24.01.2017, 23:19
Қараулар: 286
Біз өткен өмір мектебі

Біз өткен өмір мектебі

Оқу бітірген соң өмір жолы біздерді сан тарапқа таратып әкетті. Мен сол кездегі Орал облыстық «Орал өңірі» газетінің редакциясына мамандығым бойынша жұмысқа кеттім, ал, сен болсаң Мәскеудің «Плехановка» аталатын (Плеханов атындағы Халық шаруашылығы институтын жұрт осылай атайтын) атақты оқу орнының аспирантурасына түстің.

Бұл қисынды іс еді, өйткені, сен әуел бастан-ақ ғылым үшін жаралған адам болатынсың. Практикалық экономикамен айналыса алатын мамандар көп, бірақ, оның іргелі, теориялық мәселелерін тереңнен қопарып, объективті заңдылықтарын практик экономистерге пістедей шағып ұғындыруға олардың барлығының бірдей өресі жете бермейді.

Иә, ғылым – сенің жолың болатын. Дұрыс таңдадың. Адаспай таптың. Ешқайда бұрылмастан тура жүрдің.

Плеханов атындағы институт сол кездегі беделі өте жоғары оқу орны болатын. Оның дипломына ие болған экономистердің білім деңгейі ел ішінде аса жоғары бағаланатын. Шынтуайтына келгенде, бұл институт Кеңес Одағының Кэмбриджі секілді еді. Сенің ғылым жолындағы бағыңды осы Плеханов институты ашқанына өз басым имандай сенем, өйткені, ғылым жолына түскен үміткер үшін осы бір киелі оқу орнының аурасын сезініп, ахуалымен тыныстаудың өзі неге тұрады!

Айтқандайын, Мәскеуде оқыған жылдарыңда сен, Өтеке, тура бар ғой,   Тұңғыш ғылыми еңбегіңді орыстың «ит етін жеген» экономистерінің жетекшілігімен ойдағыдай аяқтап шыққаның өз алдына, өзің секілді күні-түні шұқшиып, ғылым қуған іргелі физика маманы, өзіңді түсініп, өміріңе айнымас серік болатын, тушаның момақан қозысындай домаланған Бэла атты ай маңдай ару тауып оралдың.

Алғашта:

– Орыс жеріне оқуға кеткен Өтеғали сол жақта орыс қызына үйленіпті, -деген атүсті, асығыс хабар жеткені есте.

Алматыға, Орталық комсомол комитетіне жұмысқа ауысқан Карл Айталиев досыма телефон шалып бір сөйлескен тұста одан осының мән-жайын сұрағам.

– Қайдағы орыс?! Өзіміздің қаракөз қазақ қызы. Ғалым. Физик,-деп түсіндірген Карл Мұсаұлы. – Айтқандайын, сол Бэланың ғылыми еңбегі бір топ авторлар құрамында КСРО Мемлекеттік сыйлығына ұсынылып жатыр. Ғылым мен техника саласы бойынша алғашқы сұрыптаудан өтіпті. Қараша мерекесіне қарай орталық газеттерге көзіңді сала жүр.

Сол күннен бастап орталық газеттердің бетінен «Б.Ахметова» деген фамилияны аңдумен болдық. Күндердің күнінде КСРО Мемлекеттік сыйлығын беру туралы КСРО Үкіметінің қаулысы «Правда» газетінде жарқ етіп шыға келді. Лауреаттардың тізімінде өзіміз әлі көрмеген құрбымыз Бэла Ахметова да жүр. Сен үшін, сенің келіншегің үшін қуандық, қазақ үшін, қазақ ғылымы үшін қуандық.

Дәл сол кезде мені Алматы Жоғары партия мектебіне бір айлық курсқа оқуға жіберді де, Бэла құрбымыздың жетістігін аяқтай барып, құттықтаудың сәті түскені есте.

* * *

Құрметті Өтеғали!

Тағы да қайталап айтайын, сенің экономика деген ғылымыңа мен шорқақ адаммын. Сондықтан бұл салада сіңірген еңбегің мен тындырған істеріңді лайықты бағалай алмаймын. Әйтеуір, анық білетінім – көпшілік таныған ғалымсың. Шәкірттеріңді ұйытқан ұстазсың.

Дегенмен кейде сенің жаныңда жүріп, бір нәрсеге қатты таңғалатыным бар. Қағидасы қасаңдау тар саланың маманы бола тұра, сен көп нәрсеге әсершілсің. Сені тарих та, музыка да, поэзия да бірдей қызықтырады. Сен қазақ қоғамының қазіргі даму бағытына да немқұрайлы қарай алмайсың. Жақында өзіме сыйлаған «Азғыр-Нарын ажары» деген қалың кітабыңды оқып қарасам, Құдайым-ау, дерек жинастырған тарихшы болып кеткендейсің. Қаншама мағлұматтарды қиыстырып келтіргенсің, қаншама адамдардың есімдерін атағансың! Және де соның бәрін кітап етіп құрастырып, өз қаражатыңа басып шығарғансың. Өзі туған ауылының тарихын, оның адамдарын, өзі білім алған мектебінің тарихын әркім-ақ сендей жазсын!

Араға жыл салмай елге барасың. Алыста жүрсең де, кіндігің көзге көрінбейтін тіндер арқылы Азғыр деген алтын қазыққа байланып қалғандай. Жалықпай, жатпай-тұрмай дерек жинайсың. Оларды сұрыптайсың, қорытасың. Айтқандайын, өзің тұратын пәтеріңнің ат шаптырым айлапат балконы аннан-мыннан жинаған мұрағатқа толы. Осының бәріне уақытты қайдан табатыныңа қайранмын!

Әсіресе, өнер жағы сенің жүрегіңе үнемі қозғау салып, көңіліңді көбірек тербетіп тұратын секілді. «Өнер десе, ішер асын жерге қояды» дейтін өзге саланың бір адамы бар болса, ол сен болуың керек. Бір қызығы, сенің үйіңнің берекелі дастарханында қанша болсам да, әр сөзін санап сөйлейтін оқымысты ортадан гөрі, көбіне-көп көңіл-күйлері желді күнгі түндіктей желпілдеп тұратын өзіміздің өнер адамдарын жиі ұшыратам: бүкіл қазаққа мәлім сазгерлер Базарбай Жұманиязов пен Илья Жаханов, дәулескер күйшілер Тұяқ Шәмелов пен Шәміл Әбілтаев, аузынан өлең төгілген әлдебір ақындар мен әуесқой сазгерлер, әншілер. Кей-кейде «Бұлар Өтеғалидың үйінде неғып жүр?» деп таңғалатыным рас. Сөйтсем, сен өзің де мүлдем қаражаяу емес екенсің ғой. Ғылыми ізденістерден бір сәт жалығып кеткенде отыра қалып өлең жазатын болыпсың. Сонау жылдары, мен алғашқы ақындар айтысына қатысып жүргенде сол айтыстардың жай-жапсарларын қайта-қайта неге сұрай бергеніңді енді ұққандаймын. Біздің филология факультетінің ақын жігіттері, бес-алты адамның басы қосылған кез келген алқа топқа, қолдарын ербеңдетіп өлең оқитын жиындардан да қалмайтынсың. Сөйтсем, өлең дүниесіне әуел бастан қалай-солай қарай алмайды екенсің-ау.

Өлең дегеннен шығады, байқасаң қазір өлең жазатындар да көп. Басылып шығып жатқан өлең кітапшалары да аз емес. Әсіресе, біздің зейнеткер азаматтарымыз, қолынан келсін-келмесін, тіпті лайықты болсын-болмасын, мерейтойларға, туған күндерге арнап өлең «құрастыруды» дәстүрге айналдырып бара жатыр. Бүгінде «өлең өндірісіне» үш қайнаса сорпасы қосылмайтындар да – өлеңші.

Дегенмен, оларды да түсінуге болады. Бұрындары, қызмет істеп жүрген кездерінде жұмыстан қолдары тимеді. Қазір бәрі зейнетте. Қол бос. Көңіл бір нәрселерді жыр тілімен айтқысы келеді. Бойына біткен ақындық қасиеті болмаса да, соның ауанымен өздерінше өлең жаза бастайды. Жалпы алғанда, олардың бұл құлшыныстарын қолдамағанмен, түсінуге тырысу керек. Мысалы, өз басым сол «ақындардың» туындыларын көркем шығарма ретінде қабылдай алмасам да, бәріне кешіріммен қараймын.

Әйтсе де, өлең жазу – сенің экономикаңдағыдай есеп шығару емес, Өтеке! Жалпы өлеңшілік қазақтың бойына біткен қасиет қой. Десе де, мұның толып жатқан шарттары болады. Оның табиғаты мен ережелері мәселесімен сенің экономикаң секілді тұтас бір ғылым айналысады. Әдебиет теориясы деген.

Сен дұрыс түсін. Мен мұны сенің өлеңдерің турасында айтып отырғаным жоқ. Менікі – қазір жиілеп көріне бастаған бір әдет жайында ой бөлісу ғана. Сенің өлеңдерің, шын айтамын, тәп-тәуір. Өлшемдері дұрыс. Ұйқастары мығым. Ойы бар. Не нәрсені қолға алсаң да, ұқыпты істейтін адамсың ғой. Өлеңдерің де сондай ұқыптылықтың жемісі секілді. Сен кәсіпқой әдебиетші емессің, кәсіпқой ақынға қойылатын биік талапты саған да қою әділетті болмайды. Сенің өлеңшілік өнерің – ермек, хобби. Жаза бергін. Өлеңмен, өнермен дос болсаң, жүрегің әрдайым қозғалыста болады. Сезімің қалғымайды. Ғалым адам үшін бұл да керекті қасиеттер ғой.

Айтқандайын, осы өлең жазуға байланысты бір оқиғаны айтайын.

«Орал өңірі» газетінде жұмыс істеген алғашқы жылдары мен облыстық комсомол комитеті жанындағы қоғамдық жастар редакциясын басқардым. Осыған орай үлкен жиындарда сөйленетін құттықтау сөздер, өлеңмен, әнмен өрнектелетін құттықтаулар секілді құрметті ортаға арналған әдеби туындылар, негізінен мен арқылы өтетін.

Бір күні редакцияға сол кездегі облыстық комсомол комитетінің мектеп істері жөніндегі хатшысы Қашқынбай Оразғұлов деген ініміз келді. Мектепті орысша бітіргендіктен қазақшасы кемшін болатын. Бірақ ниеті түзу – ауызекі тілді былай қойғанда, жиналыстарда қазақша сөйлеп үйренгісі келіп құлшынып тұрады. Сөйленетін сөздің мәтінін дайындауға келгенде баяғы мені төңіректейді.

Облыстық партия конференциясына дайындық жүріп жатқан қарбалас күндер еді. Комсомолдың бір міндеті – пионерлердің партиялық форумды құттықтауын әзірлеу.

– Ғареке, пионерлердің құттықтауын алып келдім. Өлең мәтіні әр жерден жинақталған. Танысып, пікіріңізді айтсаңыз, -дейді Қашқынбай інім.

Алғашқы шумақтарын оқып көріп ем, онша емес екен.

– Өй, мынауың, шырағым, Базарғалидың өлеңі ғой, — дедім қалжыңдап. (Базарғали осы редакцияда бірге істейтін құрдас жігіт еді).

Әрі қарай оқып көрдім – онша емес.

– Мынауың да Базарғалидың өлеңі, -деймін баяғы Қашқынбайға.

Сол-ақ екен, хатшы інім шыр-пыр болды:

– Ой-бай, Ғареке, онда әрі қарай оқымай-ақ қойыңыз, бәрі де Базарғалидың өлеңі, өйткені бір кітаптан көшіргенбіз!

Дастархан басындағы бір мәжіліс үстінде осы әңгімені айтып ем, ертесіне сол мәжілісте бірге болған Баймұрат досым хабарласады:

– Сен тек күлме, жарай ма, кейінгі кезде мен де аздап өлең жазатын болғам, -дейді сыныптас досым. – Солардың бірнешеуін саған көрсетейін деп кеше қолтығыма қыстыра барып ем. Сен анадай әңгіме айтқан соң: «Мынауың да Базарғалидың өлеңі ғой!» деп жұрттың көзінше күлкіге айналдыра ма деп тартынып қалдым.

Баймұрат – өзің білесің, мал дәрігері. Үлкен қызметтер атқарған елге сыйлы адам. Міне, сол да зейнетке шыққан соң өлең жаза бастапты.

– Өлеңіңді көрсетуге ұялғаның – сөз қадірін білгенің, -деп басу айтып жатырмын.

* * *

Сонымен, құрдас, міне, біз де жетпістің жотасына шықтық. Биік белес. Аллаға шүкір деп айтайық, абыройлы жеттік. Қарттыққа тән қыңқыл-сыңқылды айтпағанда, әйтеуір, деніміз сау. Отбасы орнында. Балалар кетті бір-бір отау болып өз алдарына. Енді немерелер легі жетіліп келе жатыр.

Айтқандайын, перзент демекші, жақында орталық газеттердің бірінен сенің отбасыңа қатысты жақсы бір жаңалық оқығаным бар – қызың Назгүл Презиндент стипендиясына ие болыпты. Көп адамның ішінен қызымыздың аты-жөнін оқып қуанып қалдым. Бэла екеуіңнің жолдарыңды қуып, ғылым саласында табанды ізденіс танытып келе жатқан Назгүл қызымыздың ізденіс-жетістіктерінен бұрын да хабардар едік. Сирек зерттелген бірегей тақырыпты жас ғалым әлденеше жылдар бойы үңіле талдап, соның нәтижесінде докторлық диссертациясын үлкен табыспен қорғап шыққанын, тіпті, дүркіретіп «жуғанбыз» да. Енді, міне, сол ғалым қызымыздың зерттеу тақырыбы тура Елбасы тарапынан қаржылай қолдау тауыпты! Құтты болсын!

Әлгі, ұрпақтар сабақтастығы деген осы ғой!

Шынымды айтсам, сенің тірлігіңе ұдайы қызыға қараймын, құрдас: жасың келгеніне қарамастан үнемі іс үстіндесің, тіршілік-тәртібің – құдды құлағын қатты бұрап қойған сағат секілді. Барлық жұмысың алдын ала ойластырылып, жоспарланып қойылғандай. Сол жоспарыңнан бір елі ауытқымайсың. Біз, міне, ел жаққа, ағайын-туғандарға әне барымыз, міне барамыз деп солқылдап-былқылдап жүргенде, сен болсаң осы соңғы жылдардың өзінде Нарынға бір емес, екі рет барып қайттың. Тектен тек қонақ боп, бас ұстап, жанбас мүжіп қайту үшін емес, әрине. Үлкен-үлкен, маңызды шаруалар тындырып, көптеген шараларға қатысып келдің. Анау Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы бір кездері өзің оқыған Азғыр орта мектебінің 80 жылдық тойына қатысып, Қанішкен-Дыңғызыл-Қошалақ-Үштаған-Асан-Сүйіндік-Балқұдық бағытымен сапар шеккеніңді, кімдермен кездескеніңді, ел ішінде нендей өзгерістер көргеніңді, көп нәрсеге қуанып, қайсыбір «әттеген-айларға» қиналып қайтқаныңды – бәр-бәрін таңды таңға ұрып әңгімелеуге әзірсің. Айтқандайын, сол жолы Құрманғазы ауданының мәслихаты өзіңе «Ауданның құрметті азаматы» деген құрметті атақ сыйлапты. Туған жерінің атын шығарып, көшелі істер тындырған перзетіне ел құрметі деген – осы!

Арада жыл өтпей жатып, Бөкей Ордасын аралап қайттың.

Иә, құрдас, сенің тірлігің қайткенде де көпке үлгі, соның ішінде осындай істерде әманда құлықсыздық танытып жүретін біз секілді «қырсыз» жолдастарыңа үлгі.

Қазір сен еңбегін ел бағалаған абыройлы азаматсың. «Құрмет» орденінің иегерісің. Атырау және Қызылорда мемлекеттік университеттерінің, тағы да бірқатар жоғарғы оқу орындарының құрметті профессорысың.

Біздер бір жылдың – қоян жылының төліміз. Әдетте, жұрт бұл жылды ауыр жыл санайды. Қоян жылының төлі шынжау бола алмайды. Шынжауы өледі де, шыныққандары ғана қалады. Табиғи сұрыптаудың қатал заңы осындай. Бұл жылдың тегеурініне мықтылардың мықтысы ғана төтеп бере алады.

Әдетте, қоян жылының қысы қаншалықты қатты болса, есесіне жазы – соншалықты берекелі: шөбі – шүйгін, егіні – өнік, малы – төлді. Былайша айтқанда, басы – қатты, аяғы – тәтті. Бағамдап қарап отырсақ, біздің ғұмырымыз да осыған ұқсас па, қалай өзі?

…Біраз оқиғаларды еске алдым. Сенің сағынышыңды бассам ба деп отырып, сол бір алыс қалған күндерді өзімнің де қатты сағынып қалғанымды енді сезінгендеймін. Рас, жылдардың бәрі бірдей жеңістер мен жетістіктерден тұрмағаны белгілі. Қиындықтар да көп болды ғой. Бірақ, сол қиындықтардың қазір бәрі ұмыт. Жадымызда тек жақсы күндер ғана қалған.

Кешірім ет, Өтеке, сен жайында жазып отырып, әңгімеге өзімді де шамадан тыс тықпалап жіберсем, бұл саналы түрде істелген іс емес деп ұғын. Өзің куәсі болған оқиғалар жайында әңгімелеген соң, өзіңді қайда қоярсың. Ал, өзің куәсі болмаған оқиғалар жайында айтсаң, ол жалған болады.

«Аман-есен барсың ба?» дегендей бір-бірімізге аптасына бір дүркін телефон шалып қоямыз. Қайткенде де аралас-құраластық үзілген жоқ. Соған шүкір. Есейген шағыңда жастығыңның куәсі болған адамдардың жаныңда жүргені де бір ғанибет екен.

Алда да бірге жүруге, бірге болуға жазсын, құрдас!

Ғарифолла КӨШЕНОВ.

Суреттерде: академик Ө.Шеденов; ғалымның еңбектері; Азғырдың бүгінгі кейпі.