұлғаларға  25  айлық есептiк көрсеткiш (56725 теңге), шаруа қожалықтарына 125 айлық есептiк көрсеткiш (283625 теңге) мөлшерiнде айыппұл, егер бір жыл ішінде заң бұзушылық қайталанған жағдайда айыппұл көлемі  2 есеге өседі.  Жергілікті ветеринариялық ұйымға  жаңадан сатып алынған мал, алынған төл, сойылғаны және өткізілгені туралы,  жануарлар қырылған, бiрнешеуі бiр мезгiлде ауырған немесе олар әдеттен тыс мiнез көрсеткен жағдайлар туралы хабарламау және ауру деп күдiк келтiрiлген кезде ветеринар мамандар келгенге дейiн жануарларды оқшаулап ұстау бойынша шаралар қолданбау – жеке тұлғаларға ескерту жасауға немесе 5 айлық есептік көрсеткіш (11345 теңге), шаруа қожалықтарына 25 АЕК (56725 теңге) мөлшеріндегі айыппұлға соқтырады. Мамандардың ветеринариялық іс-шаралар өткізу бойынша қызметтiк мiндеттерiн орындауы (малдан қан алу, егу) кезінде оларға жәрдем көрсетпеу – жеке тұлғаларға 11345 теңге, шаруа қожалықтарына 56725 теңге көлемінде айыппұлмен өтеледі. Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңдары бұзылған жағдайларда мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлар мен  мемлекеттік ветеринариялық дәрігерлердің  сотқа талап қоюға құқы бар.

Айналысқан кәсібің табысты болуы үшін еңбектенумен қатар білімді, сол саланы реттейтін заңдық нормаларды білу, жауапкершілікті сезіну қажет.  «Малы саудың – жаны сау» дегендей, малдың саулығы, одан алынатын ет, сүт өнімдерінің қауіпсіздігі, біріншіден,  мал иесі мен оның отбасының, қоғамдағы өзге тұтынушылардың қауіпсіздігі, екіншіден, мал өсірушінің қоғам мен мемлекет алдындағы жауапкершілігі. Ауданда жыл сайын аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы жүргізілетін жоспарлы диагностикалық тексеру және егу шараларының  да мақсаты осы – адам мен үй жануарларының денсаулығын  қорғау,  аудан  аумағында жұқпалы мал ауруларын болдырмау. Сондықтан ветеринариялық іс-шаралардың сапалы өткізілуіне және мал басын толық қамти отырып атқарылуына ең алдымен мал иелері мүдделі болуы тиіс. Мал өсірушілерді мал дәрігерлерімен бірлесе жұмыс істеуге шақырамыз.

Нұрқайыр ҚҰСАЙЫНОВ,

аудандық ветеринария бөлімі басшысы.